Оңтүстік Кореяның Чинджу қаласында ұйымдастырылған ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Биылғы құрлық біріншілігінде ел намысын 20 спортшы қорғап, бір алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды.
102 килоға дейінгі салмақта өнер көрсеткен Нұрғиса Әділетұлы қоссайыста 400 (181+219) кило зілтемірді бағындырып, Азия чемпионы атанса, 109 кило салмақ дәрежесіндегі Артем Антропов 399 (172+227) кило нәтижемен күміс жүлдеге ие болды. Ал қола жүлдені ел қоржынына 109 килодағы Андас Самарқанов (390 кг), 55 килодағы әлем және Азия чемпионы Арли Чонтей (258 кг) және 73 кило салмақта өнер көрсеткен Алексей Чуркин (340 кг) салды.
Осылайша, біздің құрама бес медальмен жалпыкомандалық есепте Өзбекстан құрамасымен бірге бесінші орынды бөлісті. Ал 9 алтын, 5 күміс медаль олжалаған Қытай құрамасы жалпы есепте топ жарды.