Орталық Азия, атап айтқанда, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан топырағында түлеген жырлар кәрі құрлықта қанатын қомдап, Алмания руханиятына ат ізін салды. Түбі бір түркі халықтары жас шайырларының шоғыр-шоғыр жырлары тұтасқан қалың антологияға енген әр елдің жыры ана тілінде һәм неміс тіліне тәржімәланған нұсқасы қоса жариялануымен де құнды. Уақыт өткен сайын тамыры терең қазақ жырларының өрісі кеңіп-ақ келеді. Соның бір мысалы, Гёте топырағына барып, неміс оқырмандарымен сырласатын осы антология.
Дүниежүзінің біраз елінде орталықтары орныққан ұлы неміс ақыны Гёте институтын естуіңіз бар шығар. Қазақтың бір топ жас ақыны әлгі институттың ұсынысымен ұлы Гётенің жырларын қазақ тіліне аударып берген екен кезінде. Мынау неміс тілінде шыққан жинақ сол шығармашылық байланыстың нәтижесі болса керек. 2021-2022 жылдары аталған институт Grand Tour Zentralasien жобасының жалғасы ретінде Орта Азия елдері жас ақындарының жырларын неміс тіліне аударыпты. Сиясы кеппеген «Орта Азия жыр антологиясы» алғаш рет Берлин және Лейпциг қалаларында көпшілікке таныстырылып, неміс тілді оқырмандар назарына ұсынылды.
Жыр жинағына жас ақындар Батырхан Сәрсенхан, Мирас Асан, Сағыныш Намазшамова, Еділбек Дүйсен, Жеңісбек Пазылдың өлеңдері енген. Сондай-ақ қырғыз ақындарынан Алиман Абдыкеримова, Нарсулуу Гургубаева, Гүлзада Станалиева, Нуриза Өмүрбаева, Махаббат Қасейинованың жырлары да неміс тіліне аударылып, басылыпты.