• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика 17 Мамыр, 2023

Ел экономикасы төрт айда 5 пайызға өсті

395 рет
көрсетілді

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралды.

Баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров есепті кезеңде Қазақстан экономикасы 5%-ға өскенін атап көрсетті. Бұл ретте нақты сектордағы өсім 4,8%-ды, ал қызмет көрсету саласында 4,9%-ды құрады. Барлық негізгі салаларда оң динамика байқалады, ең жақсы көрсеткіштерді құрылыс (+15,4%), сауда (+11,2%), сондай-ақ ақпарат және байланыс (+9,7%) салалары көрсетіп отыр.

Негізгі капиталға салынған инвести­ция­­­лар­дың өсу қарқыны 18%-ды құрады. Атап айтқанда, инвестиция тарту көр­сет­кіші көлік және қоймалауда – 39,3%, ауыл шар­уа­шылығында – 26,5%, жылжымайтын мү­лік­пен операциялар жөнінде – 10%, сондай-ақ өнеркәсіпте – 18,1%, оның ішінде тау-кен өндіруде – 17,3% және өңдеу саласында 7% өсіп отыр. Өңірлік тұрғыда үз­дік көрсеткіштер Түркістан (+60,4%), Маң­ғыстау (+46%), Қызылорда (+42,1%) және Батыс Қазақстан (+34,6%) облыстарында байқалады.

Алдын ала жасалған қорытындыға сәйкес қаңтар-наурыз айларында сыртқы сауда айналымы 13,4%-ға өсіп, 32,7 млрд долларды құрады. Экспорт 18,7 млрд долларға жетті, өңделген тауарлардың экспорты 8,1%-ға өсіп, 5,9 млрд доллар болды. Жал­пы есепті кезеңдегі оң сауда балансы 4,8 млрд долларды құрады.

Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, қаңтар-сәуір айларында мемле­кет­тік бюджетке 6,1 трлн теңге кіріс түскен, жоспар 104,6% орындалған. Атап айтқанда, республикалық бюджет 4 трлн теңгеге, жергілікті бюджеттер 2 трлн 123 млрд теңгеге толықты. Барлық өңір бойынша кіріс жоспарлары асыра орындалды. Осы кезеңде мемлекеттік бюджет шығыстары 98,6%-ға, республикалық бюджет 99%-ға, жергілікті бюджеттер 98,6%-ға орындалды.

Мәселені қорытындылаған Премьер-министр Әлихан Смайылов 4 айдың қоры­­тын­дысы бойынша ел экономикасы жақ­­сы өсу қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті.

«Жалпы ішкі өнім көлемі өткен жыл­дың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға ұлғайды. Экономиканың базалық сала­ларында оң динамика сақталды. Өң­деу өнеркәсібі 5,1%-ға өсті», деді Ә.Смайылов.

Сондай-ақ машина жасауда – 36%, оның ішінде автомобиль жасауда – 41%, локомотивтер мен вагондар өндірісінде – 64%, жеңіл өнеркәсіп саласында – 35%, тоқыма өндірісінде – 55%, киім-кешекте – 8%, былғары өнімінде – 2%, сондай-ақ құрылыс саласында 15%-дан аса орнықты өсім қалыптасып отыр.

Азық-түлік және минералды өнімдер өндірісі 8%-ға, электр энергиясын өндіру 6%-ға ұлғайды. Фармацевтика мен ауыл шаруашылығы 4%-ға, мұнай өңдеу 3%-ға, тау-кен өнеркәсібі 2%-ға өсті. Қызмет көр­сету секторы 5%-ға артты. Бұған сауда, ақ­па­рат, байланыс және көлік салалары оң әсер етті.

«Тұрақты инвестициялық белсенділік, оның ішінде шикізаттық емес секторларға инвестиция тарту серпінді экономикалық өсімнің басты факторы болып табылады. Тау-кен өндірісін есепке алмағанда, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі 18%-дан асты», деп атап өтті Премьер-министр.

Жалпы, 4 айдың қорытындысы бо­йынша Абай, Жетісу, Ұлытау, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Пав­лодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында барлық макро­көр­сеткіштің өсуі тіркеліп отыр. Ең төмен көрсеткіштер Атырау және Ақтөбе облыс­тарында байқалады.

