• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мереке 15 Мамыр, 2023

Ардагерлер ерлігі ұлықталған күн

394 рет
көрсетілді

Биыл миллиондаған адамның өмірін жалмаған Екінші дүние­жүзілік соғыстың аяқталғанына 78 жыл. Осыған орай Шымкентте маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның ең бастысына тоқталсақ, «Даңқ» мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Осыған орай өткізілген іс-шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлердің ұрпақтары қатысты.

Салтанатты іс-шарада әскери үр­мелі аспаптар оркестрінің әуе­ні әуелеп, жиналған жұрт музы­ка­­­мен бірге көңіл жұбатты. Мемо­риал кешеніне жиналғандарға «Май­дан даласы» алаңында со­ғыс пен тылдағы ауыр бейнетті бей­неле­ген театрландырылған қо­йылым көрсетілді. Сол бір сұрапыл со­ғыс жылдарын еске түсірген көрі­ністер көпшіліктің жан дүниесін тебірентпей қоймады.

Осы сәтте қала басшысы «Та­рихтың бетінен өшпестей орын ал­ған бұл Жеңіс – біздің аталарымыз­дың, әкелеріміздің, ағаларымыз бен әпкелеріміздің жанымен, қаны­мен, ерлік рухымен келген ең қастер­лі, ең қымбат құндылық. Өйткені фашистік Германияға қарсы Екін­ші дүниежүзілік сұрапыл соғыс қасі­рет әкелмеген, қайғы шектірмеген бірде-бір шаңырақ жоқ. Қанша­ма боздақты жер жастандырған, қаншама ошақтың отын сөндірген қан кешу майданында Отан үшін, біздің жарқын, бейбіт болашағы­мыз үшін майдангер ата-әкелеріміз арын – байрақ, намысын – найза етіп, қа­һармандық пен жанқиярлық­­тың өшпес үлгісін көрсетті. Олар жау­ға қарсы оқ болып атылып, от болып жанды. Жеңісті жақында­тып, қаншама жауынгер майдан даласында мерт болды. Ал алапат соғыстан елге аман оралған ардагерлер бейбіт өмірде де өскелең ұрпаққа ерлік пен еңбектің өнегелі өрісін танытып, адал қызмет етті. Сол ардақты ардагерлеріміздің қа­тары бүгінде сиреді. Бірақ оларға деген құрмет пен тағзым ешқашан аласармақ емес. Бұл – ерлік, бұл – жеңіс тарихтың алтын әріппен жа­­зылған парағы болып қала бе­реді. Бүгінгі ұрпақ аға буын ардагер­лер танытқан қайсарлық пен қа­һармандықты, ержүректілік пен елді сүйе білуді үлгі етіп, бойларына сіңіреді» деген сөздермен ойын түйіндеді.

Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғысына ша­һардан 23 мыңнан астам азамат аттанса, бүгінде солардын көзі тірі қалғаны – 3-ақ ардагер. Бұдан бөлек 2 мыңнан астам тыл ардагері бар. Осы орайда арамызда қалған сол үш қазыналы қарт майдангерге құрмет көрсету мақсатында қала әкімі ардагерлер Абылай Қазыбаев, Нина Мосунова мен Мұраталы Төлепбергенұлы­ның ша­ңы­рақтарына барып, арнайы мере­келерімен құттықтады.

Ғұмырлары бір ғасырға татитын, соғыста да, еңбек майданында да өнегелі із қалдырған қариялардың өмірлері ерлік туралы дастан жазуға тұрарлықтай. Жастық шағын соғыс ұрлаған және жаумен айқасып, қиян-кескі шайқастан аман оралған майдангерлерге қала басшысы ерекше ілтипатын білдіріп, денсаулық пен амандықтарын тіледі. Өз кезегінде қариялар шаңырағына келіп тұр­ған әкімді жылы шыраймен қарсы алып, ақ батасын беріп, шығарып салды. Еліміздің барша жұртына ашық аспан мен бейбіт өмір тілеп, бата қайырды.

Ендеше, осы үш ардагердің өне­геге толы өмірлері жайлы аз-кем сыр шертсек. Қаланың ба­йырғы тұрғыны саналатын Нина Мо­сунова соғыста пулеметші, радист болған қарт жауынгер. Нина Мосунова 1924 жылы 9 наурызда Татарстанның Урустамак елді мекенінде туған. 1939 жылы мектеп бітірген соң ауыл шаруашылығы фермасына жұмысқа тұрып, 1940 жылы ферма меңгерушісі болып сайланады. Арада екі жыл өткенде 18 жасқа толған бойжеткен өз еркімен майданға аттанады. 1943 жылы Можайск маңындағы соғысқа қатысқан. Пулеметші болған, 36 әскери бөлімнің «Зенит» бригадасында радистердің командирі болды. Соғыстан елге ерте оралған ардагер түрлі салада қызмет атқарды. Ал Шымкентте 1948 жылдан бері тұрады. «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. Бүгінде баласынан 2 немере 5 шөбере сүйіп отыр.

