Сұрапыл жылдардың қойнауында қалған біз білмейтін естелік әлі көп. Қаттаулы тарих шежіресінде Екінші дүниежүзілік соғыс атауымен қалған бұл жылдарда қаншама қазақтың ерлік өнегесі шаң басып жатыр десеңізші? Солардың бірі – Мұхамедқали Оразалыұлының майдангерлік жолы.
Дүниені дүр сілкіндірген осынау дүрбелең соғыстың зардабын миллиондаған халық тартты. Ержүрек батырлар майданда ерліктің сан үлгісін көрсетті. Отты кезеңнің теперішін көрген Мұхамедқали Оразалыұлы туралы бізге оның інісі Әлжаппар Оразалин әңгімелеп берген еді.
– 1939 жылдың қыркүйегінде соғысқа аттанған ағам жеті жыл ғұмырын майдан даласында өткізді. Бірінші фин соғысына қатысады. Қайрат-күші бойына сыймаған жас жігіттермен бірге атақты Маннергейм бекінісін алудағы қырғын шайқасқа қатысты. 1940 жылы 7 қаңтарда Карель мойнағында К.Тимошенконың басқаруымен солтүстік-батыс майданы құрылды. Ағам солардың қатарында болған. Сөйтіп, қанды қырғынмен Финляндия соғысы 1940 жылы 12 наурызда аяқталады. Финдермен шайқаста шыңдалған жауынгердің майдан жолы неміс фашистеріне қарсы майданда жалғасады. Ол майданда жау қолынан бірнеше рет жараланып, даланың әскери госпитальдарында емделіп, өз әскери бөлімшесіне қайта оралып отырған. Біресе шегініп, біресе шабуылды үдете түсіп, соғыс жүргізген. 1943 жылдың 23 қарашасында майдангер 1 Прибалтика майданында болған. Жаумен айқасы 1945 жылы 9 сәуірде Кенигсберг жанында аяқталған. Сұрапыл соғысқа бастан-аяқ қатысып, оқ пен оттың ортасында жүрген қайсар жандардың бірі еді. Ол өзінің тар жол тайғақ кешкен саналы ғұмырында кейінгі ұрпаққа мағыналы өмір сүрудің үлгісін көрсете білді. Орден-медальдармен марапатталған Мұхамедқали аға қайсар жанның бірі еді, – деп еске алады інісі.
Сұхбат барысында Әлжаппар Оразалин тағы бір тың деректі айтып қалды. Оның айтуынша, Мұхамедқали Оразалыұлы майданға аттанбас бұрын Дінмұхамед Қонаевтың екі жылдай жеке жүргізушісі болыпты.
– Ағамның жас кезінде жеңгелері қойған аты – Қойлыбай. Содан Қойлыбай аталып кеткен. 16 жасқа толғанда екі жылдай теміржол бойында жұмыс істейді. 1936 жылы Балқаш қаласында ашылған қысқа мерзімді көлік жүргізушілер даярлайтын курсты аяқтай сала, Қоңырат кенішінде автогараж слесары болып қызмет еткен. Кейін бір жылдан соң адамдарды жұмыс басына апарып-алып келетін автобусты жүргізген. 1937 жылдың аяғынан 1939 жылдың қыркүйек айының соңына дейін Дінмұхамед Қонаевтың қызмет жағдайында пайдаланатын жеңіл көлігінің жүргізушісі болған. Димаш аға Қоңырат кенішіне 1936 жылы келіпті. Келген бетте машинист, цех бастығы, одан кейін бас инженер қызметін атқарады. Кейіннен кен орнының директоры болып тағайындалады. Мұхамедқали ағамның айтуынша, Дінмұхамед Қонаев – жүріс-тұрысы, мінезінің сабырлылығы, қарапайымдылығы, әр нәрсеге ойлы көзбен қарай отырып, түйінін бір ауыз сөзбен шешуі, жалпы адамшылық