• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 18 Мамыр, 2023

Білімді ұрпақ – білімді ел

626 рет
көрсетілді

Елордада дәл осындай атаумен конференция өтті. Оған Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов қатысты. Жиында білім саласындағы өзекті мәселелер қозғалды.

А.Көлгіновтің айтуынша, Мем­­лекет басшысы педагогтерді қол­­дауға ерекше көңіл бөліп отыр. Көптеген маңызды шешім қа­был­данды. Айталық, педагог мәр­тебесі туралы заң күшіне енді, ұс­таздардың жалақысы үш жылда екі есе артты, қағазбастылық екі есе азайды.

– Білім жүйесінде бірлескен жедел шешімді талап ететін әлі де бірқатар маңызды мәселе бар. Мәселен, қазіргі ең өзекті мәсе­лелердің бірі – мектепке дейінгі және орта білім берудегі орын тапшылығы. Оған қоса өңірлік бөліністе білім сапасының ал­шақ­тығы байқалады, яғни өңір­лердегі білім сапасы әртүрлі болып отыр. Сондай-ақ өңірлерде педагогтердің және басқару кадр­ларының тапшылығы бай­қа­лады. Шалғайда орналасқан 3 мың мектеп жылдам интернетке қол жеткізе алмай отыр. Жоға­ры оқу орындары студенттерінің ­жа­тақханаға қажеттілігі сезіледі. Қа­зіргі уақытта 70 мың орын тап­шылығы бар. Халықаралық зерттеу нәтижесі бойынша қала мен ауыл арасындағы білім са­пасының алшақтығы 38 ұпай­ды құрайды. Үкімет пен орталық және жергілікті органдардың алдында халықаралық стандарттар­ға жету міндеті тұр. Бұл үшін көп жұмыс істеу керек. Үкімет бі­лім берудің барлық деңгейінде ин­фрақұрылымды дамыту, оқу сапасын жақсарту, тәрбие жұмысын күшейту, педагог мамандығының тартымдылығын арттыру бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатыр, – деді А.Көлгінов.

Аталған мәселелерді жүйелі шешу үшін биыл екі маңызды тұ­жырымдама қабылданған. Бі­ріншісі – мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік оқыту­ды дамыту тұжырымдамасы, екін­­ші­сі – жоғары білім мен ғылым­ның дамуы. Президент тапсырма­сымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жайлы мектептер әзірленген.

– Тапшылық мәселесін шешу үшін 2026 жылға дейін оқушыға арналған 1,5 млн орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Олардың бір бөлігі «Жайлы мектеп ұлттық жобасы бойынша салынады. Басқа бөлігі инфрақұрылымды дамы­ту қоры арқылы төленеді. Нау­рыз айында бүкіл ел бойынша 72 мек­­теп­тің құрылысына қолдау көр­сеттік. Сон­дай-ақ қолжетімді интернет жобасы іске асып жатыр. Үздік педагогтерді тарту бойынша арнайы бағдарлама енгізілді. «Білім беру өзгерістерінің мың көшбасшысы» бағдарламасы қалыптасып жатыр. 2025 жылға дейін шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда 5 мың мектеп жаңғыртыла­ды. Роботтехника, химия, биология, физика, STEM бойынша 7 мың заманауи мектеп кабинеті ашылады. Бұл, әрине, білім сапасын жақсартады. Жатақханадағы орын тапшылығы мәселесі 2025 жылға дейін жыл сайын 10 мың орынды енгізу жолымен шешіледі, – деп нақтылады Үкімет басшысының орынбасары.

«Білім беру өзгерістерінің мың көшбасшысы» бағдарламасы туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтып берді. «Білім жүйесінің жетістігі мұғалімдер, оқушылар, мектеп директорлары, ата-аналар, ғылыми орта­лық­­тар, атқарушы органдар арасында коммуникацияның дұрыс құрылуына байланысты болып отыр. Осы орайда жауапкершілік­тің дұрыс құрылуы маңызды. Атап айтқанда, сынып ішінде мұғалім білім сапасына толық жауапты болса, мектеп басшысы – мектеп деңгейінде білім беру сапасына және коллаборацияға жауапты. Аудандық білім бөлімдері – аудан­дық директорлар корпусының сапасына, өңірлік білім басқарма­лары – өңір деңгейіндегі директорлар корпусының сапасы мен жалпы басқаруына жауапты. Қа­зіргі уақытта Қазақстанда білім басқарушыларының жүйелі даяр­лау бағдарламасын әзірлеу қажет­ті­лігі туындап отыр. Бұл бағыт­та жалпы басқарушы, персоналды көшбасшылық және менеджмент дағдыларын үйрену басшылық лауазымға тағайындалған соң жүр­гізілетінін көріп отырмыз. Уақыт өткен сайын мектеп дирек­торларының тапшылығы да бай­қалып, білім мекемелері бас­шы­ла­рының жалақысын арттыру қа­­­­жеттігі туындап отыр. Осыған орай Президент тапсырмасымен «Білім беру өзгерістерінің мың көш­басшысы» бағдарламасын әзір­­леп жатырмыз. Бұл жалпы орта білім беру жүйесін басқару мен көш­­басшылықтың заманауи құзы­реттеріне ие білікті мамандар­мен қамтамасыз етеді», деді министр.

