Шекаралық аймақтағы Сүмбе ауылының тұрғындары үшін жақында жағымды жаңалық болды. Ол – ауылдың сән-салтанатын асырып, рухани ошағына айналатын мәдениет үйінің пайдалануға берілуі еді.
Кеген ауданынан іргесі ажырап, қайта қалпына келгеніне бес жыл толған Райымбек ауданында бүгінге дейін бірқатар әлеуметтік, спорттық-мәдени нысандар бой көтеріп, халықтың игілігіне беріліп жатыр. Тұмса табиғаты қандай көркем болса, шекара шебіндегі халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігі де көз сүйсінер күйде болуы аса маңызды. Мамыражай мамыр мерекелеріне орайластырыла тұсауы кесілген игілікті шараға Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев пен аудандық мәслихат төрағасы Самат Мүсірбаев бастаған игі жақсылар мен жайсаңдар қатысып, тұрғындарды қуаныштарымен құттықтады.
Екінші дүниежүзілік соғыстың құрбандарына арналған еңселі ескерткішке гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етуден басталған іс-шарада жыршы, термеші Серік Әбдірайымов жырдан шашу шашты.
«Бүгінгі мәдениет үйінен бөлек, Қызылшекара, Сүмбе ауылдарында заманауи шағын спорт кешендері салынып жатыр. Ел игілігіне берілер уақыты алыс емес. Сонымен бірге қайта түлеген ауданымыздың Жамбыл ауылында мәдениет үйі салынды. Қақпақ ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді. Алдағы жылдары Шалкөде, Сарыжаз, Тегістік ауылдарынан жаңадан мәдениет ғимараттары бой көтеретін болады», деді салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі Б.Дүйсенбаев.
Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Алматы облысының Құрметті азаматы Бекболат Бірбаев ақжарма тілегін арнады. Іс-шара барысында туған жерге туын тігіп, Сүмбенің әлеуметтік жағдайын жақсартуға барын салып жүрген атпал азамат Тілек Юсуповқа айрықша құрмет көрсетілді.
Шекара шетіндегі ауылдың ажарын ашқан мәдениет үйінің құрылысына бюджеттен 475 млн теңге бөлініп, игерілген. 180 орынды өнер ордасына 4 штат бірлігі бөлінген. Ауыл мәдениетін көтеріп, өнерін өрістететін бұл ғимаратта алдағы уақытта түрлі үйірмелер ашылып, жұмысын бастайтын болады.
Алматы облысы