Футболдан Италия чемпионатының 33-тур ойындарынан кейін «Наполи» клубы 33 жылғы үзілістен соң үшінші мәрте «А» сериясының жеңімпазы атанды. Аталған команда бұған дейін де екі мәрте чемпион атанған болатын.
33-турдың орталық ойынында «Наполи» сырт алаңда жергілікті «Удинезе» клубымен тең ойнап (1:1), Италия «А» сериясында мерзімінен бұрын чемпион атанды. Турнир кестесінде екінші орында келе жатқан «Лацио» (64) қалған бес турдың барлығында жеңіске жетсе де, енді «Наполиге» жете алмайды.
Осылайша, неапольдықтар 33 жылдық үзілістен кейін алғаш рет Италия чемпиондығына қол жеткізіп отыр. Бұл – олардың үшінші скудеттосы. «Наполи» бұған дейін 1987 және 1990 жылдары футбол аңызы Диего Марадонаның кезеңінде бас жүлдені иеленген болатын. Бір айта кетерлігі, «Наполидің» 64 жастағы бас жаттықтырушысы Лучано Спалетти бапкерлік карьерасында алғаш рет Италия чемпионы атанды.