Сән әлемінде ойып алар орны бар «Асыл дизайн» сән үйінің отыз жылдығына орай Таразда дәстүрлі «Aspara Fashion Week» апталығының он бірінші маусымы ұйымдастырылды. Халықаралық іс-шараға жоба жетекшісі Айдархан Қалиев, «Ирина Набоко» сән үйінің бас дизайнері Ирина Набоко, басқа да мәртебелі меймандар қатысты.
Сән апталығына Астана, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Орал қалаларынан, Қытай, Татарстан, Қырғызстан, Өзбекстан секілді көршілес елдерден келген дизайнерлер жиналғандардың назарына өз топтамаларын ұсынды. Олардың ішінде балаларға арналған киім топтамалары да болды.
Іс-шараның соңғы күні «Асыл-Дизайн» сән үйінің «Нео-фольклор» этностық стиліндегі заманауи «aspara» ұлттық бренд топтамаларына арналды. Отыз жыл бойына заманауи үрдістермен үйлесетін қазақтың ұлттық киімін насихаттап келген «Асыл-Дизайн» сән үйінің авторлық топтамалары жұртшылық тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Бұған дейін «Aspara» брендінің маусымдық топтамалары Еуропа мен Азиядағы ірі подиумдарда көрсетіліп, сәнқойларды тәнті еткен еді.
«Нақтырақ айтар болсақ, Aspara Fashion Week» жобасының өзіне тән бағыты бар. Нео-фольклорлық стильдегі киімдерді дизайнер ретінде 10-15 жыл бұрын жасадым. Бүгінде бұл стильді Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем елдері біледі.
«Нео-фольклор» – ұлттық киім мен сән үлгісінің заманауи үлгімен ұштасқан, сәтті толықтырылған жаңа бағыт. Халықаралық жобамыздың 10 маусымына 600-ден астам дизайнер қатысқан. Осы уақыт аралығында ұлттық киімімізді насихаттап қана қоймай, Жамбыл облысын да әлемге танытуды мақсат еттік. Бұл жұмыс он бірінші маусымда да сәтімен жалғасты», дейді жоба жетекшісі А.Қалиев.
Сән апталығының соңғы күнінде бірнеше бағыт бойынша байқау ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталды.
Жамбыл облысы