Ерлі-зайыпты Рахат пен Лариса Өтеновтер «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Дөң тау-кен байыту комбинатында қырық жылға жуық бірге еңбек етіп келеді. Лариса осыдан жиырма жыл бұрын Рахаттың қолынан ұстап, қазақ отбасының шаңырағына келін болып түскен еді. Лариса – бүгінде үлкен әулеттің түтінін түзу ұшырып отырған үлгілі келіні, төрт баланың анасы.
Батыс Қазақстан облысы Зеленов ауданының Переметное ауылынан орталау мектепті бітіріп, Хромтауда тұратын апасының үйінде тұрып, Ақтөбедегі медициналық колледжде оқып жүрген жас қыз Рахатпен танысып, жігіттің отбасын құру туралы ұсынысын қабыл алады. Қазақ жігітіне тұрмысқа шығу туралы ұсынысына Оралдағы Ларисаның ата-анасы да қарсы болмапты. Қазір олардың төрт баласы ержетіп келеді.
«Біздің ауылдағы көршілеріміздің бәрі – қазақтар. Кішкентайымнан қазақша сөйледім, қазақшаға жақын болдым. Хромтаудың жігітіне, оның үстіне бір отбасының кенже ұлына тұрмысқа шығамын дегенімде, ата-анам қарсы болған жоқ. Олар «ең бастысы өзіңнің адамыңды тапсаң болды» деді. Рахаттың ата-анасы да мені өте жылы қабылдады. Қайын атам бұрын жолдастарына: «Балам орыстан келіншек алады, келінім маған дәмді етіп борщ пісіріп береді» деп жиі қалжыңдайды екен. Атам әлі күнге дейін осы қалжыңын үнемі еске алып, бізді күлдіреді. Атам мен үлкен енем ақ батасын беріп, ағайын-туысты жинап, тойымызды жасады. Ерім – шаңырақтағы жалғыз ұл әрі үйдің кенжесі. Біз бүгінде атам, қайын апам, үлкен енеммен бірге тұрамыз. Өз енем өмірден ертерек өтіп кеткен», дейді Лариса.
Лариса отбасылық өмірдің ыстық-суығына төзе білудегі қарапайым қағида – кеңпейілділік пен сыйластық, дейді.
«Ең бастысы отбасылық өмірде барлық нәрсені қиындатпай, жеңіл қабылдай білу керек. Қазақ – үйінен қонағы үзілмейтін, ағайын-туысымен аралас-құраласы көп халық. Жалпы, мен ашық адаммын, үйге қонақ келгенді жақсы көремін. Алғашқыда бәрі де қызық болып көрінетін. Үлкеннің алдынан кесе өтпедім, үйде атамыздың айтқаны заң болды. Шынымды айтсам, жастықтың буымен бастапқыда ешқандай қиындықты сезінбедім. Кейін тұңғышымыз дүниеге келгенде жолдасым екеуіміз ақылдаса отырып, ортақ шешім қабылдауды әдетке айналдырдық. Үйімізде жыл сайын айт мейрамында қонақтар шақырып Құран бағыштаймыз, қыста соғым сойғанда көрші-көлем, ағайын-туыс, ауылдағы үлкендерді шақырып шеке беру дәстүрі үзілмей келеді. Жыл сайын қыста жылқының етін сүрлеп қоямын. Үйде көбіне ет асылады. Бәріміздің сүйікті тағамымыз – ет. Қазақ келіні салт-дәстүрді сіңіріп жетілуі керек. Ділназ, Әсем, Асхат, Расул есімді балаларымыз бар. Үйде бәріміз тек қазақша сөйлесеміз», дейді Лариса отбасылық өмірі жайында.
Жалпы, Лариса тұрақтылықты ұнатады. Оқу бітіріп, тұрмысқа шыққаннан кейін Дөң тау-кен байыту комбинатының «Еуразия» медициналық орталығында, одан кейін де өндірістік цехтарда медбике болып жұмыс істеді. Біраз жыл бұрын мамандығын өзгертті. Декреттік демалыстан шыққан соң оған осы кәсіпорынның электр цехына жұмысқа кіру туралы ұсыныс түскен. Осы мамандыққа қайта оқып, тәжірибеден өтіп, электр монтері болып жұмысқа кірді. Жұбайы Рахат 25 жыл комбинатта шахтер болып жұмыс істеп, бүгінде бригадирлікке ауысты. Ұжымда түрлі ұлт өкілдері жұмыс істейді екен. Олардың бәрі бір-бірімен жақсы сыйластықта.
Лариса отбасылық өмірді енді бастағалы жатқан жастарға «ең әуелі жүректің қалауын тыңдау керек» дейді. Осы ойы мамандық таңдауға да қатысты: «Сол кезде барлығы бір-бірімен үйлесім тауып, адам мағыналы өмір сүреді. Отбасында барлығы жақсы болса, өзің де, жан-жарың да жұмысында алаңсыз жүреді. Алаңсыз еңбек – қауіпсіз еңбектің алғышарты. Әсіресе, бұл өндірісте өте маңызды», деп ой түйеді өнегелі шаңырақтың ұйытқысы болып отырған ана.
Ақтөбе облысы