«Қазіргі жағдайда біз экономикалық өсімнің жоғары қарқынын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл – оңай шаруа емес. Оған эконо­миканың салаларында үйлесімді жұ­мысты қамтамасыз ете отырып, қол жет­кізуге болады. Алдымызда тұрған міндет­тер­ді орындау үшін әрбір министрлік пен өңірдің қосатын үлесі аса маңызды», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы министрліктер мен өңір басшылары экономиканы одан әрі әртараптандыру және тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты жалғастыруы қажет екенін атап өтті. Бұл орайда ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыруға және шикізаттық емес өнім шығаруға басым­дық берілуге тиіс. Оның айтуынша, іскер­лік белсенділікті арттырып, экономика­ны сапалы дамыту үшін ішкі және сырт­қы инвес­тицияларды тарту жұмысын жандандыру қажет. Сондай-ақ өңдеу өнер­кә­сібі, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, IT, туризм және басқа салаларда жос­пар­лан­ған инвес­ти­­циялық жобалар пулын іске асы­­руға күш салу қажет.

«Біз негізгі капиталға 18,5 трлн теңге мөлшерінде инвестиция тартуымыз керек», деді Премьер-министр алдағы мін­дет­тер жайына тоқтала келе.

Сонымен қатар кәсіпкерлік пен бәсеке­лес­тікті дамыту, сондай-ақ көлеңкелі экономика деңгейін төмендету шараларын әрі қарай жалғастыру маңызды. Әсіресе, шағын және орта бизнесте жұмыс орындарын құруға баса назар аудару керек. Жаңа өндірістердің пайда болуына және қол­даныстағы өндірістерді кеңейтуге бағыт­талған бастамаларды белсенді түрде қол­да­ған жөн.

«Бизнесті ашуға және жүргізуге барынша жағдай жасап, кәсіпкерлердің проблемаларын жедел шешу қажет. Бұл міндет тиісті министрліктер мен әкімдіктердің тұ­рақ­ты бақылауында болуға тиіс», деді Ә.Смайылов.

Экономикалық саясаттағы басымдық­тар­дың бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін ішкі жалпы өнімнің 14,4%-ына дейін бір­тіндеп қысқарту. Биыл 2025 жылға де­йінгі Жекешелендірудің кешен­ді жо­спа­рының 90%-ға орындалуын қамта­ма­сыз ету керек.

Премьер-министр мұнымен қатар баға­ның өсуін тежеуге күш салу қажеттігін атап өтті.

«Біздің мақсатымыз – биыл инфляция­ны 2 есеге төмендету. Ол үшін үйлесімді және нақты шұғыл шаралар қажет. Биыл сәуір айында инфляция 16,8%-ға дейін баяу­лады. Өңір әкімдері әлеуметтік ма­ңы­зы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша сапалы жұмысты жалғастыруы керек», деді Үкімет басшысы.

Ол сондай-ақ Инфляция деңгейін ба­қы­лау және төмендету жөніндегі өзек­тен­дірілген шаралар жоспарын орындау үшін барлық тиісті шараны қабылдау қажет екенін айтты.

Сөзін қорытындылай келе, Премьер-министр қаржылық тәртіпті күшейту және мемлекеттік бюджет шығыстарының тиім­ді­лігін арттыру маңызды екеніне назар аударды. Атап айтқанда, Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар эко­номикасы» бағдарламалары бойынша іске асырылатын шаралардың сапасын жақ­сарту қажеттігін тағы бір еске салды. Қа­ралған мәселеге қатысты министрлерге тиісті тапсырмалар берілді.

Үкімет отырысында өрт қаупі күшейе түсетін маусымға дайындық шаралары қаралды. Бұл мәселе жөнінде баяндаған Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев республикада жыл сайын 1 мыңға жуық орман және дала өрті, сондай-ақ халыққа, мүлікке және табиғатқа қауіп төндіретін 4 мың өрт тіркелетінін айтып өтті.

Бүгінде өңірлер алдын алу іс-шара­ла­рын іске асыруға кірісті: өртке қарсы қыз­мет мамандары шаруа қожа­лық­та­рын аралауды қайта бастады, нұс­қа­малар өткізіліп, ұлттық парктер мен та­би­ғи қо­рық­тар тексерілуде, өрт сөндіру құ­рал­да­ры түгенделіп, алдын алу шаралары түсін­ді­ріліп жатыр.

