• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Саясат 08 Мамыр, 2023

Шаруалар мәселесі шетте қалмайды

308 рет
көрсетілді

Жетісуға жұмыс сапарымен Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары келді. Оларға қызылша егетін шаруалар тұқымға берілер субсидияның аз екенін әрі ауылдарда да кіші фермерлер одағын құру керектігін айтып, көкейде жүрген басқа да мәселелерін ортаға салды.

Әуелі сенаторлар Талды­қорған қаласындағы Салтанат сарайында аграрлық-өнеркәсіптік кешені өкілдерімен кездесу өткізді. Оған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев және аймақ­тағы ауыл шаруашылығы саласы­на жауапты лауазымды тұлға­лар мен кәсіп­керлер, тағы басқалары қатысты. Алдымен көшпелі отырыста аграрлық мәсе­лелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев сөз сөйледі.

– Мемлекетіміздің экономи­касы мен халқымыздың әлеу­мет­тік жағдайы үшін ауыл шаруа­шылығы саласының маңызы өте зор. Себебі, ауыл шаруашылығы еліміз үшін  экономиканың негізгі басым бағыты, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігінің басты кепілі, əлеуметтiк жағынан да ерекше маңызға ие. Ауыл – қазақ елінің жүрегі, халқымыздың құт мекені, қайнар көзі, алтын бесігі. Сондықтан да мемлекетіміздің алға қойған аса негізгі мәселе­лері­нің бірі – ауылдық аумақ­тарды дамыту. Сондықтан кезде­су­дің басты мақсаты – аталған салалардағы өзекті мәселелерді ашық талқылап, шешу жолдарын қарастыру, – деді Ә.Бектаев.

Сондай-ақ ол республикадағы 6 295 ауылды елді мекендегі 7,5 млн ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсарту, тұрғын­дардың әл-ауқатын арттыру бү­гінде стратегиялық маңыз­ды мі­ндет екенін, ауылды өркен­детпей, мемлекеттің дамы­май­тынын, Жетісу облысында 2027 жылға дейін жалпы құны 46 млрд теңгенің 55 инвести­циялық жобасын іске асы­ру жоспарланғанын, алдағы 3 жыл­да қант қызылшасының егіс­тігін 15 мың гектарға дейін жеткізу көзделіп отырғанын сөз етті.

Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынып жатыр. Мақсат – ауылдық жерлердегі халық­тың табысын арттыру. Яғни ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға мерзімі 7 жылға дейін жеңілдетілген па­йыз­дық мөлшері 2,5% аспайтын несие ала алады. Сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Биылға қанатқақты жобаны кеңейту үшін 11 мыңнан аса шағын несие беру жоспарымен 52,4 млрд теңге, оның ішінде Жетісу өңіріне 400-ге жуық шағын несие беру үшін 1,5 млрд теңге қарастырылған.

Өз кезегінде Бейбіт Исабаев аймақта ауыл шаруашылығы саласын өркендету, «Ауыл ел бесігі» жобасын іске асыру, қант қызылшасын дамыту, Ақсу, Көксу қант зауыттарының жұмысын жандандыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндірістерді өркендету және субсидиялау бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен бірге аймақта мемлекеттің қолдауын тиімді пайдаланып, 2027 жылға дейін жал­пы құны 46 млрд теңгеге 55 инвес­тициялық жобаны іске асыру көзделіп отырғанын, ауыл­дық­тарды жайылымдық жермен қам­тамасыз етуде орын алған проб­лемалардың бар екенін, бұл мәсе­лені шешу айрықша назарда болатынын және осы бойынша жүріп жатқан жұмыстардың аз еместігін алға тартып, шаруалармен кездесу өткізіп, аймақтағы проблемалар мен олардың жайын білуге келген депутаттарға ал­ғы­сын жеткізіп, істеріне сәттілік тіледі.