Сала басшысының айтуынша, 2023 жылдың мамыр айындағы жағдай бойынша республикада 340 директор жетіспей­ді. 144 директор зейнет жасына жақындап қалған. Сондай-ақ «Жай­лы мектеп» жобасы бойынша салынатын 401 мектепке де директорлар қажет.

– Елдегі білім мекемелерін цифр­­ландыру үдерісін ауыл мек­тептерінен бастауды көздеп отырмыз. Ауыл мен қала мектептерін­дегі алшақтықты жою үшін 2024 жылы цифрландыру басталған­ға дейін бұл мектептердің деңге­йін теңестіріп үлгеруіміз керек. Сонда 2024 жылы қыркүйекте цифр­ландыру басталғанда ауыл мектеп­тері мен қала мектептері­нің жағдайы ­бір деңгейде болады. Бұл ретте ауыл мектепте­рін қолдау мақсатында бірнеше шара қарастырып отыр. Жалпы, елімізде 5 мыңнан астам ауыл мек­тебі бар. Түбінде ауыл мек­теп­тері жалпы қазақстандық білім жүйесінің драйверіне айна­луы керек. Яғни ауыл мектептерінде білім жоқ, сапа төмен дегеннен гөрі барлығы үлгі алатындай дең­гейге көтеруіміз керек. Бұл ше­­шім жаңа ғана қабылданып отыр­ған жоқ, әбден пісіп, толық қа­былданған дүние. Биылдан бас­тап ауыл мектептері арасында рес­­публикалық пән олимпиадасы ұйымдастырылады. Бұған дейін көп шағым болды, ауыл балалары республикалық олимпиадаларға қатыса алмайды, Республика­лық физика-математика мектебі, Назарбаев зияткерлік мектептері оқу­шыларының арасында көрін­бей қалады деген шағымдар бол­ған. Сондықтан әріптестеріміздің бөлек олимпиада керек деген ұсы­нысын қабылдап, осындай жаңа­лықты енгізіп отырмыз, – деді Ғ.Бейсембаев.

Осы орайда 2026 жылға қа­рай 191 ауыл мектебі NIS әдістемесі­мен оқи­тын болады. Бұл ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақ­тықтықты азайтуда NIS әдістемесі нәтиже бере бастады деген сөз.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Зияткерлік мек­тептер жалпы білім беретін мек­тептермен бірлесе отырып қала мен ауыл білімі арасындағы айырмашылықты азайтуға негіз­дел­ген маңызды стратегияны жү­зеге асыру үстінде. Ауыл мек­теп­­теріндегі білім сапасының өзек­­тілігі Назарбаев зияткерлік мек­теп­терінің 2020 жылы ауыл мек­тептерін қолдау бойынша жо­бала­рын бастауына негіз болды. «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы аясында Зияткерлік мектептері 3 негізгі бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Бірінші бағыт мектептің қазіргі жағдайы мен негізгі үдерістерін толық диагностикалау мен зерттеуді қамтыса, екінші бағыт әр мек­тептің анықталған проблемалары негізінде толық әдістемелік қолдау көрсету. Ал үшінші бағыт мектептердің материалдық-тех­никалық базасын жаңартуға негіз­делген, – деді «Назарбаев зият­керлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төр­ағасы Әнуар Жанғозин.

Оның айтуынша, NIS әзірле­ген әдістемемен оқып жатқан 17 ауылдық мектеп оқушыларының үлгерімі айтарлықтай жақсар­ған. «Жоба бір жылдан аз уақытқа со­зылғанына қарамастан, біз оның тиімділігін көріп отырмыз. Пәндік білімнің шығу мониторингінің қо­рытындысы бойынша 4-сы­нып оқушылары математика және қазақ тілі пәндерінен үлгерім­дері жақсарғанын байқатты. Ал 8-сынып оқушылары 9 пәннің 7-еуінен оң динамиканың бар еке­нін көрсетті. Бұл халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізілген зерттеулердің нәтижелері. Біз осы бағытта мектептермен жұмыс­ты жалғастырамыз. Сондай-ақ ауыл оқушылары қалада оқитын қа­тарластарынан қалмай роботтех­ни­ка олимпиадаларына, пәндік сайыстарға, спорттық жарыстарға қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Биылғы NIS-тің дәстүрлі Наурыз кездесулерінде 13 ауыл оқушысы 3D биопринтинг, ақылды протездер және биоинтерфейс саласындағы ғылыми жобаларын ұсынды, деді Ә.Жанғозин.

Айта кетейік, «Білімді ұрпақ – білімді ел» конференциясын «Қазақстан халқына» қоры ұйым­дастырды. Жиын қордың іске асырып жатқан қайырымдылық бағдарламаларын таныстыру және талқылау, тиімді бастамаларды айқындау, еліміздің білім жүйесін одан әрі дамытуды қарастыру диалог алаңына айналмақ.