Жуырда Алматы облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зәбір көріп, жапа шеккен әйелдер үшін 50 орындық әлеуметтік көмек көрсету орталығы өз жұмысын бастады. Орталықтың ашылуына өңірде әйелдерге қатысты қылмыстық оқиғалардың жиілеуі себеп болып отыр.
Дерек көздеріне жүгінсек, өткен жылы облыста тұрмыстық зорлық көрген 86 әйел құқық қорғаушылар көмегіне жүгініп, олардың барлығы Алматы қаласындағы дағдарыс орталығына жіберілген.
– Былтыр облыста кісі қолынан алты әйел қаза тапты. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 27 қылмыс жасалып, зорлау фактісі тіркелген. Егер күйеуі қорлық көрсетіп, жиі қол жұмсаса дереу сенім телефонына хабарласу керек. Бізде 1307 нөмірлі Сall орталық және сенім телефоны бар. Осы байланыс нөмірлеріне хабарлама келіп түскен жағдайда аудандық жедел уәкіл мен инспекторлар мекенжайға барып, жанжалдың себеп-салдары анықталады. Күш көрсеткен жолдасына немесе өзге туыстарына қатысты әкімшілік немесе қылмыстық жаза қолданылады. Ал жәбірленушінің барлық құқығы мен қауіпсіздігі заңмен қорғалады, – дейді облыстық ПД жергілікті полиция басқармасының аға инспекторы Динара Аятбекова.
«Бір күн ұрыс болған үйден қырық күн ырыс кетеді» деп бекер айтпаса керек. Жанжал, айқай-шу болған үйдің берекесі қашып, оған қоса балалардың бойын қорқыныш билері сөзсіз. Осындай күйге түскен ана мен балаға жаңа ашылған орталық пана болуды мақсат етіп отыр. Мұнда психологиялық, құқықтық және медициналық қызмет түрлері тегін көрсетіледі. Мекемеге тағдыр тауқыметін тартып, отбасылық қиындыққа тап болған әйелдер қабылданады. Егер тұрмыстық жағдайы жақсармаған жағдайда бұл жерде алты айға дейін тұруына болады. Өздері қалаған іспен айналысуына, айталық киім тігіп, білімдерін жетілдіруіне де жағдай жасалған. Орталық директоры Раушан Алпысбаеваның айтуынша, мұндағы мамандар аудандардағы жұмыспен қамту орталығына шығып, жапа шеккен әйелдерді 3 айлық курстарға оқытып, икемі бар кәсіппен айналысуына көмек беріп келеді.
Сондай-ақ облыс аумағында өмірлік қиын жағдайларға тап болған әйелдерге «Зорлық-зомбылыққа жол берме» әйелдер мен балаларды қолдау орталығының қоғамдық бірлестігі, «Azamatsha.kz қайырымдылық қоры» және «Жанұя» қоғамдық бірлестіктері көмек көрсетумен айналысып келеді.
Алматы облысы