• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Отбасы 10 Мамыр, 2023

Жәбір көргендерге – жан жылуы

499 рет
көрсетілді

Жуырда Алматы облысын­да тұрмыстық зорлық-зом­былықтан зәбір көріп, жапа шеккен әйелдер үшін 50 орындық әлеуметтік көмек көрсету орталығы өз жұмысын бастады. Орта­лықтың ашылуына өңірде әйелдерге қатысты қылмыс­тық оқиғалардың жиілеуі себеп болып отыр.

Дерек көздеріне жүгінсек, өткен жылы облыста тұрмыстық зорлық көрген 86 әйел құқық қорғаушылар көмегіне жүгініп, олардың барлығы Алматы қала­сындағы дағдарыс орта­лығына жіберілген.

– Былтыр облыста кісі қолы­нан алты әйел қаза тапты. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 27 қылмыс жасалып, зорлау фактісі тіркелген. Егер күйеуі қорлық көрсетіп, жиі қол жұмсаса дереу сенім телефонына хабарласу керек. Бізде 1307 нөмірлі Сall орталық және сенім телефоны бар. Осы байланыс нөмірлеріне хабарлама келіп түскен жағдайда аудандық жедел уәкіл мен инспекторлар мекенжайға барып, жанжалдың себеп-салдары анықталады. Күш көрсеткен жолдасына немесе өзге туыстарына қатысты әкім­шілік немесе қылмыстық жаза қолда­нылады. Ал жәбірленушінің бар­лық құқығы мен қауіпсіздігі заңмен қорғалады, – дейді облыс­тық ПД жергілікті полиция басқар­масының аға инспекторы Динара Аятбекова.

«Бір күн ұрыс болған үйден қырық күн ырыс кетеді» деп бекер айтпаса керек. Жанжал, айқай-шу болған үйдің берекесі қашып, оған қоса балалардың бойын қорқыныш билері сөзсіз. Осындай күйге түскен ана мен балаға жаңа ашылған орталық пана болуды мақсат етіп отыр. Мұнда психологиялық, құқықтық және медициналық қызмет түрлері тегін көрсетіледі. Мекемеге тағдыр тауқыметін тартып, отбасылық қиындыққа тап болған әйелдер қа­былданады. Егер тұрмыстық жағдайы жақсармаған жағдайда бұл жерде алты айға дейін тұруына болады. Өздері қалаған іспен айна­лысуына, айталық киім тігіп, білімдерін жетілдіруіне де жағ­дай жасалған. Орталық директоры Раушан Алпысбаеваның айтуынша, мұндағы мамандар аудандардағы жұмыспен қамту орталығына шығып, жапа шеккен әйелдерді 3 айлық курстарға оқытып, икемі бар кәсіппен айналысуына көмек беріп келеді.

Сондай-ақ облыс аумағында өмір­лік қиын жағдайларға тап болған әйелдерге «Зорлық-зомбы­лыққа жол берме» әйелдер мен балаларды қолдау орталығының қоғамдық бірлестігі, «Azamatsha.kz қайырымдылық қоры» және «Жанұя» қоғамдық бірлестік­тері көмек көрсетумен айналысып келеді.

 

Алматы облысы