• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мәдениет 15 Мамыр, 2023

Көктемгі самғау

508 рет
көрсетілді

Қазір көрермен қауым Аста­на­дағы Ұлттық музейдің аузы-мұрнынан шығып тұр. Мұнда атақты суретші, «Пара­сат» орденінің иегері Ал­пыс­бай Қазығұлдың «Көк­темгі самғау» атты көр­месі өтіп жатыр. Ма­мыр­­дың басында суретші ар­тынып-тартынып Алма­ты­дан Астанаға жеткізген 140 картинасына көз суарып жүргендер де аз емес. Біз де сол қатардан табылып, көркем туындылар­ды­ көзбен «жұтып» қайт­пақ­ едік, алайда ұлт пен жұрт­тың болмысы мен тұр­мы­сы­нан сыр шерткен бояулар­ бізді «жұтып қойған» сы­ңай­лы.

Бірден айтайық, Қазығұлдың ең­бектері бір қарап өте шығатын туын­дылар емес. Бұл бізден де бұрын айтылған пікір. Десек те, көрме­сіне барып көз тоқтатқандар автор­дың көркем туындыларын «жұта» алмай, керісінше өзі «жұ­тылғанын» аңдауы да әбден мүм­кін­. Бояулары алыстан көз тартып қана­ қоймай, ойландырады. Әр кар­тинасы үлкен бір кеңістікке пара­-пар. Қуаныш пен қайғыны, ашу­ мен жайдары көңіл күйді, үзі­лу­ мен үздігуді, адамзатқа тән нендей сезім бар – бәрін бояу тіліне кө­шірген ұлт суретшісінің бағасын бер­ген ғұламалар. Кезінде суретші шы­ғар­машылығы туралы Шыңғыс Айт­матовтың жазғаны бар:

«Маған осы бір адам ұнап қал­ды: суреттері алдаған жоқ – расымен де заман талабына,­ сон­дай-ақ толығымен дәстүрге сай­ ойланады екен. Оның қылқа­ла­мынан шыққан туындылар пі­ші­ні жағынан «модернистік», алай­да қозғаған тақырыптары бая­ғы­дағыдай. Алпысбай да­ла,­­ ауыл, қора-қопсы сынды тақы­рып­тармен шектелген сияқты бол­ға­нымен, шын мәнінде өз сурет­те­ріне қандай да бір ғарыштық дең­гей бере отырып, біздің сана­мыздың шеңберін кеңейте түседі», депті кезінде адамзаттың Айтматовы.

Осы жолғы «Көктемгі самғау» атты көрмесі Ұлы дала философиясы мен көшпелілер өмірінен сыр шертіп, қазақ мәдениетін жанды бейнеге айналдырғандай әсерге көмді. Ол салған «Ұлы Жібек жолы» атты бейнелер топтамасы осы күнгі, бүгінгі көш секілді көңіл күй сыйлайды. Әсіресе бізді баурағаны – «Аңшы мен құс» суреті. Аңшы немесе мерген нысанаға алып көздеген құс ұшып бара жатыр. Қазақ танымында айдында алаңсыз жүзген немесе ұйықтап жатқан аңды атуға болмайды. Құсты ұшырып, аңды тұрғызып барып атады. Сөйтіп аңшы ұшырып жіберіп, көздеген құс мергеннен үш-төрт есеге зорайып кеткен суретте. Анығында кіші болса да, адамнан зор қанатты тіршілік иесі жерден көтеріліп бара жатқаны және тұмсығы мен қанат, қауырсындарының сұлбасы ғана болмаса, құс жерден көтерілердегі зымырандай алапат жанталасқа немесе атом бом­басы жарылғандай сұмдыққа тап болғанын айна-қатесіз аң­дай­сыз. Қандыауыздың нысанасына іліккенін жан-жүйесімен сезінген құстың жанұшырған күйін бояу­лар әйгілеп береді. Ажал алдындағы неткен сұрапыл сезім, неткен жанталас. Ал садақ тартқалы жерде тұрған мерген бойында алып бара жатқан сезім толқынысы жоқ сияқты. Төңіректі құстың өлім мен өмір арасында жандәрмен болған сезім-түйсігінің шашырандысы жаулап алғандай. Мүмкін оқ тиіп те кетті ме екен, белгісіз. Себебі суретші мұнда құстың жан-жүйесінің арпалысынан бөлек, сүйек-сүйегінің қалай бөлшектелуге айналғанын да бейнелей алған. Алла-ай дейсіз, адамзат қарақан басы үшін жан-жануардың өмірін қиып жібергенде, олардың осындай күй кешерін сезбейтін де шығар-ау. Ал суреттегі әр бояуды сөйлете алатын маман болса, біздің долбардан да қияпатты пікір шығарына біз сенімдіміз.

