• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Шілде, 2014

Мәмілегер

1438 рет
көрсетілді

Өткенсіз бүгін болмайды. Бүгінгі ұрпақтың міндеті өзінің алдындағы ата-бабаларының ұйытқылыққа баулыған үлгісін жаңғыртып, атақты тұлғалардың өнегесінен үйреніп отырса ұтылмайды. Әсіресе, қазақтың келешегіне кемелдікпен қызмет еткен билер мен батырларды, жұртының жоқшысы болған ақыл иелерін танып-білуден алар тағылым аз емес. Сондай асыл туған арыстарымыздың бірі, батыр десең батыр, би десең би, мәмілегер десең мәмілегер Пұсырман Қонысбайұлы еді. Жалпы, батырлық қазақтың қанына сіңген қасиет. Оны халқымыздың өткен ғасырдағы алыптарының бірі, бірі емес-ау бірегейі Бауыржан Момышұлының: «Ерлік бізге табиғаттың берген сыйы емес. Ол ұзақ жылдар бойғы отансүйгіштік пен тәрбиенің жемісі», деген аталы сөзі соны дәйектеп тұрғандай. Мақалаға арқау етіп отырған Пұсырман Қонысбайұлы – Хантәңірінің баурайынан қанаттанған асылдың тұяғы. Арғы ата-бабаларынан бастап елдік іске, қазақтың бүтіндігіне қызмет еткендер. Пұсырман кім дегенге жауап беру үшін тарихи деректерге жүгінуді жөн көрдік. Қазақ топырағы талай шапқыншылықты бастан өткерген, қиян-кескі ұрыстар аз болмаған. Соған бабаларымыз жұдырықтай жұмылып, бірлесіп қарсылық көрсеткен. Киелі топырағына көзін алартқандарды бастырмау үшін, жасанып жауға аттанып отырған. Соның бірі – осы Пұсырман. Заманындағы Жоңғар шапқыншылығы кімді атқа қондырмады дейсіз. Осы алапат айқастан кейін қазақтың ақылды арыстары шығыстағы көрші ел Цин мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынасқа ұмтылады. 1758 жылы Райымбек батырдың атасы Ханкелді батыр бас болып атақты Төле бидің ұлы Жоланмен (Жәулен) бірге Пұсырман Қытай еліне барған. Патшасымен мәміле жүргізіп, шекараға қатысты мәселелерді талқылаған. Осы деректің жалаң емес екенін нақты мысалмен алға тартуды жөн көріп отырмыз. Көрші мемлекеттегі ғалымдар жазып, 1987 жылы жарыққа шыққан, ал 1993 жылы Қазақстанда басылған «Қазақтың көне тарихы» деген кітаптың 302-ші бетінде Қытай жұртымен болған мәмілегерлік туралы төмендегі дерек сөзімізге мысал бола алады. «1758 жылы қарашада Төле бидің баласы Жәулен және Ханкелдінің інісі Пұсырман елші болып астанаға барып, Чианлұң патшаға жолықты. Чианлұң патша оларға Пәншанда арнаулы қонақасы берді, Уаң Нәниуан оларды ертіп жүріп, гүлшырақ тамашасын тамашалатты,» делінеді деректе. Осыған қосып айтар тағы бір мәселе мынау: Жолан мен Пұсырман бабаларымыздың Қытаймен жүргізген мәмілегерлігін бейнелеген сурет 250 жылға таяу уақыттан кейін қолға тиді. Бұл Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүзеге асқанын айтуға тиістіміз. Ол сурет таяу жылдары Астанаға жеткізіліп, ашылу салтанаты жоғары дәрежеде өтті. Аталмыш жәдігер жайлы да аз-кем мә­лі­мет бере кеткен жөн деп ойлаймын. Сурет «Қазақтардың Цин патшасына арғымақ сыйлауы» деп аталады. Авто­ры итальяндық суретші Джузеппе Кас­тильони. Бұл рухани құндылық ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында салынған. Түпнұсқасы Париж қаласындағы «Шығыс өнері мұражайында» сақтаулы тұр екен. Ол жаққа қалай барған деген сұрақ туа қалса, берер жауабымыз: 1860 жылы Бейжіңге британ мен француз біріккен армиясы басып кіргенде олжалап кеткен көрінеді. Ал құнды дүниенің фотокөшірмесін қазақ топырағына әкелген профессор Меруерт Әбусейітова болса, тарихын салыстыра зерттеп, 1758 жылы Жоңғар хандығы талқандалғаннан кейін Цин императорына елшілікке барған Жолан Төлеұлы бастаған Пұсырман би мен Меңнияз қожа екенін анықтаған профессор Сейітқали Мәдуанов. Фотокөшірмені жасаған суретші Асейн Жұмабеков, ал жоба жетекшісі айтулы өнер шебері Ерболат Төлепбай. Сол секілді, ұлттық