Елордада дәл осындай атаумен конференция өтті. Оған Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов қатысты. Жиында білім саласындағы өзекті мәселелер қозғалды.
А.Көлгіновтің айтуынша, Мемлекет басшысы педагогтерді қолдауға ерекше көңіл бөліп отыр. Көптеген маңызды шешім қабылданды. Айталық, педагог мәртебесі туралы заң күшіне енді, ұстаздардың жалақысы үш жылда екі есе артты, қағазбастылық екі есе азайды.
– Білім жүйесінде бірлескен жедел шешімді талап ететін әлі де бірқатар маңызды мәселе бар. Мәселен, қазіргі ең өзекті мәселелердің бірі – мектепке дейінгі және орта білім берудегі орын тапшылығы. Оған қоса өңірлік бөліністе білім сапасының алшақтығы байқалады, яғни өңірлердегі білім сапасы әртүрлі болып отыр. Сондай-ақ өңірлерде педагогтердің және басқару кадрларының тапшылығы байқалады. Шалғайда орналасқан 3 мың мектеп жылдам интернетке қол жеткізе алмай отыр. Жоғары оқу орындары студенттерінің жатақханаға қажеттілігі сезіледі. Қазіргі уақытта 70 мың орын тапшылығы бар. Халықаралық зерттеу нәтижесі бойынша қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығы 38 ұпайды құрайды. Үкімет пен орталық және жергілікті органдардың алдында халықаралық стандарттарға жету міндеті тұр. Бұл үшін көп жұмыс істеу керек. Үкімет білім берудің барлық деңгейінде инфрақұрылымды дамыту, оқу сапасын жақсарту, тәрбие жұмысын күшейту, педагог мамандығының тартымдылығын арттыру бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатыр, – деді А.Көлгінов.
Аталған мәселелерді жүйелі шешу үшін биыл екі маңызды тұжырымдама қабылданған. Біріншісі – мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік оқытуды дамыту тұжырымдамасы, екіншісі – жоғары білім мен ғылымның дамуы. Президент тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жайлы мектептер әзірленген.
– Тапшылық мәселесін шешу үшін 2026 жылға дейін оқушыға арналған 1,5 млн орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Олардың бір бөлігі «Жайлы мектеп ұлттық жобасы бойынша салынады. Басқа бөлігі инфрақұрылымды дамыту қоры арқылы төленеді. Наурыз айында бүкіл ел бойынша 72 мектептің құрылысына қолдау көрсеттік. Сондай-ақ қолжетімді интернет жобасы іске асып жатыр. Үздік педагогтерді тарту бойынша арнайы бағдарлама енгізілді. «Білім беру өзгерістерінің мың көшбасшысы» бағдарламасы қалыптасып жатыр. 2025 жылға дейін шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда 5 мың мектеп жаңғыртылады. Роботтехника, химия, биология, физика, STEM бойынша 7 мың заманауи мектеп кабинеті ашылады. Бұл, әрине, білім сапасын жақсартады. Жатақханадағы орын тапшылығы мәселесі 2025 жылға дейін жыл сайын 10 мың орынды енгізу жолымен шешіледі, – деп нақтылады Үкімет басшысының орынбасары.
«Білім беру өзгерістерінің мың көшбасшысы» бағдарламасы туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтып берді. «Білім жүйесінің жетістігі мұғалімдер, оқушылар, мектеп директорлары, ата-аналар, ғылыми орталықтар, атқарушы органдар арасында коммуникацияның дұрыс құрылуына байланысты болып отыр. Осы орайда жауапкершіліктің дұрыс құрылуы маңызды. Атап айтқанда, сынып ішінде мұғалім білім сапасына толық жауапты болса, мектеп басшысы – мектеп деңгейінде білім беру сапасына және коллаборацияға жауапты. Аудандық білім бөлімдері – аудандық директорлар корпусының сапасына, өңірлік білім басқармалары – өңір деңгейіндегі директорлар корпусының сапасы мен жалпы басқаруына жауапты. Қазіргі уақытта Қазақстанда білім басқарушыларының жүйелі даярлау бағдарламасын әзірлеу қажеттілігі туындап отыр. Бұл бағытта жалпы басқарушы, персоналды көшбасшылық және менеджмент дағдыларын үйрену басшылық лауазымға тағайындалған соң жүргізілетінін көріп отырмыз. Уақыт өткен сайын мектеп директорларының тапшылығы да байқалып, білім мекемелері басшыларының жалақысын арттыру қажеттігі туындап отыр. Осыған орай Президент тапсырмасымен «Білім беру өзгерістерінің мың көшбасшысы» бағдарламасын әзірлеп жатырмыз. Бұл жалпы орта білім беру жүйесін басқару мен көшбасшылықтың заманауи құзыреттеріне ие білікті мамандармен қамтамасыз етеді», деді министр.