Шымкенттік майдангер Абылай Қазыбаев Жеңіс күнін Берлинде қарсы алған. Әскер қатарына алын­ғанда 17 жастағы бозбала еді. Ол жау қолында қалған қалаларды азат ету жолында аянбай күресті. Зең­бірекшілер тобында жүріп, неміс танкісіне қарсы тұра білді. 1945 жылы 1 мамырда Кенигсберг қаласын азат етуге қатысты. Сар­баздық қызметін соғыстан кейін де атқарып, елге 1950 жылдың сәуір айында оралды. Ардагер 1925 жылы қазіргі Қайнарбұлақ ауылында дүниеге келген. 1943 жылы қызыл әскер қатарына алынып, Ташкент қаласындағы әскери да­йындықтан өтті. 219-ди­визияның 2-гвардиялық-пол­кінің құрамында Украина, 3-Беларусь майдандарында соғысып, Лат­вия, Литвадағы шайқастарда ерлік көрсетті. Арнайы жасақпен бірге 1946-1950 жылдары жаудан азат етілген аймақтарды минадан ­тазартты. Елге келген соң СМУ-4 кәсіпорнында, Қорғасын зауытында, ТЭЦ-2 мекемесінде жемісті еңбек етті. Соғыс кезінде «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, «Жауынгерлік қыз­меті үшін» және басқа көптеген медальмен марапатталды.

Қаратау ауданының тұрғыны Мұраталы Төлепбергенұлы ма­мыр айында тоқсан сегізінші көкте­мін тойлайды. Қария өзін әлі тың сезінеді. Қимыл-қозғалысы да ши­рақ. Бала-шағасынан немере мен шөберелер сүйіп отыр. Қарт май­дангер 1925 жылы 20 мамырда Түлкібас ауданының Жаскешу ауылында дүниеге келген. 1943 жылы қолына қару алып, Брест қамалы, Варшава, Данск, Виссмарк қалаларын азат ету жолында жаумен алысты. Майдандағы ерлігі үшін кеудесіне «Отан соғысы», «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдары тағылды. Кейін бейбіт заманда Түлкібас МТС-те тракторлық бригадасының бригадирі болып жұмыс істеді. Одан Калинин колхозында есепші болды, ұжымшар фермасының меңгерушісі секілді қызметтерге де араласты.

«Бүгінгі күнімізге шүкір деу керекпіз. Тәуелсіздіктің берген бір сыйы, Құдайға шүкір, халықтың қарны тоқ, ұлттығымызды ұлық­тауға мүмкіндік алдық. Елдің азаматтары әрқашан білімді болу керек. Бірінші орында отансүйгіштік тұруы тиіс. Басшылар да халқына адал қызмет істесе деп тілеймін. Әділдік бар жерде қоғам тыныш. Жастар тәрбиесі, олардың ертең жұмысқа тұрып кетуіне жағдай жасау басшылықтың міндеті. Біз соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезең­де ұжымшарды аяққа тұрғыз­дық. Күніміз егін салып, мал бағу­мен өтті. Еңбек адамды өсіреді. Сондықтан жас ұрпақтың еңбекқор болғанын қалаймын. Осы алған бетімізден қайтпасақ еліміз келешекте гүлденген бай мемлекет боларына нық сенемін», деді қария.

Осынау шуақты мереке күні қалалық қоғамдық келісім ұжымы да Жеңіс сыйлаған ардагерлерге «9 мамыр – Жеңіс күні! Бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс аяқталған ақ­жол­тай күн. Бұл күн – сол бір қанды қырғыннан қайтпай қалған қыршын боздақтардың асқақ рух­тарының байыз табатын күні. Және де әділеттің әділетсіздікті жең­ген күні. Бүгінгі ұрпақтың сіздер сыйлаған бейбіт даму жолын одан әрі жалғастырып жатқан күн. 9 ма­мыр – қан майданда парыз бен намысты алға қойған, елі мен жері­нің бостандығы үшін жан аямай, қараниет жауға төтеп берген, табанды да қайсар мінезді жа­уынгерлеріміздің және тылда тынымсыз еңбек еткен ағаларымыз бен апаларымыздың ерен ерлігінің, биік рухының мерекесі. Жас ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осынау ерлікке толы күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек», деген райда өз тілектерін жеткізді.

Жеңіс күнін тойлау қаланың әл-Фараби алаңында жалғасын тапты. Кешқұрым алаңға жиналған қала жұртына Ә.Нұрпейісовтің «Күткен күн» романы желісімен ашық аспан астында сахналанған қо­йылымы көрсетілді. Мерекелік концерт та­нымал өнер жұлдызы Айгүл Иманбае­ва жетекшілігін­дегі өнер ұжымы «А.И.» театры қойы­лым қойды. Спектакльдің бас­­ты рөлдерін Мәдениет саласының үз­­дігі Бағлан Иманғалиев, Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі Гүл­жамал Қазақ­баева, «А.И.» театры­ның актер­лері Еркебұлан Есіркеп, Анэль Тө­легенова, Әмірхан Ораз­бақ, Ақбота Шойынбек сомдады. Сондай-ақ мерекелік кеште Қазақ­станның халық әртісі Роза Рымбаева, әнші Маржан Арап­баева­лар сахна тө­рінде ән шырқады.