Мәжілісте «Ғылымды дамыту туралы» Үкімет сағаты өтті. Депутаттар алдында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек салаға қатысты мәселелерді баяндап берді.
Іс-шараны ашқан Парламент төрағасының орынбасары Дания Еспаева қаралып отырған мәселенің маңызына тоқталып, Президент ғылымды дамытуға айрықша басымдық беріп, бірқатар тапсырма жүктегеніне назар аударды.
«Парламент депутаттары «Ғылым туралы» заңға түзетулер енгізуге бастама жасады. Оның басым бағыттары – жетекші ғалымдарды тұрақты және лайықты жалақымен қамтамасыз ету. Ғылыммен айналысатын іргелі ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру. Гранттық қаржыландыру мерзімін 5 жылға дейін ұлғайту, ұлттық ғылыми кеңестердің шешімдеріне апелляция институтын енгізу. Коммерцияландыру жобасында аккредиттелген субъектілерге және өзге де қатысушыларға ғылыми, ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға мемлекеттік грант беру. Өткен жылы Ұлттық ғылым академиясының мерейтойлық сессиясында Мемлекет басшысы академияға ерекше мәртебе беруді тапсырды. Академия ғылыми ойдың орталығына айналып, ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтің басым бағыттары бойынша көшбасшы болуға, түрлі салаларда ғылыми-зерттеулер жүргізуге, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және ғылымды танымал етуге қатысуға тиіс», деді Д.Еспаева.
Спикер орынбасары қазіргі таңда Академия алдына елдегі ғылымды алдыңғы позицияларға шығаруға бағытталған жаһандық мақсат-міндеттер қойылып отырғанын айтты. Кейінгі бес жылда елімізде ғылымға жұмсалатын шығыстар 60 пайызға дейін өсті, олардың басым бөлігі бюджет қаражатынан құралған екен.
«Былтыр ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын шығыстар 89 млрд теңгеден 109 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, ғылым саласында ғылыми-техникалық қызметте елеулі нәтижелер байқалмайды. Талқылау барысында ғылым саласындағы ең өткір әрі жүйелі проблемаларды, оның нәтижелерін коммерцияландыруды қарастыру арқылы оңтайлы шешімдер табамыз деген үміттеміз», деді Д.Еспаева.
Бұдан кейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз алды. Сала басшысының айтуынша, қазіргі таңда елімізде 22 456 ғылыми кадр бар. Олардың 37 пайызы ғылыми және академиялық дәрежеге ие. Сондай-ақ зерттеушілердің 34 пайызын – 35 жасқа дейінгі жас ғалымдар, 43 пайызын – 35-54 жастағылар, 23 пайызын 55 жастан асқандар ғалымдар құрайды.
«Алайда ғылыми-зерттеу институттарында басшы кадрлардың қартаюы байқалып отыр. Елімізде 414 ұйым ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүзеге асырып жатыр. Мемлекеттік секторға бағынатын ұйымдардың саны 26 пайыз ғана. 43 пайызы кәсіпкерлік жемеменшік ұйымдарға тиесілі. Осы орайда бизнес біртіндеп ғылыми-зерттеу жұмысына бетбұрыс жасады», деді С.Нұрбек.
Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрі өз сөзінде Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында берген тапсырмасына сәйкес ғылымды қаржыландыруды кезең-кезеңімен ұлғайтылатынына тоқталды. Ғылымды қаржыландыру кейінгі үш жылда 3 есеге артқан.
«Бұл қарқын 2021 жылдан басталды және оны жалғастырып келеміз. 2020 жылы 80,2 млрд теңге болса, биыл 172,8 млрд теңге қарастырылды. Ғылым саласына 2024 жылы 247 млрд теңге, 2025 жылы 243 млрд теңге бөлінеді. Сондықтан осы қарқынмен ішкі жалпы өнімге шаққандағы ғылымды қаржыландыру үлесін көтереміз. Бұл бағытта Мемлекет басшысы, Үкімет жағынан нақты қолдау бар», деді С.Нұрбек.
Бұдан бөлек, ол ғылыми жобаларды коммерцияландыру қаржысы 4 есеге өскенін айтты. Осы ретте 2021 жылы 5,4 млрд теңге болса, 2023 жылы 17,1 млрд теңгеге жетті. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 25 млрд теңге болады деп жоспарланып отыр. Қолданбалы ғылыми зерттеулерді қаржыландыру 1,6 есеге өскен.
«Қазақстанда жүргізілген бірқатар реформаға қарамастан, кейінгі 30 жылда ғылым экономикалық даму мен азаматтардың әл-ауқатының өсуінің негізгі драйверіне айналмады. 1991 жылы ғылым саласында 52 мың зерттеуші тіркелсе, 2000 жылы 12 мың ғана адам қалды. 90-жылдары 30 мыңнан астам адам басқа салаға ауысып кетті. Қазір енді ғылыми кадрлар саны 22 мыңнан асып отыр», деді С.Нұрбек.
