• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 19 Мамыр, 2023

Меритократия. Адалдық. Инновация – мемлекеттік қызметтің үш тұғыры

376 рет
көрсетілді

Елордада Астана мемлекеттік қызмет хабының «Меритократия. Адалдық. Инновация» атты конференциясы өтті. Жиынға әлемнің 30 елінен өкілдер бас қосып, мемлекеттік қызметтің тұғырлы үш мәселесін жан-жақты талқылауда. Халықаралық деңгейде тәжірибе және білім алмасу орталығына айналған хабтың 10 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шара үш күнге созылды.

Конференцияда алғаш болып сөз алған Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов басында аймақтық деңгейде құрылған хаб қазір жаһандық орталық ретінде танымал екенін атап өтті. Сондай-ақ ол орталықтың бүгінгі жұмысы мен бұл саладағы өзекті мәселелеріне тоқталды.

– Пандемия қысылтаяң шақта халық­тың Үкіметтен уақтылы және тиімді ше­шімдер күтетінін көрсетті. Сондықтан Үкімет өз елінің ғана емес, басқа елдердің де тәжірибесін зерделеп, лайықтысын ел игілігі үшін пайдалануға тырысады. Өзге елдерде бар жүйелерді, шешімдерді елі­міздің мүмкіндігін ескере отырып ен­гізуді ойлайды. Осы мақсатта Астана мемле­кеттік қызмет хабы шетелдік тәжірибеге зерттеу жасап, ұсыныстар әзірлейді. Бұл да хаб жұмысының өзектілігін айқындай­ды. Бүгінде біз 70-тен аса арнайы зерттеу жүргіздік. Аймақтағы барлық елге ортақ проблемалар бар. Мәселен, мери­токра­тия қағидатының әлсіздігі, жем­қор­лықтың жоғары деңгейі, қоғаммен бай­ланыстың әлсіздігі. Бұл мәселелер ше­шімін тапса, қоғамның мемлекеттік қыз­метке деген сенімі артады. Үкімет те ха­лық сеніміне сүйене отырып, батыл шешім қабылдайды. Сонымен қатар біз Қазақстан тәжірибесін де шетелге таратып жүрміз, – деді ол.

Іс-шараға қазақ шапанын киіп келген БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Мемлекеттік қызмет жөніндегі халық­аралық комиссиясының төрағасы Лар­би Джакта сөз сөйледі. Сондай-ақ Мем­лекеттік қызмет істері агенттігінің төр­ағасы Дархан Жазықбаев, Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали, ЭЫДҰ-ның Мемлекеттік басқару директоратының бас­шысы Эльза Пиличовски, Корея­ның Персоналды басқару министр­лігінің бұрынғы министрі, Американың Мемлекеттік басқару қауымдастығының халықаралық директоры Пан Сук Ким, Қазақстандағы БҰҰ-ның Даму бағ­дар­ла­масының тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа баяндама жасады.

– Біз тұғырлы бастамамыз – Астана мем­лекеттік қызмет хабын жүзеге асыру­ға негіз болған Қазақстан Үкіметімен серік­тестікті жоғары бағалаймыз. 2013 жылы құрылғаннан бері Астана хаб қыз­меті халықаралық ынтымақтастық пен серіктестікті дамытуға, қолданбалы зерттеулер жүргізуге және мемлекеттік қызметті реформалау саласындағы үздік тәжірибемен алмасуға бағытталған, – деді Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарла­ма­сының тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.

Конференция аясында елімізде 2024 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер жұмысқа «Е-қызмет» порталы арқылы алынатыны айтылды. Бұл бастама өз кезегінде мемлекеттік қызметтің ашық­тығын қамтамасыз етпек.

– Біз өткен жылдан бастап «Е-қызмет» порталын толық автоматтандыруға көш­тік. Биыл 1 наурыздан бастап 5 мемле­кет­тік қанатқақты жобаны жүргізіп жатырмыз. Бұл жобалар қазір Сауда және интег­рация, Индустрия және инфрақұры­лым­дық даму министрліктері мен Ақмола облысы, Шымкент қаласы және біз­дің агенттікте іске қосылған. Қазіргі таңда бұл мемлекеттік органдарда қызметке қа­былдау онлайн түрде жүргізіледі. Жаңа форматқа сәйкес енді үміткерлер «Е-қызмет» порталы арқылы кез келген уақытта, әлемнің кез келген нүктесінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік алады. Жүйе енгізілген 2 айдың ішінде 1 адам жұмысқа орналасты. Барлық мемлекеттік органға өтініш бергендер бар. Мәселен, Сауда және интеграция министрлігі­не қызметке орналасуға – 8, Ақмола облысына 2 адам өтініш жолдады. Қазір емтиханды 9 заң жобасынан тапсыру керек болса, алдағы уақытта оның санын 4-ке дейін қысқарту жоспарда бар. Оның орнына адами қасиеттер, қабілет пен құндылықтарды анықтау сияқты тетіктерді енгіземіз, – деді Дархан Жазықбаев.