қасиеттерінің бәрі бір бойына жинақталған жан болған. Тіпті кеңсесіне барғаннан кейін «Сәл демала тұр» деп кей уақыттары цехтарды жаяу аралап кетеді екен. Демалыс күндерін де жұмыста өткізген. Сол кездегі елдегі ауыр жағдайына байланысты көңіл көтеруге де, дем алуға да уақыты жоқ-тын. Тек ұзақ жол үстінде өткен өмір жолын әңгімелеп, арасында сұрақ қойып отыратын. Ағамның шыңғыстаулық екенін білгеннен кейін «Сен маған ұлы нағашы болдың. Біздің арғы аталарымыз бір жағдайға байланысты Аягөзге, одан кейін Шыңғыстау бойына көшіп келіпті. Осында үшінші атам тобықтының қызына үйленеді. Біз содан тараған ұрпақпыз. Кейіннен өздерінің туған жеріне Іле бойына көшкен. Сенен қырық серке сұрамай-ақ қойдым, көлігіңді жақсы жүргізсең болғаны», деп те қалжыңдасатын. Тағы бір әңгімесінде «Әркім өзі таңдаған мамандығын жоғары-төмен деп қарамай еркін меңгерсе, сол мамандық бойынша беріле жұмыс істесе, еңбегі жанады. Сен де қарапайым жүргізушімін демей, бір мамандықтың иесімін деп есептеп, сол тұрғыда жұмыс істе», дейтін. Ағам Димекеңнің жоғарыдан келетін нұсқауларды, жоспарды мүлтіксіз орындап, жұмысшы қауымының ұйымшылдығы мен еңбек тәртібінің қатаң сақтағанын айтып отыратын. Ол кісі мемлекеттің дүние-мүлкін өз меншігіндей көріп сақтады деп ағам ұлы тұлғаның ұлылығын да үлгі етіп отырушы еді, – деді ол.
Тіпті әскерге ақ тілегін айтып, аттандырған көрінеді. Соғыс бітіп елге оралғаннан кейін, қалыпты өмірге қайта енген Мұхамедқали Оразалыұлы 1973 жылдың мамыр айының басында Дінмұхамед Қонаевтың Абай ауданына келетінін естіп, оны елмен бірге қарсы алып, бетпе-бет жолығыпты.
– Аудан, кеңшар басшылары және аудан халқы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Димаш Ахметұлының келуіне қатты дайындалыпты. Жол бойына бірнеше жерге киіз үй тігіп, ішін ұлттық жиһаздарға толтырып қойған. Мұхамедқали ағай аудан басшыларына өзінің соғыстан бұрын, Д.Қонаевпен кен орындарында жұмыс істегенін айтып, сол кездегі аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Бәтташ Сыдықовтан кездестіруін өтінеді. Димаш Ахметұлы аудан жұртшылығымен Мәдениет үйінде кездесу жасаған соң, жолығудың сәті түскен. Бәтташ Сыдықов оған 1938-1939 жылы Қоңырат кен орнында көліктің жанында түскен фотосуретін көрсетіп, мына азамат сізге сәлем берем деп күтіп отыр деген. Фотосуретті ала салып, ол Мұхамедқали ағам отырған ауызғы бөлмеге келіп «Қоңыраттағы менің көлік жүргізушім екенсің ғой» деп алдымен қолын алып, төс қағыстырып, сол жерде отырып әңгімелескен. Сонда Димаш Ахметұлы «Алматыға кел, қалған әңгімеңізді сонда жалғастырайық» депті. Бірақ жылдар өтіп, денсаулығы сыр берген соң, баруға жолы түспепті, – деп Әлжаппар Оразалин әңгімесін түйіндеді.
Бүгінгі бейбіт күн, болашағы жарқын ел – бабалардың ең асыл мұрасы. Ал Отан үшін қасық қаны қалғанша соғысқан жандардың есімі мәңгі ел есінде.