Теннистен Қазақстанның 16 жасқа дейін жасөспірім қыздар құрамасы алғаш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама жеңіп алды.
Шымкентте өтіп жатқан теннистен Билли Джин Кинг кубогі аясындағы Азия/Тынық мұхиты аймағы бойынша іріктеу кезеңінің жартылай финалында еліміздің құрамасы осы турнирдің бес дүркін жеңімпазы – Аустралия құрамасын тізе бүктіріп, ел теннисі тарихында тұңғыш рет жасөспірім қыздар арасындағы әлем чемпионатының негізгі кезеңіне жолдама алды.
Жартылай финалдың алғашқы матчында Қазақстан құрамасы сапынан Ариана Гогулина өнер көрсетіп, жерлестерімізді есепте алға шығарды. Ол 3 сағатқа жалғасқан тартысты ойында 7:5 3:6, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Ал екінші ойында кортқа шыққан Полина Слепцова қарсыласын 7:5, 6:4 есебімен тізе бүктіріп, тарихи жеңіске қол жеткізді. Ярослава Шведова шәкірттері бүгін іріктеу жарысының финалында Жапония немесе Оңтүстік Корея командасымен бас жүлдені сарапқа салады.