Соғыс туралы өлеңдердің ішінен Сырбай Мәуленовтің жырларын ұнатып оқысам да, алдымнан Қасым Аманжолов шыға береді. Сұрапыл жылдардың рухын сезінгің келсе, бәлкім сәп-пәл жақындағыңыз келсе, Қасым мен Сырбайды қатар оқу керек шығар деп білемін.
Бұл ақындар ұрыс даласынан репортаж берді. Жан-жүрегінен өткеріп, қан тамшылап тұрған өлімнің өзін өр рухпен жырлады. Соншама қанды қырғынды келістіріп жырлаудың өзіне ерлік керек қой. Адам баласының басы денесінен бөлініп домалап бара жатқанның өзін өрнектеп беру үшін жүрегіңнің түгі болмаса, білмеймін. Жасып, шошып, қашып кетуі керек еді. Қанды көрген, қан тамшылап дірдектеп барып өлген жанды көрген ақын. Бұлардың кеудесіндегі рухқа қайран қаласыз. Ақынның жүрегі – батырдың мінезі көрінеді. Олай дейтініміз, соғыста дірдектеп жатқан денеге зеңбірек оғы түскенде парша-паршасы шығып, шашырап кеткенін аянышпен жазған батыс авторларын білеміз. Мұндай сұмдықтарды майдандағы қазақ ақындары көрмеді дейсіз бе? Көргенде қандай?!
«Қасиет күші ұлы Отанның,
Қанатын бер қыран құстың,
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың!
Күллі әлемнің ашу-кегі
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да жарыл жүрек!»
деп жазды. Автоматта атар оғы таусылғанда жау танкісінің астына гранатымен қоса түсіп жарып жіберген Абдолланың ерлігін жырлады Қасым. Қайсыбір батыс жазушылары мұндай оқиғаларды аянышты әсермен суреттегені есімізде. «Шашылып жатқан еттерін окоп қабырғаларынан қасықпен қырып алдық» дегендей сөйлемдер есімде қалыпты. Ұмытпасам, Эрих Ремаркта болуы керек.
Қателеспесем, басы денесінен бөлініп түскенде немесе өліп бара жатқанда аяқтары тыпырлап қалған жан иесінің азабынан түршіккенін Толстой да жазып, қатты қапаланады. Мұны адамзатқа тән әрекетке мүлде сыйдыра алмадым деген сыңайда ой айтады. Әрине, Толстой бұл жерде соғысты жазып отырған жоқ. Соғыс я басқа болсын, қырып-жою мен қантөгістің аты қантөгіс қой. Сонда қалай болғаны? Қасымның өзі айтпақшы:
«Өмір гүлін жаншып, таптап,
Шаштан сүйреп махаббатты,
Жерімізде жындай қаптап,
Найзаға іліп ар-ұятты –
Келе жатты сұм жендеттер,
Жиіркеніп, жиырылды жер»,
болып жатса да ерлікті жырлаған қазақ ақындары қатыгез болғаны ма деген сұрақ көлденеңдейді. Жоқ, әрине. Бұлай етпесе, ол ақындардан кейінгі ұрпақ құрдымға кетер еді ғой. Бұл сұрақтың жауабын Сырбай өлеңдерінен табамыз:
«Өлтірмек болды ұлымды,
Дүниеге әлі келмеген.
Өлтірмек болды жырымды,
Линотипистер термеген».
Бұдан артық не деуге болады?
Тіршілікте адамның өзін оятудан асқан күш жоқ екені айтылады. Рух көтеру! Қазақтар аруақ шақыру деп те айта береді. Соғысқа бір қолын беріп келген Сырбай Қасым жаза алмай кеткен сұмдықтар мен қасіреттерді жырлады.
«Кетерде солдат жарының,
Ішінде қалған ана жыл.
Көкемді айтпай танырмын
Деп бір сәби бала жүр.
Қайрылмай қалай кетерсің,
Хабарсыз қалай ол тоқтар.
Көрдің бе оның көкесін,
Соғыстан қайтқан солдаттар».
Кетіп бір қиналған солдат келіп екінші қиналамын деп ойлады ма екен?
Өтежан Нұрғалиев айтпақшы, «Соғыс» дейтін сөзді түсін... түсінбе, Талай бомбы жатты істеген ісінде» деп қазір әдебиеттен ғана парықтай аламыз.