«Әлгі картиналар бірде бедер­сіз­ жазылып, ізсіз, түссіз, боз тұ­мандай кеңістікке кірігіп, жо­ға­лып, енді бірде, вулкан қотарған қызыл шоқты лавадайын атылып, рельефтене бері, көруші назарына атырыла шығып, жалынымен бет шарпып тұрғаны. Қырық құбылып, мың бұралып (сапасымен жасқап, санымен ықтырып), көкірек көзіне барақат сыйлап, елітіп тұрғаны», депті Қазығұл картиналары туралы суретші Жеңіс Кәкенов. Расында «вулкан қотарған қызыл шоқты лавада­йын атылған» бояулар кімді де болсын бей-жай қалдырмайды.

Суретшінің еңбектері Қазақ­станда ғана емес, шетелдерде­ де­ сұранысқа ие. Көрмелері Бель­гияда, Қытайда, Түркияда, Ұлы­бри­танияда, Ресейде, Жапо­ния­да,­ Нидерландта өтті. Карти­на­ла­ры­ның басым бөлігі Еуропа, Азия, Американың галереялары мен жеке коллекцияларын қыдырып кеткелі қай заман? Жекелеген туындыларын Лайма Вайкуле, Дидье Маруани, Жерар Депардье, Патрисия Каас, Бельгия князі Лоран сияқты атақты адам­­дар сатып алғаны мәлім. Автор­дың айтуынша, «олар картинаны сатып­ алмайды, сондағы энергияны сатып­ алады». Кенепке көшкен жанды бейне деген сол шығар.

«Әр көрмемді ашқан са­йын­ толқимын. 45 жыл шебер­ха­нада тапжылмай отырып, тонналаған бояу езіп, кенепке жағып, 8 мыңнан аса картина салыппын. Туындыларым дүние жүзіне тарады. 45 жыл шығар­ма­шылықпен айналысқанда тү­сін­­генім, жақсы шығарма тек Жара­ту­шының қолдауымен шығады. Со­ған көзім жетті. Жара­ту­шы қол­дамаса, сурет салынбайды», дейді ол.

Коллекционер Алпысбай Қа­зы­­­­ғұ­лдың көркемсурет мұра­­­­ға­тында Әбілхан Қастеев, Жаңа­тай­ Шарденов, Салихитдин Айтбаев, Владимир Эйферт, Ким Кузнецова сынды атақты суретшілердің және басқа клас­­сиктердің туындылары сақтал­ға­нын айта кеткен жөн.

Көркем өнер таным көк­жиегін әрі асырып, уақыт пен кеңістіктегі адам рухы мен санасының мәң­гілігін әс­пет­­­тейді, кейде. Сурет­шінің «Көш­пен­ділер», «Ұлы­ Жібек жолы», «Көш», «Ата­ла­рымыз» «Көкпар» сияқты шы­ғар­­маларына көз тоқтатқан сайын­ сондай ойлар қаумалайды. Ол жымдастырған бояулардағы өт­кен­ өмір құбы­лыстары бізбен бір­ге өмір сүріп қана қоймай, бола­шаққа бара жатқандай тіл қатады. Тіпті баян­­сыздықты жоққа шы­ға­рар­­дай көрінеді. Қанша заман өтсе де қиындықпен күресу­ден­ қажы­маған адам рухының же­ңім­паз сәулесін көңіл күйдің әсем көріністерімен үйлестіреді. Адам дүниеге келеді, өседі, жетіледі, қартаяды, бірақ көңіл жас күйінде қалады дейтін үлкендер. Бұл да жаратылыстағы күрескер рухтың мәңгілікті көксеуіндей. Егер суретшінің көп қырының біріне тоқталсақ, біз осы қасиетін ерекше атар едік. Көркем өнерде көкжиек жоқ, шексіздік қана бар.