• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 15 Мамыр, 2023

Президент: Халықты ауызсумен қамтамасыз ету - тікелей міндетіміз

219 рет
көрсетілді

Жиын барысында су қауіпсіздігі саласындағы қауіп-қатер деңгейі артып келе жатқаны атап өтілді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы экономиканың барлық саласында, әсіресе агроөнеркәсіп кешенінде суды үнемді пайдалану және су шығынын азайту үшін жүйелі тәсілдер қажет екеніне тоқталды. Себебі тоғандардың және су ресурстары шығынының негізгі бөлігі осы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Су үнемдейтін технологияны енгізу және суды тиімді тұтынуды экономикалық тұрғыда ынталандыру шараларын дамытумен қатар, су шаруашылығы инфрақұрылымын, атап айтқанда, суды пайдалану мөлшерін есептеу, мониторинг жүргізу және болжам жасау ісін цифрландырудың өзектілігі артып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев су шаруашылығы нысандары жұмысының тиімділігін және бөлінетін қаржыны жұмсаудың ашықтығы мен нәтижелілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Президент Үкіметке экология мен су салаларындағы ғылыми және кадрлық әлеуетті күшейту үшін шаралар қабылдауды тапсырды. 2030 жылға дейін кезеңде су ресурстарын бағалау саласында мақсатты ғылыми-зерттеу жобалары жүзеге асырылады. Оның нәтижесі су саласын басқаруда ескеріледі.Мемлекет басшысы күн тәртібіндегі екінші мәселені талқылау нәтижесінде сапалы ауызсудың қолжетімді болуы су қауіпсіздігінің басты көрсеткіші екенін атап өтті.«Халықты ауызсумен қамтамасыз ету және су қорын келешек ұрпаққа сақтау үшін жан-жақты шаралар қабылдау – біздің тікелей міндетіміз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын соңында уәкілетті мемлекеттік органдарға ұлттық қауіпсіздіктің ең маңызды бағыты саналатын су қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде бірқатар тапсырма берілді.