Бұдан соң «ҚФҚ» Жетісу облысы бойынша филиалының төрағасы Асқар Шәріпов, облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев, «Хильниченко и К» сенім серіктестігі, басқа да шаруашылық иелері сөз сөй­леп, ауыл шаруашылығы сала­сындағы қордаланған мәсе­лелерді тілге тиек етіп, оң ше­шімін табу жолдарын қарас­тыр­ды. Көкейдегі ойларымен бө­ліскен шаруашылық ие­лері бүгінде жайылымдық жер­дің жетіспеушілігі мал шаруа­шылығын өркен­дету­ге айтар­лықтай кері әсерін ти­гізіп отыр­ғаны, су шаруа­шылы­ғын­дағы инфрақұрылымды дамыту мен тапшылығын болдыр­мау кезек күттірмейтін мәселе­лер­дің бірі екені, минералды тыңайтқыштар мен ауыл шаруа­шылығы техни­каларының басым бөлігінің тозы­ғы жеткені және оның ути­ли­зац­иялық алымы, ауылды жер­лердегі маман тапшылығы мен балық шаруа­шылығы бойынша кездесетін түйткілді мәселелерді көтерді.

Жиын соңында Әли Бектаев: «Осы айтылғандардың маз­мұны өте ауқымды әрі маңыз­ды. Көтерген ой-пікірлері­ңіз­ді Үкі­метке жолданатын ұсы­нымдар­ға қосамыз. Кездесуге қолдау көрсеткен облыс әкіміне шын жү­рек­тен алғыс айтамыз. Ауыл­­дық аумақтарды дамыту, со­ның ішінде аграрлық саланы өркен­дету, ауыл тұрғындары­ның табысын арттыру, азық-түлік тауар­ларымен өзімізді толық қам­та­масыз ету, ауылдың инфра­құ­ры­лымын жақсарту жолын­дағы орасан зор қажырлы еңбектеріңізге толағай табыстар тілейміз», деді.

Бұдан соң депутаттар Ескелді ауданындағы суару жүйелерінің құрылыс жұмыстарын көріп, «Қазсушар» республикалық мем­лекеттік кәсіпорнының Алматы филиалының мамандарымен кездесті. Аталған филиалдың бас инженері Аслан Жұмағалиұлының айтуынша, өңірде суармалы жүйелерін қай­та жаңғырту жұмыстары 2018 жылы басталған. Жал­пы, механикалақ тазалу 2054 ша­қы­рымға жүргізіліп, темір-бе­тонмен қапталған су арна­лары­ның 11,6 шақырымы жа­салған. Су шаруашылығы құры­лым­дары­ның басым бөлігі жөндеу­ден өткен. Осындай ілкімді істер­дің арқасында 4 262 гектар жерге су жеткізу қызметі жақсарған.

Сондай-ақ аталған аудандағы Қаратал өзеніндегі су бөгетін қайта жаңғырту биылдан бастап 2026 жылға дейін жалғасатыны белгілі болды. Құрылыс құны 417 миллион теңгені құрай­ды. Осындай іргелі істердің нәтижесінде Талдықорған қаласы мен Ескелді ауданындағы 10 348 гектар жер сумен қамтамасыз етілмек. Су шаруашылығы мамандарымен кездескен депутаттар да ойларымен бөлісіп, бұл бағыттағы жұмыс назарда болатынын жеткізді.

Сенаторлар алқаптағы кездесуден кейін Жаркент қаласындағы жүгері дәнін өңдейтін «Крахмал-сірне» зауытының өндірістің қуатымен танысты. Қонақтарға өндіріс орнының жұмыс жүйесін Сенат депутаты, осы зауыттың құрылтайшысы З.Кузиевтің өзі таныстырды. Зауыт жыл сайын жергілікті шаруалардан 60 мың тоннаға дейін жүгері дәнін қабылдап, терең өңдеуден өткізеді. Мұнда тек жүгері дәнінен өндірілетін 28 түрлі өндірістік және азықтық өнім отандық кәсіпорындарға сатылады және шетелге экспортталады. Одан соң депутаттар «Универсал» Жаркент полипропилен зауытын» аралап, сыйымдылығы әртүрлі қап тігетін зауыттың өндірістік қуатымен танысты.

Түстен кейін Нұркент орта мектебінде халықпен кездескен сенаторлар Жаркент шекара жасағының қызметімен танысты. Астаналық қонақтарға шекара басқармасының бастығы, подполковник Берік Бұзаушиев баян­дама жасап, әскери мекеменің жұмысын түсіндірді. Одан соң биыл наурыз айында басталған «С­арыөзек – Көктал – Жаркент» ав­то­­жо­лының құрылысын көріп, жұ­­­мыс барысынан ақпарат ал­ды.

 

Жетісу облысы