Сала басшысының айтуынша, 2023 жылдың мамыр айындағы жағдай бойынша республикада 340 директор жетіспейді. 144 директор зейнет жасына жақындап қалған. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынатын 401 мектепке де директорлар қажет.
– Елдегі білім мекемелерін цифрландыру үдерісін ауыл мектептерінен бастауды көздеп отырмыз. Ауыл мен қала мектептеріндегі алшақтықты жою үшін 2024 жылы цифрландыру басталғанға дейін бұл мектептердің деңгейін теңестіріп үлгеруіміз керек. Сонда 2024 жылы қыркүйекте цифрландыру басталғанда ауыл мектептері мен қала мектептерінің жағдайы бір деңгейде болады. Бұл ретте ауыл мектептерін қолдау мақсатында бірнеше шара қарастырып отыр. Жалпы, елімізде 5 мыңнан астам ауыл мектебі бар. Түбінде ауыл мектептері жалпы қазақстандық білім жүйесінің драйверіне айналуы керек. Яғни ауыл мектептерінде білім жоқ, сапа төмен дегеннен гөрі барлығы үлгі алатындай деңгейге көтеруіміз керек. Бұл шешім жаңа ғана қабылданып отырған жоқ, әбден пісіп, толық қабылданған дүние. Биылдан бастап ауыл мектептері арасында республикалық пән олимпиадасы ұйымдастырылады. Бұған дейін көп шағым болды, ауыл балалары республикалық олимпиадаларға қатыса алмайды, Республикалық физика-математика мектебі, Назарбаев зияткерлік мектептері оқушыларының арасында көрінбей қалады деген шағымдар болған. Сондықтан әріптестеріміздің бөлек олимпиада керек деген ұсынысын қабылдап, осындай жаңалықты енгізіп отырмыз, – деді Ғ.Бейсембаев.
Осы орайда 2026 жылға қарай 191 ауыл мектебі NIS әдістемесімен оқитын болады. Бұл ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықтықты азайтуда NIS әдістемесі нәтиже бере бастады деген сөз.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Зияткерлік мектептер жалпы білім беретін мектептермен бірлесе отырып қала мен ауыл білімі арасындағы айырмашылықты азайтуға негізделген маңызды стратегияны жүзеге асыру үстінде. Ауыл мектептеріндегі білім сапасының өзектілігі Назарбаев зияткерлік мектептерінің 2020 жылы ауыл мектептерін қолдау бойынша жобаларын бастауына негіз болды. «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы аясында Зияткерлік мектептері 3 негізгі бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Бірінші бағыт мектептің қазіргі жағдайы мен негізгі үдерістерін толық диагностикалау мен зерттеуді қамтыса, екінші бағыт әр мектептің анықталған проблемалары негізінде толық әдістемелік қолдау көрсету. Ал үшінші бағыт мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға негізделген, – деді «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.
Оның айтуынша, NIS әзірлеген әдістемемен оқып жатқан 17 ауылдық мектеп оқушыларының үлгерімі айтарлықтай жақсарған. «Жоба бір жылдан аз уақытқа созылғанына қарамастан, біз оның тиімділігін көріп отырмыз. Пәндік білімнің шығу мониторингінің қорытындысы бойынша 4-сынып оқушылары математика және қазақ тілі пәндерінен үлгерімдері жақсарғанын байқатты. Ал 8-сынып оқушылары 9 пәннің 7-еуінен оң динамиканың бар екенін көрсетті. Бұл халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізілген зерттеулердің нәтижелері. Біз осы бағытта мектептермен жұмысты жалғастырамыз. Сондай-ақ ауыл оқушылары қалада оқитын қатарластарынан қалмай роботтехника олимпиадаларына, пәндік сайыстарға, спорттық жарыстарға қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Биылғы NIS-тің дәстүрлі Наурыз кездесулерінде 13 ауыл оқушысы 3D биопринтинг, ақылды протездер және биоинтерфейс саласындағы ғылыми жобаларын ұсынды, деді Ә.Жанғозин.
Айта кетейік, «Білімді ұрпақ – білімді ел» конференциясын «Қазақстан халқына» қоры ұйымдастырды. Жиын қордың іске асырып жатқан қайырымдылық бағдарламаларын таныстыру және талқылау, тиімді бастамаларды айқындау, еліміздің білім жүйесін одан әрі дамытуды қарастыру диалог алаңына айналмақ.