• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Саясат 11 Мамыр, 2023

Қытай балама жолға мүдделі

287 рет
көрсетілді

Осыдан бірер жыл бұрын Еуропа одағы мен Қытай арасындағы сауда айналымы жылына 1 триллион еуродан асып кететін. Қазіргі геосаяси жағдайға байланысты табыс көлемі төмендей бастады. Сондықтан қытай Батысқа шығатын басқа балама жолдар іздеп жатыр. Қазақ елі осы екі алыптың арасына өте ыңғайлы орналасқан. Тоқетері, бір-бірімен алыс-берісінің ауқымы алапат қос серіктестіктің ортасында жатқан транзиттік әлеуеті жоғары мемлекет – Қазақ елі. Мұны екі тарап та көріп-біліп, зерттеп, зерделеп отыр.

Бүгінде теңіз жолдары Қытай мен кәрі құрлық елдерін қажетті қатынаспен қанағат­тандырудан қала бастағаны ай­қын­­далды. Себебі теңіз жолы арқы­лы Қы­тайдан Еуропаға тауар жеткізу үшін 45 тәулік уақыт кетеді. Ал біздің елдің аумағынан темір және автокөлік жол­дары арқылы тасымалданса, 15 тәулік­те діттеген жеріне жетеді. Ол үшін, әрине, еліміздің көлік-логистика кешені әлемдік стандарттарға сай болғаны ләзім.

Осы жағдаяттардың бәрін ескере келіп әрбірін екшеп қарасақ, соңғы бірнеше айда біздің ел мен қытай елінің арасындағы теміржол қатынасының белсенді түрде дами бастағаны заңды да. Бұйыртса қазақ теміржолдары екі ел арасындағы ұзақмерзімді байланыстың негізін қалап қана қоймай, Қытайдың Еуропаға Ресейді айналып өтетін арналарының ашылуына үлес қосады және оны жүзеге асыруға мүмкіндік туғызады.

Ресей мен Украина қақтығысы көпте­ген елді, әсіресе, қытай мен Қазақ елінің көлік-транзит саласындағы бірқатар жос­парын түбегейлі өзгертіп, баламалы көлік жолы дәліздерін дамытуды әзірлеуге мәжбүр етті. Қазақ ұғымы әр болған істің қайыры бар десе, бұл жағдайда біздің елдің орасан пайдаға шығуы бек ықтимал. Оны төменде таратып көреміз.

 

Жаңа идея, соны жоспар

Жақында еліміздің теміржол басшы­ла­рының делегациясы Қытайға маңызды шаруа­лармен сапар шеккені туралы ақ­па­рат бергенбіз. Онда ҚТЖ басшылығы Қы­­тай­­дың Сиань қаласындағы әріптес­те­ріне барып, екі тарап Сианьдағы құрғақ порт аумағында терминал салуға келіс­ке­нін айтқан едік. Бұл порт қазірдің өзінде қа­зақс­тандық импорттың 40 пайызын қа­был­­дайды.

ҚТЖ басшылығы Қытайдың Шыңжаң өлкесінің орталығы Үрімжі қаласына барып, ондағы мемлекеттік теміржол операторы China Railway Urumchi Group Co., Ltd. компаниясымен бірнеше келісім-шартқа отырғаны да жарияланды. Негізі Үрімжіде қазақстандық қо­сым­ша терминал салу мүмкіндігімен Бақты – Аягөз және Достық – Мойынты теміржолдарындағы рельстерді жаң­ғыр­ту келісімнің маңызды сәттері на­зар­ға алынған. Сондай-ақ Цзиньхэ – Алашанькоу телімінде теміржол рельсте­­рі­нің екінші кезегінің құрылысы туралы да мәселе қаралған.

 

«Орта дәліз» – ортақ табыс

Қазіргі кезде Қытай біздің ел арқылы Еуропаға шығатын балама жолдарды сынақтан өткеріп жатыр. Олар қалаған балама жол «Орта дәліз» ретінде танымал Транскаспий дәлізі болды.

«Орта дәліз» – Түркияны Грузия, Әзер­бай­жан және Каспий теңізі арқылы Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан немесе Қырғызстан арқылы Қытаймен байланыстыруды көздейтін мультимодальды көлік жобасы. 1990 жылдары басталған жоба логистикалық және қауіпсіздік мәселелеріне байланысты ұзақ уақытқа кейінге қалдырылды. Осыған қарамастан, жобаға қатысушы мемлекеттер оны соңына дейін жеткізуге мүдделі. Ал қазіргі геосаяси жағдайында аталған жобаның қажеттігі бұрынғыдан да арта түскені мағлұм.

«Орта дәліздің» бүгінгі таңдағы негізгі же­тіс­тіктері 2017 жылы пайдалануға бе­ріл­ген Трансқазақстандық теміржол және Баку – Тбилиси – Карс (БТК) темір­жо­лын қамтиды. Осы жылдың наурыз айында ҚТЖ Қытайдың шығысындағы Цзяочжоу қаласынан Словенияның Копер портына бірінші Қытай – Еуропа Транскаспий пойы­зын жөнелтті. Пойызға жаңа электрмобильдер тиеп, 45 күнде 13 мың ша­қы­рым жол жүріп өтті. Бұл бірінші, сынақ жолы болды.