тарихқа қосылған дүниені елге жеткізіп, игілікке жарату ісін ұйымдастырған азамат Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілімбай Дайырбеков екенін де айта кетуіміз керек. Бұл күндері Пұсырман ұрпақтары ол туралы деректерді жоғарыдағыдай дүниелерден ғана жинақтап жүр. Оған тағы бір дәйекті қоса кетуді парыз санаймыз. Қазақтың көрнекті жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділов ағамыз өзінің екі томнан тұратын «Дарабоз» романында Жолан мен Пұсырман туралы жазған. Дилогияның «Аттаныс» тарауында: «Төле сөзінің соңын Қабанбайға арнады: Естіп жатырмыз... Қазақтың өзінен гөрі «ұзын құлағы» бұрын жүреді. Найзаның ұшын қай тарапқа қаратамыз дегенде араларында әжептәуір дау болған көрінеді... Сол кезде, ауған түйені басқандай ханның да, қарашаның да назарын Қаратауға қарай бұрған өзің болыпсың, Дарабозым. Не айтайын Құдай бағыңды асырып, мәртебеңді көтере берсін! Алғашқы қауышу сәтінде Қабанбай да іштей толқып қатты тебіреніп тұрған-ды. – О не дегеніңіз, Төке?! Түркістанда ту тігіп Төле биден бата алмаған жорықтың сәні болушы ма еді? Сіздің бір ауыз сәлеміңіз аттың басын осылай бұруға мәжбүр етті. Тек қазақ жері жаудан толық тазарып, жеңісті өзіңізбен бірге тойлауға Алла нәсіп етсін! – деген ұлы биді қайта құшақтап. – Айтқаның келсін! Құдай бәрімізді сол күнге жеткізсін! – деді Төле де топқа тіл қатып. Осыдан үш жыл бұрын Сарысуда өткен хан кеңесінен кейін Төле биді көріп тұрғаны осы ғой, соңғы жылдар тауқыметі жеңіл тимеген болар, қайран қарт шөгіңкіреп кетіпті. Оңай ма, Төленің Жолан деген баласы Ойрат ордасында аманатта жүр. Қайта соның бәрін елемей ереуіл бастап жүргені нағыз ерлік десейші.» «Албан Ханкелді батыр мұнымен қарайлас, ұзаса 3-4 жас қана үлкен сияқты. Қазір сақал-шашы ұнға малып алғандай қатты ағарып қартайып кетіпті. Қабанбаймен қайта-қайта құшақтасып, шұрқырасып табысқандардың бірі сол болды. Айтып отырса албан ауылдарының көрмегені жоқ. Ханкелдінің інісі Пұсырман да Ойрат ордасында аманатта жүрген көрінеді. Мына бүліктен кейін олардың тағдыры не болары белгісіз. Қазір көңіліне медеу тұтары аламан әскер ойынына қатысып жүрген жасы жиырмаға жаңа ілінген немересі бар екен. Ханкелді бір әредікте немересі Райымбекті ертіп әкеліп Қабанбайға сәлем бергізді» дейді. Осы үзінді де тарихи ақиқаттан хабар беріп тұрғаны анық. Қазақта тектілік, тектінің ұрпағы деген сөз бар. Пұсырманның арғы жағындағы аталарынан бастап, күні кеше жұрт аузынан түспеген Жақыпберді мерген мен 23 жасында өмірден өткен, әйтсе де, артына өлең-жырдан өшпес мұра қалдырған Әуезхан Белгібайұлына дейінгі Пұсырман әулеті шетінен халықшылдығымен танылған азаматтар. Оған жоғарыда айтқан Әуезхан ақынның «...Қайтпайтын алған беттен, айтқан серттен, Байсейіт, Қонысбай мен Пұсырман бай. Бәрі де қамал бұзып, батыр өткен» деген сөз мысал бола алады. Пұсырман қырғыз, қазаққа ерте танылған арыстардың бірі екен. Жасы келгенде ел ағасы атаныпты. Оны кейде Мұсылманбай деп те атаған. Себебін, көнекөздер іштен сүндеттеліп туғанымен түсіндіреді. Дәулетіне келетін болсақ, 3 мың жылқы бітіпті. Жасы 90-ға таяғанда абыз атанып, алыс-жақыннан адамдар келіп, бата алатын болыпты. Кіндігінен әкеге тартқан тоғыз ұл туыпты. «Отаршыл орысқа ойы бағынбаған, Ұлыққа жылы сөзбен жағынбаған, Тазабек, Тезек деген әкелерім, Алдында ажалдың да жалындаған» деп Әуезхан ақын жырлағандай, солардың ішінде Тазабек атты ұлы батырлығымен танылып, әлі күнге дейін аты жаңғырып жұрт аузында жүр. Ол туралы жазылған дүниелер де аз емес. Қазақ өлеңінің Құлагері Ілияс Жансүгіров те қалам тербеген. Тазабектің бел баласы Сұлтанбектен тарайтын Жақыпберді батыр туралы ақиқат әңгімелер жұрт ішінде