Оның айтуынша, салаға қаражат бөлініп жатыр, ғылыми зерттеу гранттары игеріледі. Алайда инновациялық өнімнің нақты салалық өндірістегі, халықтың күнделікті өміріндегі үлесі өте аз. Сондықтан осы негізгі мәселені шешу керек.
«Университеттер мен индустрия арасындағы ынтамақтастыққа тоқталсақ, жоғары оқу орындары ғылыми-зерттеу мен инновацияның қайнар көзіне айнала алмай отыр. Зерттеу форматына, моделіне көшкен университтердің үлесі аз», деді С.Нұрбек.
Оның сөзіне қарағанда, ғылыми жаңғырту және цифрландыру аясында маңызды іс-шаралар атқарылмақ. Зертханаларды жабдықтауға қомақты қаражат қарастырылып отыр.
«Өңірлердегі 15 жоғары оқу орнын таңдадық. Оларды зерттеу университеті моделіне біртіндеп көшіреміз. Негізгі ғылыми зерттеу әлеуеті жоғары оқу орындарына тиесілі болуы керек. Бірқатар дамыған елде осы бағытқа басымдық берілген. Біз де осы реформаны бастадық. Енді негізгі жүкті жоғары оқу орындарына жүктейміз», деді С.Нұрбек.
Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, ғылым саласы мен білім салаларында жылдам жеңіске жету өте қиын.
«Ғалымдардың жалақысын өсіру мәселесіне тоқталсақ. Президенттің осы тапсырманы орындау үшін 2021 жылдың соңында Парламент заң қабылдады. Білім және ғылым министрлігі 2022 жылғы республикалық бюджетке керекті қаражатты енгізеді, шілде айынан бастап төленеді деп жоспарланған. Бірақ та сол кезде министрлік қайта құрылған соң осы төлемдер ғалымдарға қыркүйек айынан бастап төлене басталды. Ал ғылыми саланы қаржыландыруды өсіруге қатысты шешім Президенттің тапсырмасымен Республикалық бюджет комиссиясының шешімі негізінде 2021 жылы қабылданды. Ұлттық жобада осындай көтеру көрсеткіштері бекітілді», деді А.Аймағамбетов.
Депутаттың айтуынша кейінгі екі жылдың ішінде ғылымды дамыту үшін Президент 12 маңызды тапсырма берген. Олардың бәрі заңнамалық деңгейде іске асырылды. Бірақ іс жүзінде іске асырылмай отырғанын жеткізді.
«Ғылыми ұйымдарды тікелей қаржыландыруды енгізуге қатысты тиісті норманы депутаттық корпус 2021 жылдың соңында қабылдады. Тікелей қаржыландырудың барлық тетігі 2022 жылдың екінші жартысында іске қосылады деп күтілген еді», деді А.Аймағамбетов.
Талқылау барысында сөз алған депутат Ерболат Саурықов ғылым саласына бөлінетін қаражат дамыған елдермен салысырғанда өте төмен екенін жеткізді. Сондай-ақ еліміздің ғылымдағы коммерцияландыру көрсеткіштері әлі де нашар екеніне тоқталды.
«Отандық сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы ғылымның ең үлкен проблемасы қаржыландырудың төмендігінде ғана емес, оның нақты секторда сұранысқа ие емес. Елімізде мемлекет ғылыми-зерттеулердің басты инвесторы саналады. Жыл сайын қаржыландырудың көлемі айтарлықтай өссе де біздің отандық ғылым еліміздің экономикасының тұрақты түрде дамуына еш септігін тигізбей отыр», деді Е.Саурықов. Осы орайда, депутат Қазақ қой шаруашылығы ҒЗИ, Қазақ Агроөнеркәсіп кешені экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ҒЗИ, «Агроинженерия» ҒЗО үш жылға қаржысыз қалғанына назар аударды.
«Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндіру ҒЗИ-і берілген төрт жобаның біреуін ғана жеңіп алды. Жағдай дәл осы күйінде қала берсе, ғылымда тұрақсыздық туғызып, кадрлардың басқа салаларға кетіп қалуына, ғылыми-зерттеулердің нәтижесінің төмендеуіне, ғылым беделінің мүлдем жоғалуына әкеліп соғады. Сондықтан аграрлық және өзге саладағы бүкіл ғылыми институттарды Ғылым және жоғары білім министрлігіне қайтарып, оларды қаржыландыруды базалық және бағдарламалық нысаналы түрде, сонымен тікелей қаржыландыру ережесін енгізу керек», деді Е.Саурықов.