• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әскер 15 Мамыр, 2023

Сегіз қырлы сержант

285 рет
көрсетілді

Бұрында бабаларымыз қолынан өнер тамған, еті тірі жігіттерге «сегіз қырлы» деп баға беретін. Яғни адам баласы тек бір саламен шектелмей, әртүрлі өнерді тізгіндеп, өзін жан-жақты дамытуын нұсқаса керек. Кейіпкеріміз – сержант Сырым Ақшекин сондай жан.

Сержант Сырым Ақшекин Көкшетау қаласы маңында орналасқан 5510 әскери бөлі­мінің жеке атқыштар ротасында ит нұсқаушысы болып қызмет атқарып жүр. Оның міндеті – өзіне бекітілген қызмет итін даяр­лау және қылмыстық-ат­қару жүйесі мекемесіндегі қыл­мыскерлерді іздестіру ке­зін­де, дабыл тобымен бірге қаш­қындарды ұстауға атсалысу.

– Әлемдегі ең адал хайуана­т ит деп айтылады. Осы пі­кір шындыққа жанасады ма деп ойлаймын. Өйткені төрт жыл­дық қызмет тәжірибемде иттердің адалдығына толықтай көз жеткіздім. Әсіресе, неміс овчаркасы тұқымдастарының ақылына таңғаламын. Олар бар­лығын түсінеді, тек сөйлей алмайды демесеңіз, ішкі сырыңды айтпай ұғатын секілді. Кейде болады, жұмыста шаршайсың, бәлкім ашуланып та қаласың сонда итім барлығын түсінеді. Артық ойнамай, жаттығуларды жөндеп орындайды. Ал көңіл-күйім көтеріңкі болған кезде оның да көңіл-күйі жақсы. Жат­тығуларды ойын ретінде өткі­земіз, – дейді ол.

Кейіпкеріміз әскери са­лаға кездейсоқ келді десек қате­лескеніміз болар. Ол бастап­қыда өзі туып-өскен бұрынғы Торғай облысының Арқалық педогогикалық университетіне музыка пәнінің мұғалімі маман­дығына оқуға түседі. Аталған оқу орнын аяқтаған сәтте ба­ла­лық арманын орындауға мүмкіндік алады.

– Мен көпбалалы отбасын­да өстім. Ата-анамыз бізді қаза­қы дәстүрге сай тәрбиеледі. Салт-дәстүрді үйретті, домбырада ойнауға баулыды. Мен бірден домбыраға үйір болдым. Жаным қалап, үйреніп кет­тім. Күй шертемін, анда-сан­да ән шырқаймын. Болашақ мамандығымды таңдағанда да әкем айтқандай ұстаз болуды, оның ішінде музыка пәні, домбыра үйретуші ұстаз болуды жөн көрдім. Жоғары оқу орнын аяқтағанда облыстың Державин кентінде ҚАЖ мекемелерін күзетуге келісімшарт негізінде әскери қызметшілер қажет еке­нін естідім. Оның үстіне, егіз сыңарым учаскелік полиция қыз­меткері. Мен де байырғы арманымды орындау үшін әскери қызметке орналастым, – дейді ол.

Болмысынан өнерлі кейіп­ке­ріміз үшін әскери салада өз орнын табу қиын болмады. Сабыр, ынсап және ізде­нім­­паздық қасиет бойынан та­былған жұмырбасты пенде үшін әскери қызмет – ауыр жүк емес, өзіңді өзің жетілдіретін орта. Сырым көп ізденді. Му­зыка пәнінің мұғалімі маман­дығын аяқтаса да, әскери қыз­метке тез бой үйретіп, тез сыйы­­­сып кетті.

«Адам өнерімен емес, міне­зімен ортаға сыйымды» де­мек­ші, сержант С.Ақшекин өнер­лі бола тұра мінез жағынан қа­рапайым, кездескен адаммен ескі досындай тез тіл табысып кетеді. Сонымен қатар әскери тәртіпті қатаң сақтап, жарғы талаптарын бұзбайды. Бұл бір жағынан туа біткен мінез болса, екінші жағынан ата-ана, туған орта берген тәрбие. Сонымен көп жыл бойы қарауыл қызме­тін­де жұмыс істеген ол қалайша кинолог маман атанды дейтін сауалдың туындауы заңдылық. Оның жауабы оңай табылады. Державин кентіндегі ҚАЖ мекемесі жабылады. Жеке құ­рам әр әскери бөлімге таратылады. Сонда Сырым Гранитный кентіндегі атқыштар ротасы­на ауысады. Сол кезде әскери бөлім басшылығы оған ит нұс­қаушысы лауазымын ұсынады. Кейіпкеріміз бұл белесті де бағын­дыруға бел буады.

– Сырт көзге кинолог болу оңай көрінетін шығар. Шын мәнінде итпен байланыс орнату керек. Әлі есімде бірінші итті маған бергенде көп уақыт бойы тіл табыса алмадық. Ол мені иесі ретінде қабылдағысы келмеді. Оның бірінші иесі Қаракемерден итті үйретіп, кейін маған береді де өзі басқа ит алады. Енді осы итпен жұмыс істеуім керек болды. Бейнебір баланың тілін тапқандай жұмыс істеуің керек. Үйден дәмді еттерді алып беремін. Күнде ойнатамын. Ит көнгісі келмейді. Бірде тіпті қызық болды. Полигонға бара жатқанда рота басшылығы маған итті жіберіп, тексеріп көр деп ұсыныс тастады. Қызметтік ит маған әлі үйренбеген, сонда да бұйрықтың аты бұйрық, итімді босатып, далаға жібердім. Қарғабаудан босаған ит жүгіріп кетті. Артына қарамайды. Ма­ған келудің орнына қашып барады. Мен шақырамын, келмейді. Амал нешік артынан біраз шақырым қудым. Әйтеуір, ұстап алдым... Содан кейін қыз­меттік итпен тіл табысып кеттім. Оған да өзіндік әдіс керек. Бірден кинолог бола алмайсың. Ит нәтиже көрсету үшін бірге көп жаттығу жасаймыз. Күні бойы қасында жүреміз. Бар ынтаңды берсең ғана ит сенімен дос болады, – деп ағынан жарылды сержант.

Бір байқағанымыз, Сырым қызметіне адал жан. Өз жұмы­сын қатты ұнатады. Көп уа­қыт­ты қызметінде өткізеді. Оны­мен қоса, отбасына да көңіл бөлуді ұмытпайды. Жан жары Арайлым Болатқызы екеуі Асылжан, Аружан, Әлинұр, Нұрислам атты ұл-қыздарды тәрбиелеп отырған көпбалалы, бақытты отбасы. Үлкен қыздары волейболмен айналысса, үлкен ұлдары қазақ күресін жанына серік етіпті. Көп ақындар жырына қосқан ер Көкшенің шаһарында үй алып, тату-тәтті, бақытты-бақуатты өмір сүріп жатыр.