мол. Мұхтар Әуезов «Қилы заман» кітабында «бөріден қалған бөлтірік, ел бүлдіргіш бұзық» атанған, қара халықтың қамы үшін небір батырлық пен батылдыққа барған есіл ерді Жансейіт деген атпен бейнелейді. «Сексен жасап сегіз сөз қалдырмаған, Ондайлардың тағдырын берме маған», деп Мұқағали Мақатаев айтқандай, артына өлшеусіз үлгі қалдырған Пұсырманның өзінен бастап, тарау-тарау ұрпақтарының ақиқат тірлік тынысы бөлекше. Сондай ортасынан озық жаратылған жандарды іші тарлар қалай шақыра қойсын? Оның ұрпақтарына көз алартқандар әр кезде аз болмапты. Оған бір мысал келтірер болсақ, өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары бір күнде оққа байланған 24 адамның 17-сі Пұ­сырман кіндігінен тарағандар бо­лып­­ты. Оның үлкені Жақыпберді 47 жаста болса, ең кішісі Тұрсынбай 17 жаста екен. Бұл атадан тарағандардың арасында сөз ұстаған Әуезхан туралы алда айттық. Ол ақын ғана емес, әнші, сауыққой сері жігіт атаныпты. «Бір кезде Торайғырды сілкінтуші ед, Қулықтың кезеңінде салған әнім» деп, артынан: «Айтысып Таңжарықтай жайсаңменен, Жаңғыртып тау даланы ән салып ем» дейді. Ал бабасы Пұсырман жайлы толғауында: «Айтпаймын жілігі арзан татымасты, Қайырымсыз көрдік талай қатыбасты. Құдай-ау, қай қылығым жақпай қалды, Арамнан көрмеп едім татып асты. Тегімде бір тексіздік болған емес, Жасағам кіл жақсымен қатынасты. Алған жан перзент сүйген ақ батасын, Арғы атам Пұсырмандай дара басты. Жасында сексен жеті жау түсіріп, Дұшпанның дүрілдеген даңқын басты, Бабамыз «ордалы ойдың ойыны» деп, Талайға үйретіпті шатырашты. Шаңқанай ұлы әжемнің бауырлары, шетінен батыр еді шапырашты», дейді. Еліне ұйытқы, халқына қадірі артқан Пұсырман Қонысбайұлының қазірше туған және өлген жылдары туралы нақты дерек қолда болмай тұр. Тек көрші елге барған мәмілегерлігіне қатысты жылды «Қазақтың көне тарихынан» келтірдік. Сол бойынша зерделей зерттеп көрсек, өз заманының озық туған тұлғасы жайлы мәлімет нақтылануы мүмкін. Ал суретін жоғарыда айтқан «Қазақтардың Цин патшасына арғымақ сыйлауынан» туындатуға болады деген ойдамыз. Егер Төле би бабамыздың ұлы Жоланмен бірге көрші елде үлкен мәмілегерлік жүргізіп, шекарамызды шегендеуге осыдан 250 жыл бұрын елшілік қызмет атқарған заман заңғарының өмір жолын анықтап, болмыс-бітімін нақтыласақ, Қазақ елінің тағы бір айтулы тұлғасын тұғырына қондырар едік. Ондай игілікті іс жүзеге асса мерейіміз өсіп, мәртебеміз артар еді. Осы жерде мына бір нақты мәліметтер туралы да айта кетуді құп көріп отырмыз. Атажұртты азат ету жолындағы жорықтардың бірі 1763 жылғы оқиғалар еді. Содан бері де 250 жылдан аса уақыт өтіпті. Сол кезеңдердің бел ортасында жүрген Пұсырман бабамыздың өмір жолы туралы терең ізденістер жасап, мұрағаттарды зерттеп, елі мен жеріне сіңірген еңбегін нақтылап, атын асқақтата алсақ, баба алдындағы парызымыз өтелер. Олай болып жатса, баба туған өңірде алқалы жиындар өткізіп, ескерткіш қойсақ, бұл кейінгі ұрпаққа үлгі болар. Өткен асылдарымызды бүгінге ұштастырып, келешекке жалғар едік. Бұл ұрпақтар сабақтастығын жаңғыртуға ерекше септігін тигізері де сөзсіз. Сөз ұстаған ұрпағы Әуезхан: «Байсейіт өз әкесі ер Қонысбай, Ел-жұрты аруағына бас ұрғандай. Айбынды асқар таудай өр тұлғасы, Мінезі жүрген жарап қарт бурадай, Жүгіртіп қамшы саппен әрең ашқан, Батырдың қанжығадай қасы қандай!» деп суреттеген бейнесі сомдалар еді. Біз осы мақаланы жазар кезде «Қазақтың ханы – Абылай» атты екі том кітапқа, «Тарих өткеліндегі Төле би» деген жинаққа, Жәлел Айдарханұлының, профессор Сейітқали Мәдуановтың жазбалары мен «Қазақтың көне тарихы» және өзге де еңбектерге жүгінгенімізді айтуды парызымыз санаймыз. Бақытжан МЕРГЕНБАЕВ, өлкетанушы.   Астана.