Теміржол-теңіз-теміржол бағыты бо­йынша пойыз Цзяочжоудан шығып, Қы­тайд­ың солтүстігін кесіп өтіп, Қор­ғас шекара бекеті арқылы біздің елге келіп, одан әрі Алтынкөлге жетті. Жүк Каспийдегі Ақтау портынан Әзербайжанның Алят теңіз портына түсіріліп, қайта тиелді. 2018 жылы бұл Алят теңіз порты жыл сайынғы өткізу қабілеті 15 миллион тонна жүк қатынасы үшін ашылды. Әзербайжанға жеткен жүк Грузия шекарасы арқылы Боюк – Кесик желісі бойынша Қара теңіз­де­гі Поти портына дейін теміржол арқылы тасымалданды, ал одан Түркия арқылы Словенияның Копер портына тағы да шойынжол арқылы жеткізілді.

Алғашқы бұл сапарды Ресейге қарас­ты Қара теңізді кесіп өтпейтін жаңа ба­ғыт­тарды іздеуге арналған сынақ деп санауға болады. Анығын айтқанда, мар­шруты қысқа болғанымен, Қара теңіз арқылы жүрудің жүкті өткізу қа­бі­леті әл­де­қайда төмен әрі көптеген физи­калық кедер­гі бар. Егер сынақтан өтке­р­і­ліп жат­қан бұл дәліз жүк көлемін ұл­­ғайтып, өмір­шең ба­ла­­маға айналса, түрік теміржол жүйе­сі­нің физикалық инфрақұрылымын дамыту қажет екенін ма­мандар айтып отыр.

 

Транскаспий дәлізі Қытайды несімен қызықтырады?

Аспан асты еліне экономикалық даму басты басымдық екені мәлім. Ал Еуро одақта дамудың негізгі көзі экспорт­тық нарық болып табылады. Олардың арасындағы байланысты тынымсыз әрі үзіліссіз қамтамасыз ету Бейжіңнің «Бір белдеу, бір жол» бастамасында қа­рас­тырылған. Бұл жобаны алғаш рет 2013 жылы төраға Си Цзиньпин ұсынған еді. Оның жоспары бойынша аталған жоба Қытайды әлемнің қалған бөлі­гі­мен байланыстыруға бағытталған ірі инфра­құ­рылымдық жоба болып табылады. Сондықтан Қытай құрлықта Еуропа мен Орталық Азияны кесіп өтетін теміржол желілері арқылы қосылуға ұмтылады.

Си Цзиньпин үшін Орталық Азия елдері Еуропа нарығына шығуда маңызды рөл атқарады. Осы айда өтетін Қытай – Орталық Азия саммиті де осынау бай­ла­ныстардың дамып келе жатқанының айқын айғағы. Онда теміржол мәселесі күн тәртібінде тұрғаны сөзсіз.

Әзірге «Бір белдеу, бір жол» аясында Қытай мен Еуропа арасында үш көлік дәлізі іске қосылды – шығыс, орталық және батыс. Шығыс және орталық дә­ліз­дер Ресей арқылы өтіп, Транссібір те­мір­жол желісіне қосылады. Батыс дә­лізі бірнеше желіден тұрады. Ол жол біздің елден Орталық Азия елдері арқылы өтіп, Иран мен Түркия тармақтарымен Еуро­па­ға ұзайды.

Еуропа үшін бұл дәліз арқылы жүк әкелу тартымды әрі тиімді. Өйткені ол Ресейді айналып өтеді. Дегенмен оның кейбір бөлімдері әлі де дамымаған және күрделі инфрақұрылымды жаңартуды қажет етеді.

Бұған дейін Қытайдан Орталық Азия арқылы Ресей мен Еуропа елдеріне жүктерді теміржол арқылы тасымалдау «Бір белдеу, бір жол» жобасының негізгі бағыты болды. Бірақ Ресей Украина қақтығысы және АҚШ пен Еуро одақтың құрсаулы санкциялары Қытайды балама жол іздеуге мәжбүр етті.

Пандемия кезінде Ресей арқылы өтетін солтүстік теміржол желісі экспедиторлар мен жүк тасымалдаушы компаниялар үшін теңіз көлігіне балама ретінде негізгі бағыт болды. Мұның себебі бүкіл әлем­де­гі порттардың COVID-19 виру­сы­ның таралуын бәсеңдету және болдырмау мақсатында өз жұмысын жауып тастауы немесе шектеуі болды. Ресей – Украина қақтығысынан кейін экспедиторлар Ресей мен Қара теңіз арқылы Еуропаға жүк тасымалдауды жүзеге асыра алмай қалды немесе ортақ келісімге орай жүзеге асырғысы келмеді.