Отан қорғаушылар алаңындағы «Отан-Ана» монументі жанында Ұлттық ұланның Астана гарнизонына қарасты әскери бөлімдерінің жас сарбаздары салтанатты түрде Әскери ант қабылдады.
Жас жауынгер сынынан өткен үш жүз алпыстан астам сарбаз Отан қорғаушылармен теңқұқылы сапта бой түзеу үшін Отанға адал болуға, қалтқысыз қызмет етуге, әскери өмірдің қиындықтары мен ауыртпалықтарына төтеп беруге салтанатты түрде серт берді.
Халыққа, ел мен Елбасына, сондай-ақ, өзіңе серт беру – тамыры тереңде жатқан ерекше жауынгерлік рәсім. Қазақстан Республикасының әрбір азаматы Қарулы Күштер қатарына енер алдында әскери ант қабылдауы тиіс. Осы бір маңызы зор құқықтық және моральдық-саяси қадам әскери қызметтің мемлекеттік маңызын аңғартады.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери антының мәтіні 1992 жылы 25 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген. Бұл ант мемлекеттің азаттығы мен тәуелсіздігін, абыройын жанкештілікпен қорғаудың құқықтық және адамгершілік сипатын айқындап, жауынгерден төзімділік пен бірбеткейлікті, уәдеге беріктікті талап етеді.
Салтанатты шараға Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ, Ұлттық ұлан және локальді соғыс ардагерлері, қалалық №25 мектеп оқушылары, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген сарбаздардың ата-аналары қатысты.
Әскери ант қабылдау рәсімі 1995 жылдың 17 сәуірінде тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік міндетін атқару кезінде мерт болған Ішкі әскердің 17 жауынгерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қою дәстүрімен басталды. Құрметті қарауыл аспанға үш дүркін салют беріп, жиналған жұртшылық жанқиярлықпен қаза тапқан ерлерді 1 минуттық үнсіздікпен еске алып, тағзым етті.
Әскери ант қабылдау рәсімінен соң гарнизонның жас жауынгерлері салтанатты марш жасады.
Осы жылы азаматтық борышын өтеп, Отан қорғау үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қатарына бес мыңнан аса әскери қызметші алынды. Енді олардың алдында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықты қылмыстық және басқа да заңға қайшы әрекеттерден қорғау міндеті тұр, деп хабарлады ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі.