Түркістан облысынан Екінші дүниежүзілік соғысқа 140 мыңнан астам азамат аттанып, оның 70 мыңы елге оралған. Биылғы 25 сәуірдегі жағдай бойынша 4438 адам соғыс ардагерлері мен оған теңестірілгендер есебінде. Оның ішінде Екінші дүниежүзілік соғыстың 14 ардагері бар.
Облыс басшылығы әрбір ардагердің үйінде болып, мерекемен құттықтады. Өңірдегі ардагерлердің ең жасы үлкені 102-де. Екінші дүниежүзілік соғыстың Төлеби ауданындағы жалғыз куәгері 102 жастағы Рысмет Жұмағұлов Леңгір қаласында дүниеге келген. Қара жұмысқа ерте араласып, Георгиевка ұжымшарында еңбек еткен. Қан майданға 1942-1943 жылдары қатысып, Сталинградты қорғаушылар қатарында болған. Ал 1945-1974 жылдар аралығында күзет бөлімінде қарауыл және қосалқы шаруашылықта жұмысшы болған. Фосфор зауытында зейнеткерлікке шыққанша еңбек еткен Рысмет Жұмағұлов «Отан соғысы» орденімен, «Г.К.Жуков» мерекелік медалімен марапатталған. Рысмет қарияның замандасы 101 жастағы Немет Абдрасилов 1-гвардиялық артиллериялық дивизия құрамында нысанашы, зеңбірек командирі болды. Сталинград, Курск, Украина, Белоруссия, Польша қалаларын азат етуге қатысқан. Рейхстагқа шабуыл жасау кезіндегі ерлігі мен батырлығы үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Сондай-ақ ол «Қызыл Жұлдыз», І дәрежелі «Даңқ», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және басқа да 24 медальмен марапатталған. Соғыс аяқталған соң Түркістан қалалық милициясында және Түркістан қаласының автобазасында жүргізуші болып жұмыс істеді. Ардагер 5 ұл, 1 қыз, 20 немере мен 18 шөбере тәрбиелеп өсірді.
Жалпы, облыста 4438 ардагерге Жеңіс мерекесінің құрметіне бір реттік материалдық көмек төлеу үшін аудандық, қалалық бюджет есебінен 175,5 млн теңге бөлінген. Соғыс ардагерлеріне 1,5 млн теңгеден үлестірілсе, 4400-ден астам тыл еңбеккерлері мен қаза болған жауынгердің жесірлеріне және басқа да санаттардағы ардагерлерге қаржылай көмек қарастырылған.
Түркістан облысы