Сенат cпикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында сенаторлар бірқатар заңды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады. Отырыс барысында «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредит тарихының құрамына кіретін мәліметтерді алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң мақұлданды. Бұл заң несие тарихының құрамына кіретін мәліметтермен алмасу тетігін, тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ трансшекаралық алмасуға жататын ақпараттың ең аз тізбесін белгілейді.
Келісім ЕАЭО шеңберінде несие тарихын қалыптастырудың құқықтық және ұйымдастырушылық негiздерін айқындайды. Сондай-ақ бұл құжат несие тарихын алмасу және оны пайдалану жүйесiне қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін белгілейді. Сол арқылы заң ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржы саласындағы ынтымақтастығын дамытуға оң септігін тигізбек.
«Бұл мәселе қарызын төлей алмай қалатын борышкерлердің көбеюіне әкелмей ме? Біздің тұтынушылық кредиттеуді қатаңдатуға арналған заңнамамыз бен ЕАЭО елдеріндегі тиісті нормалар бірдей емес. Ол жерде мұндай жағдай барынша либералды болуы мүмкін. Жалпы, біз қанша азаматымыз немесе қазақстандық ұйым шетелден несие алғаны жөнінде статистика жүргізуіміз керек. Сол арқылы қанша азаматымыздың шетелдік несие мекемелеріне қарызы бар екенін білеміз. Қолымызда осындай статистика болуы керек. Ол мәліметтерді қажет жағдайда жұмысымызда қолдана аламыз», деді Сенат төрғасы.
Мәулен Әшімбаев Қазақстанда азаматтарға борыштық жүктемені төмендету бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл Сенаттың заңнамалық деңгейдегі қызметіндегі басым бағыттардың бірі екені де сөз болды.
«Экономиканы кредиттеуді кеңейту және халықты тұтынушылық бағытта несиелеуді азайту – стратегиялық міндет. Тұтынушылық несие соңғы жылдары 2 есеге артып, 14 трлн теңгеден асқан. Осындай жағдайдың салдарынан елімізде несиелерін өтей алмай қалғандардың арта түскені байқалды. Сондықтан Президент бастамасымен «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» заң қабылданды. Сол арқылы азаматтарымыздың борыштық жүктемесін азайту көзделіп отыр», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар сенаторлар «Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. «Келісім Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтының құқықтық жағдайын, қызмет тәртібін, міндеттері мен өкілеттіктерін белгілейді. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу саласындағы өзара байланысты дамытуға ықпал етеді», деді заң жөнінде пікір білдірген Мәулен Әшімбаев.
Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады. Ақмарал Әлназарова «Арал өңіріндегі экологиялық апаттардан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заң аясында Арал өңірінің медицина қызметкерлері үшін қосымша коэффициентті қолдану туралы ұсыныс жасады.
Сенатор заңға сәйкес, Үкімет экологиялық апат аймағының тұрғындарына медициналық мекемелерді ұстауға қаражат бөлу нормаларын ұлғайтуға кепілдік беруге міндетті екенін атап өтті. Экологиялық апат аймағында бұл көрсеткіш – 1,5, ал экологиялық дағдарыс аймағындағы бір тұрғынға 1,3 есе жоғары болуы керек. Алайда Қызылорда облысының тұрғындарына медициналық қызметке ақы төлеу тарифтерінде бұл бап қолданылмаған. Сенатор министрліктің тиісті бұйрығында экологиялық факторларды қайта қарауды, сондай-ақ аталған медициналық ұйымдарға қаржының пайдаланылмаған сомасын қайтару мүмкіндігін ескеруді ұсынды.
Ольга Булавкина Ертіс өзенінің бассейнінде орналасқан гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне және жағалаудағы жерлердің деградациясына алаңдаушылық білдіріп, мәселені шешуге арналған бірқатар шара ұсынды.
Сенатордың айтуынша, 2019 жылдан бері Қазақстанда каскадтың жұмыс істеу ерекшеліктеріне байланысты стратегиялық гидроэлектростансаларды пайдаланатын субъектілердің әрекеттерінің бірыңғай құқықтық алгоритмі болмаған. Депутат Ертіс СЭС каскадын пайдалану аспектілерін реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің жоқтығы су тасқыны кезеңінде және судың аздығы кезеңінде терең экологиялық зардаптарға немесе төтенше жағдайларға әкелуі мүмкін деп алаңдаушылық білдірді.
Сенатор гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін реттеудің құқықтық жүйесін әзірлеуді, азаматтарды таза ауыз сумен қамтамасыз етуге, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған бірқатар бағдарламалық құжаттарды іске асыру бойынша шаралар қабылдауды ұсынды. Сонымен қатар сенатор Қара Ертіс өзені ағынының бір бөлігін қайтарымсыз алу болжамын нақтылау, сондай-ақ оның энергия тиімділігін арттыру үшін Жоғарғы Ертіс СЭС каскадының су-энергетикалық сипаттамаларын өзгерту қажетін атап өтті.
