• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Бокс 11 Мамыр, 2023

Жеті боксшы – ширек финалға шықты

206 рет
көрсетілді

Ташкентте өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының іріктеу сайыстары өз мәресіне жетіп, жүлделі орындарға ие болған боксшылардың есімдері анықтала бастады. Кеше іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өтіп, мықтылығымен дараланған дүние жүзінің дүлдүл былғары қолғап шеберлері ширек финалдық жекпе-жектерін өткізіп, жартылай финалдың жолдамаларын сарапқа салды. Олардың қатарында Қазақстан құрамасының жеті боксшысы да бар екенін айта кеткен жөн.

Іріктеу сайыстарының соң­ғы күніндегі жекпе-жектер­ге тоқ­талар болсақ, әлем бірін­шілі­гінің тоғызыншы күні Таш­кент төрінде керілген рингке бес боксшымыз көтеріліп, соның төртеуі ширек финалға жолдама алды. Тек 75 кг салмақта сынға түскен ел чемпионы Нұрқанат Райыс қана жанкүйерлердің сенімін ақтай алмай, бразилиялық Вандерлей Перейрадан жеңіліп қалды.

Күндізгі сессияға жоспар­ланған жекпе-жек кешін Қа­зақстан құрамасы сапынан ұлттық құраманың капитаны, 2022 жылғы Азия чемпио­ны, 2018 жылы Жакартада өткен Азия ойындарының күміс жүлдегері Асланбек Шымбергенов (71 кг) сәтті бастап берді. Бұл ке­зеңде отандасымыз Ресейде туған 25 жастағы израильдік Ми­­рослав Капулер-Ищенкомен жұдырықтасып, төрешілердің бір­ауыздан қабылдаған шешімі­мен жеңіске жетті. Сондай-ақ Шымбергенов қарсыласын бір рет есеңгіретіп, нокдаунға да түсірді.

Асланбектің ізін ала шаршы алаңға жастар арасындағы әлем чемпионы Нұрбек Оралбай (80 кг) көтеріліп, осыдан екі жыл бұрынғы жетістігін қайталады. Сербиядағы әлем чемпионатының ширек финалына дейін жеткен отандасымыз 1/8 финалда түркиялық Каан Айкутсунды же­ңіп, бұл жолы да сол межеден көрінді.

Ал кешкі сессияда бақ сы­наған Махмұд Сабырхан (54 кг) мен Дулат Бекбауов (67 кг) та жігіттердің жеңісті жолын жал­ғастырып, әлем чем­пио­натының ширек финалына шықты. Сербиядағы əлем чем­пионатының күміс жүлдегері М.Сабырхан 1/8 финалда 2016 жылы жастар арасында əлем чемпионы атанған алғашқы үн­дістандық боксшы Сачинді жарыс жолынан ығыстырса, сол күн­гі қазақ-үнді боксшыларының екінші жекпе-жегінде де Дулат Бекбауовтың мерейі үстем болды. Отандасымыз алғашқы раундта Акаш Акашқа есе жібергенімен, кейінгі екі раундта қарсыласынан жеңісті жұлып алды. Осылайша, кеше жеті боксшымыз ширек финалда жұдырықтасты. Осыған дейін Санжар Тәшкенбай, Серік Теміржанов пен Қамшыбек Қоң­қабаев ширек финалға шыққан болатын.

Жалпы, ширек финалға Куба құрамасынан – 12, Өзбекстаннан – 11, Ресейден – 8, Қазақстаннан – 7, Испаниядан – 6, Франция мен Грузиядан – 5, Иордания, Тәжікстан, Болгариядан – 4, Қырғызстан, Үндістан, Бразилия, Армениядан – 3, Жапония, Венесуэла, Таиланд, Моңғолия, Қытай, Әзербайжан, Замбия, Мексикадан – 2 және Тайвань, Шотландия, Аустралия, Хорватия, Мажарстан, Беларусь, Колумбия, Гана, Италия, Аустриядан бір-бір боксшыдан жолдама алды.

Кешегі жартылай финалда Санжар Тәшкенбай (48 кг) жапониялық Казума Аратакемен, Махмұд Сабырхан (54 кг) ганалық Амаду Мохаммедпен, Серік Теміржанов (57 кг) кубалық Сайдель Хортамен, Дулат Бек­бауов (67 кг) мексикалық Ми­гель Мартинеспен, Асланбек Шым­бергенов (71 кг) франциялық Макан Траоремен, Нұрбек Орал­бай (80 кг) иорданиялық Хусейн Эйшайшиашайшпен және аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоң­қабаев өзбекстандық Баходир Жа­лоловпен жұдырықтасып, жартылай финалдың жолдамаларын сарапқа салды.

Әлем чемпионатының жартылай финал айқастары 12 мамырға, финалдық жекпе-жектер 13 және 14 мамырға жоспарланған.