Бүгінде 3-6 жастағы балалар балабақшамен толыққанды қамтылды деуге болады. Бірақ мәселе мұнымен толықтай шешілді деп айта алмасақ керек.Себебі алдымыздан сапа мәселесі бой көрсетті.
Елімізде осыдан бірнеше жыл бұрын сапаны бағалаудың «Ecers-R» атты халықаралық шәкілі негізінде зерттеу жүргізілген еді. Сонда мектеп жасына дейінгі балаларымыз бірнеше көрсеткіш бойынша төмен балл алды.
Сонда қайтпек керек? Әлбетте, тәрбиелеу мен оқыту бағыттарын өзгерту қажет. Шын мәнінде, білім беру бағдарламасы заман талабына сай уақтылы жаңартылып отырғаны жөн. Өйткені өскелең ұрпақ алдағы өзгерістерге дайын болуға тиіс.
Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа алғашқы Жолдауында бағдарламаны өзгерту турасында сөз қозғап, қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу керектігін және мұның кезек күттірмейтін шаруа екенін жеткізген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2021 жылы Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамытудың жаңа моделі әзірленді. Жаңа модель мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласының мазмұнын түбегейлі өзгертті. Еліміздегі балабақшалардың аталған модельмен жұмыс істеп келе жатқанына көп уақыт өте қоймаса да, елеулі өзгерістер бар екенін байқауға болады. Өйткені біз мектеп жасына дейінгі балаларға бұрынғыдай, яғни мектеп оқушыларына міндеттелгендей жарты сағаттап сабақ өткізбейміз. Жаңа модель бойынша оқыту мен тәрбиелеуді баланың бақшаға келген сәтінен бастап, оның физиологиялық және психологиялық қажеттіліктері бойынша ойын мен коммуникациялар арқылы арнайы әдістемемен іске асыра бастадық.
Иә, әдістеме Мемлекеттік білім беру стандартына сүйеніп жасалған мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың бағдарламасынан алынады. Мазмұны бүгінгі заман талабына сай жаңартылған бағдарламадағы 11 қағиданың орындалуы – заманауи педагогтің күнделікті жұмысында көрініс тауып отыруы шарт. Сонда бала бүгінгі күн талабына сай тәрбие алып қана қоймай, оқытудың да озық үлгісінен сусындайтын болады.
Зулхия ҚҰРБАНҒАЛИ,
«Күнекей» бөбекжай-балабақшасының әдіскері
ҚЫЗЫЛОРДА