• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Шілде, 2014

Құлпытас

824 рет
көрсетілді

– Жанармай қоймасының кү­зетшісі белгі беріп жатыр! Гаубицаның гильзасына со­ғыл­­ған қоңырау үнін естіп, дереу жертөледен шыққан маған кү­­зетте­ тұрған қарауылдың үні тар­ғыл­данып жетті. Мен де оның қасы­на көтеріліп, дүрбі салдым. Қойма­ларды жағалатып қоршалған тікен сымдардың ортасында тұрған сарбаз қолын бұлғап тұр. Өзіне шақырады. Мен дереу қарауылдың орнына бас­қа адамды қойып, күзеттегі Боря­ны оған абайлап барып келуге жүгірт­тім. – Не дейді? – Кім екен, ол? – Тыныштық па, әйтеуір? Әр жақтан сұрақ қойыла бастаса да жүгіріп келген Боряның жауабы асығыс емес. – Сенің жерлесің, Анарбек деген жігіт екен. Су берсін деп айтып жіберді. Анарбек, келіскеніміз бойынша, үш литрлі банкідегі суды алғасын заставаның төбесінен автомат оғын «ысқыртып» жіберді. Боряның аман-есен оралғанын мен де оған осылай жеткіздім. Бұл «ысқырықтың» мағынасы кең, рахметі де, амандығы да, тіпті екеуміздің көрісіп, мұңдасуымыз да кейінірек осылай жүзеге асатын болды. Бұдан кейін де Анарбек қарауылға тұрғанда осылай «сәлем» беріп жүрді. Екеуміздің жерлестігіміз, бір-бірімізбен болған әңгімеміз Калашников автоматының оқтары арқылы қашықтан атқарылатын. Жерлестігіміз дегеніміз, екеуміздің де Қазақстаннан екендігімізде. Ол Жар­кенттің Алтыүй ауылынан. Ал мен Ұйғыр ауданының Сұң­қар елді мекеніненмін. Екеуміз Ауған­стан­ға келгенде танысқанбыз. Бірақ бө­лім­деріміз бөлек. Көп кездеспейміз. Күндер өтіп жатты. Бірде аулада жүргенімде қасыма келген ке­зекші Толик мені жерлесім сыртта шақырып жатқанын жеткізді. «Комбат қазір демалып жатыр, байқап қалмасын», дегенді қосып қойды ол. Мен тікен сымдармен қоршалып жасалған дарбазаның жанында тұрған қазақ солдатын көріп, өз көзіме өзім сенбей қалдым. Күнге күйіп ағарған «афганкадағы» жігіт біздің ішкі бөлімнен бірден ерекшеленіп тұрды. Анарбек екеу­міз құшақтасып көрістік. Сонда оның айтқаны, жанар-жағармайларды күзететін бөлімшеге түскені, ондағы жалғыз қазақстандық екені болды. Сан жағынан көпшілік күшке ие кав­каздықтармен күнде сөзге келіп қала береді екен. Тіпті төбелесе беріп, әб­ден шаршағанын да жасырмады. Екеуміз әрлі-берлі әңгімелесіп тар­қастық. Бұдан кейін біздің төбемізден автомат оқтарының ұшуы азая бас­тады, тіпті доғарылды. Мен жерле­сімді көре алмадым. Әскери жорық­та жүргенін, Кабулға кеткенін, ке­зекші сарбаздардан естіп қалып жүрдік. Біздікі сияқты бір полктың бөлімшелері әр жерде бола беретін. Әскерден қайтқанда Талғат есімді жерлесімнен Анарбектің жарақат алып, Ленинградта госпитальда жат­қанын естідім. Араға уақыт салып сержант Анарбек Байысбековтің қаза бол­ған­дығы туралы хабар қабырғамды қайыс­тырды. Әскерден қайтқан соң жауынгер танысымның еліне бардым. Өз ауылы Алтыүйдегі зиратта жерленіп, кезіндегі колхоз басқармасы тарапынан басына құлпытас орнатылыпты. Балалық шағын өткізген көшесі бүгінде оның атымен аталады екен. Ауған соғысының жауынгері Байысбеков Анарбек атындағы көшеде ата-анасының үйі орналасқан. Одан сәл әріде ауыл зираты. Кіре беріске жақын Анарбектің жанында ата-анасының есімдері жазылған құлпытастар тұр. Ағасы мені қарулас досымның басына апарды. Құран бағыштадық. Ол кісі Ташкент, Ленинград сосын Мәскеудегі әскери госпитальдердің дәрігерлері оның денсаулығы үшін аянбай күрескенін айтып берді. ...Ғаламторда түрлі себептер­мен әскери наградаларын ала ал­ма­ғандардың тізімдері бар. Байысбеков Анар­бек Қаржаубайұлының да 1989 жылы 7 наурызда «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғаны жайлы ақпарат жазылған. Кейбір таңбалардың қате жазылғанынан болар мүмкін, әскери шені қатардағы жауынгер деп жазылыпты. Ол негізінде аға сержант болған. Аты-жөнінің қате басылуы техникалық қателіктер болуы мүмкін. Сол медальды батырдың туғандары егер алмаған болса, оны таптырып алуға құқылы. Себебі, ол нағыз әскери антына адал болды, әскери борышын ерлікпен атқарды. Марапат иесін табуға тиісті. Р.S. Жаркентке барған кезекті сапарым Наурыз мейрамына тура келді. Орталық саябақта дүркіреп мереке тойлануда. Ресми кісілер тігілген әр киіз үйдің дастарқанынан дәм татып, бағасын беріп өтіп жатады мұндайда. Дәл сол жердегі сахнадан бір қадам әріректе орналасқан Отан соғысына қатысқандардың ескерткішінің айналасына сыпыртқы да тимеген, шашылып жатқан ескі жапырақтар жанға батады. Қараусыз қалған бір жапырақ жер мен мерекелік салтанатқа ие алаңның арасындағы алшақтыққа мән беріле қоймағаны өкіндірді. Бүгінгі бейбіт күн үшін жанын қиған батырлар болмағанда мұндай мереке де тойланбас еді-ау деймін ғой. Әскери қақтығыстар мен ауған соғысы құрбандарына жеке-жеке жазылып қойылған мәрмәр тастардың үстіне отырып, чипсі жеп, шырын ішкен жастарда да мерекелік көңіл-күй. Анарбек Қаржаубайұлына да ескерткіш тас қойылыпты. Бұл Талғат Теткусизов төрағалығындағы Панфилов аудандық Ауған соғысы ардагерлері еңбегінің жемісі. Бірақ неге екені белгісіз, Анарбектің туған жылы «1969» емес, «1965» деп көрсетіліпті. Қол орамалыммен Ауған жерінде елге жетуді сағына аңсаған досым Анарбектің аты-жөні жазылған мәрмәр тасты сүртіп жатқанымды көрген кейбіреу орындарынан тұрып ығыса бастады. Орындықтың биіктігіндей белгілер бұдан кейін де отырғыш қызметін атқармаса екен...  Мінәмжан АСИМОВ, Ауған соғысының ардагері.