Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кедендік бақылауды жүзеге асыру кезінде 100 млн теңгеден астам сомаға ақшалай қаражатты, сондай-ақ 1 құйма тазартылған алтынды заңсыз әкету әрекетін анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәселен, Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде «Астана-Анталия» әуе рейсін тексеру кезінде 118 392 АҚШ доллары, 28 750 рубль, 92 885 еуро сомасында декларацияланбаған қолма-қол ақшасы табылған азамат тоқтатылды.
«Астана қаласы бойынша МКД жеке тұлғаларға Қазақстан Республикасынан 10 000 АҚШ доллары баламасынан асатын сомадағы қолма-қол шетел валютасын және шетел валютасындағы ақша құралдарын әкетуге, сондай-ақ тазартылған алтынды әкетуге тыйым салынатыны туралы еске салады. Бұл ретте мұндай бұзушылықтар анықталған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделеді», делінген департамент таратқан хабарламада.