Осы ретте, жиынға қатысқан Филип­пин Республикасының Ішкі істер және жер­гілікті өзін-өзі басқару министрі Бенд­жамин Абалос өз елінің бұл бағыттағы тәжірибесін ортаға салды.

– Біздің елде мемлекеттік қызметші болуы үшін азамат ең алдымен міндетті тест тапсырады. Сондай-ақ қызметке қабыл­даудың өзіндік стандарттары да бар. Яғ­ни сіз тапсырғыңыз келген деңгейге бай­ла­нысты белгілі бір талаптар бойынша по­зицияңыз бен білім-білігіңіз сәйкес келуі қажет. Бұған қоса, егер мемлекеттік қызметшіге қандай да бір арыз-шағым түскен жағдайда, арнайы процедуралардан өткізіледі. Жалпы, біз қиындықтарды еңсерудің оңтайлы жолын табу үшін осындай конференцияларда идеялармен алмасамыз. Барлығына бір жүйе сәйкес келе бермейді. Өйткені әр мемлекеттің өзіндік ұлттық және құрылымдық ерекшеліктері болады, – деді сарапшы.

«Кәсіби мамандардың идеялары мен ой толғаулары» пленарлық сессиясында ЭЫДҰ Халықаралық іскерлік опера­циялардағы парақорлық жөніндегі жұмыс тобының бұрынғы төрағасы Драго КОШ, сондай-ақ Пан Сук Ким, Рекс Фейсер (АҚШ) және Виктор Гузун (Эстония) басты баяндамашылар да болды. Ал «Меритократияны жүзеге асыру: Астана мемлекеттік қызмет хабына қатысу­шы елдердің үздік тәжірибелері» атты ал­ғашқы панельдік сессиясында Бельгия, Корея, Канада және Қазақстан уәкілетті органдары басшылары мен өкілдері осы саладағы жетістіктерін талдап берді.

– Жүргізілген әр зерттеу сұраныстан туындап отыр. Осыған сәйкес зерттеуді қажет ететін бағыт-бағдар айқындалып, кейін ақпарат жинақталады. Қатысушы әр мемлекеттен ұсыныстар беріледі. Оларды топтастырып, сосын зерттеу басталады. Сондай зерттеулердің бірі мемлекеттік қызметтегі тенденциялар жөнінде болды. Мәселен, бизнес секторы мемлекеттік қызметте заманауи жаңа бағыттарды тез қабылдап, ширақ бейімделеді. Басымдық мемлекеттік қызметті цифрландыруға беріледі. Қазақстан кей тұстарда алдыңғы қатарға шықты десе де болады, – деді халықаралық сарапшы Панос Ливеракос.

Ал пленарлық отырыстың екінші күнінде «Мемлекет пен азаматтар арасында тиімді коммуникациялар орнату» атты дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында Астана мемлекеттік қызмет хабы және Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігі қолдауымен «Қоғамдық пікір» зерттеу институты жасаған «Мемлекеттік ор­гандардың жұртшылықпен коммуникация арналары» туралы кең көлемді зерттеу нәтижелері таныстырылды. Зерттеу барысында әлеуметтік сауалдама жасалып, азаматтармен байланыс мемлекеттік каналдары сарапталып, сондай-ақ ЕО-ның бірқатар елі, Канада және Грузияның тәжі­рибелері қарастырылған.

Айта кетейік, конференцияда алғаш рет «Мемлекеттік басқаруды дамытудың мәдени-өркениеттік аспектілері: Лагаш пен Әл-Фарабиден бүгінгі күнге дейін» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Онда Қазақстан, Өзбекстан және Түр­кия сарапшылары Әл-Фараби, Әмір Темір, Әлихан Бөкейхан және Мұстафа Шоқай­дың мемлекеттік басқаруды дамыту кон­текс­індегі еңбектері туралы айтылды. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың ха­лық­­пен коммуникацияларының 15 арна­сы­ның жұмысы туралы бірегей зерттеу арнайы панелдік сессияда таныстырылды.

Ал айтулы іс-шараның үшінші күні адам ресурстарын басқару саласында­ғы цифрландыру мен инновациялар, мем­лекеттік басқару және мемлекеттік саясат пәндерін оқыту мәселелеріне арналды. Сонымен қатар семинарда мемлекет­тік басқаруды цифрландыру саласында­ғы озық тәжірибелер мен бастамалар тал­қыланды.