Сонымен қатар әкімдіктер 590-нан астам өрт сөндіру бекетін құрды. Олар 2 млн тұрғыны бар 2 мыңға жуық елді мекенді өрттен қорғайды. Сондай-ақ 4 мыңнан аса еріктіден тұратын өртке қарсы құрылым жасақталды. Орталық деңгейде табиғи және техногендік сипаттағы болуы мүмкін төтенше оқиғаларды жоюға тартылатын әуе кемелері үшін жаңа су шашатын құрылғыларды сатып алу мәселесі пысықталып жатыр. Азаматтық қорғау саласындағы 2023-2027 жылдарға арналған бірінші кезектегі іс-шаралардың кешенді жоспарының жобасы аясында басқа да бірқатар шара көзделген.

Орман қорындағы табиғи өрттердің алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова айтып берді. Өңірлердің дайындығы тура­­­­лы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев және Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ерлан Спанов баяндама жасады.

Мәселені қорытындылаған Премьер-министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, Қазгидрометтің болжамына сәйкес жаз мезгілі жылдағыдан ыстық әрі құрғақ болады деп күтілуде. Әсіресе, еліміздің батысы мен шығысында және оңтүстігінде өрт қаупі күшеюі мүмкін.

«Сондықтан төтенше жағдайлардың алдын алуға баса көңіл бөлу керек. Қазір­дің өзінде кейбір өңірлерде күрделі жағдай қа­лыптасып отыр. Өткен аптада Қазақ­стан­ның солтүстігінде және Ресейдің шекаралас аймақтарында болған өрттің түтіні елордаға дейін жетті. Ал табиғи өрттерге қарсы дайындық шаралары талапқа сай болмай тұр», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, мұн­дай кемшіліктер мен олқылықтар қайғы­лы жағ­дай­ларға себеп болады. Мәселен, өткен аптада ғана Іле-Алатау ұлттық паркінде бол­ған өртті сөндіру кезінде сержант Арслан Құрманбеков қаза тапты.

«Үкіметтің және жеке өз атымнан мар­құм­­ның туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Төтенше жағдайлар минис­тр­лігі мен Алматы қаласының әкім­дігі қай­тыс болған сержанттың отбасына көмек көр­сетуі қажет», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы күн жылына баста­ған­нан бері елімізде 120-дан аса табиғи өрт оқиғасы тіркелгенін айтты. Олар көп жағдайда адамдардың кінәсінен орын алды. Тіпті елді мекендерге іргелес аумақ­тар мен алқаптардан басталған өрт тұрғын үйлерге ауысып, адамдардың өміріне қауіп төндіріп жатыр. Биыл осындай 14 жағдай тіркелді.

«Бұл – бірінші кезекте, өрт қауіпсіз­дігіне жауапты уәкілетті органдар мен жедел әрекет етуге тиіс төтенше жағдай қыз­меттері мен әкімдіктердің жұмы­сын­дағы кемшілік. Сондықтан өрттен қорғайтын белдеулерді жырту, іргелес аумақтарды қураған шөп­тер­ден тазарту сияқты жұмыстарды тез арада жүргізу керек», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы табиғи өрттерді ерте анықтау жүйелерін белсенді түрде енгізу қажет­тігін айтты. Мәселен, «Бурабай» ұлт­тық табиғи паркінің аумағында енгізіл­ген смарт-жүйенің нәтижесінде былтыр өрт оқиғасы айтарлықтай азайды. Мұндай тәжірибені басқа да табиғи парктер мен қорықтарда пайдалану керек.

Үкімет басшысы тағы бір маңызды мәселеге назар аударды: Қостанай облысында өткен жылы болған өрт тәжірибесі көрсеткендей, тілсіз жауды тез арада сөн­діру үшін Экология және табиғи ресурстар және Төтенше жағдайлар министр­ліктері орман алқаптарының маңында су көздері мен өрт тоғандарын дайындауға тиіс. Олар өрт сөндіру техникаларына ғана емес, сонымен бірге тікұшақтардың да су алуы үшін қажет.

«Жалпы Төтенше жағдайлар министр­лігі мүдделі мемлекеттік органдармен бір­ле­сіп, Еліміздегі орман және дала өртте­рінің алдын алу мен жою жөніндегі арнайы ведомствоаралық жоспардың іске асырылуын күнделікті бақылауға алуы керек», деді Премьер-министр.

Соз соңында Үкімет басшысы елді мекендерде өрт сөндіру бекеттері мен ерікті өртке қарсы құрылымдарды ұйымдастыру жұмысын жалғастыру, өрт қаупі жоғары жерлерде қосымша бақылау бекеттерін қойып, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақ­тау мәселесі бойынша халық арасында түсін­ді­ру жұмыстарын күшейту керектігін айтты.