Бауыржан Қаниев Ақтөбе облысының экологиялық проблемаларын көтере отырып, Елек өзенінің ластануына және ауадағы зиянды заттардың жоғары деңгейде екеніне назар аударды. Осыған байланысты сенатор кәріз тазарту құрылыстарының санын көбейтуге, өнеркәсіптік кәсіпорындарды бақылауды күшейтуге және тұнба алаңдарында микробиологиялық препараттарды қолдану жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға шақырды.
Сенатор ауаны ластайтын негізгі заттардың қатарында «Қазхром» компаниясының Ақтөбе ферроқорытпа зауытын да атады. Мұнда қоршаған ортаға шекті рұқсат етілген зиянды шығарындылар нормативтері асып түседі, өндіріс және тұтыну қалдықтары дұрыс есепке алынбайды. Тағы бір экологиялық мәселе – Ақтөбе хром қосындылары зауытының іске қосылуымен тікелей байланысты Елек өзенінің ластануы.
«Үкіметтен жедел түрде жаңа кәріз тазарту ғимараттарын салуды қолға алуды, міндеттемелерді орындауға қатысты өнеркәсіптік кәсіпорындарға бақылауды күшейтуді, Елек өзенін хром мен бордан тазарту бойынша тиісті іс-шараларды қабылдауды сұраймыз», деді Б.Қаниев.
Шәкәрім Бұқтұғұтов импорттық шикізат пен құрамдас бөліктер үстемдік ететін өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны төмен екенін атап өтті. Сенатордың пікірінше, өнеркәсіпті дамыту қорының жұмысын және қаржыландыру тетіктерін қайта қарау қажет. Депутаттың айтуынша, ірі жер қойнауын пайдаланушылар ел ішінде өңдеуді дамытуға мүдделі емес. Өндірілген алюминийдің – 87, мыстың – 99, қорғасынның 77 пайызы елден экспортталады. Алайда локализация төмен деңгейде қалып отыр.
«Мемлекеттің қажетті қолдауына қарамастан, Қазақстанның машина жасау өнімдеріне деген сұранысының 80%-дан астамы құрамдас бөліктерді шетелден жеткізу есебінен қамтамасыз етіледі. Фармацевтика өнеркәсібіндегі импорт үлесі – 63, жиһаз – 55, электронды өнімдер – 40%. Осының барлығы Мемлекет басшысы атап өткен «жалған жерсіндіру» деп аталатын құбылысқа әкеледі», деді Ш.Бұқтырғанов.
Сенатор сондай-ақ өнеркәсіптік саясат пен мемлекеттік қолдау тетіктерінің жетілдірілмегендігін, бұл өңдеу өнеркәсібінің қаржы институттары үшін тартымсыз болып қалуына әкеліп соғатынын атап өтті. Мәселелерді шешу үшін сенатор бірқатар нақты ұсыныс айтты.
Ернұр Әйткенов Денсаулық сақтау министрлігін Павлодар облысындағы медициналық ұйымдардың жеткілікті деңгейде қаржыландырылмауын айтып, аталған мәселені шешуге ықпал етуге шақырды. Сенатордың пайымынша, стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдар қызметкерлерінің еңбекақы қорының орташа өсімі 21-ден 25 пайызға дейін болса, базалық тариф орта есеппен 11,4 пайызға ғана көтерілген.
«Өткен жылдан бастап Павлодар облысында халыққа стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдар үшін нақты көрсетілген медициналық қызметтерді қаржыландыруға байланысты күрделі жағдай қалыптасып отыр. Салдарынан 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі 2 млрд 825,5 млн теңгені құрады», деді Е.Әйткенов.
Осыған орай, депутат Денсаулық сақтау министріне тарифтерді қайта қарауды, сондай-ақ жалақысы аз өңірлерге түзету коэффициенттерін қолдануды қарастыруды ұсынды.
Амангелді Толамисов жергілікті жерлерде су ресурстарын пайдалануды мемлекеттік бақылаудың жоқтығын сынға алды. Депутат аталған бұзушылықтарды тұрақты тексерулер арқылы анықтауды заңнамалық тұрғыдан реттеуді ұсынды. Еліміздегі 130 су нысаны, оның ішінде 84 өзен, 29 көл, 13 су қоймасы, 3 канал және 1 теңіз суының сапасын тексеру барысында 40 өзені мен су қоймасының сапасы ең төменгі санаттар қатарына жатқызылған, соның ішінде 33-інде ластану деңгейі өте жоғары деген баға берілген.
Сенатордың айтуынша, мамандар анықтап отырған ластанудың басты себептерінің бірі – тазартылмаған судың өзен-көлдерге ағуы. Тәртіп бұзушылар арасында: өнеркәсіптік кәсіпорындар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығында қолданылатын химиялық заттар және басқалары бар.
Алишер Сатвалдиев Түркістан облысындағы шаруаларды сумен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. Депутаттың айтуынша, бұл түйткілді «Қазсушар» компаниясының ішкі арналарын «Тұран-су» кәсіпорнының баланасына беру арқылы шешуге болады.
Түркістан облысындағы шаруалардың мәселесіне тоқталған сенатор Отырар мен Сауран өңірі тұрғындарының 60 пайыздан астамы егін шаруашылығымен айналысатынын баса айтты. Суармалы су бағасының 2,5 есеге күрт өсуі шаруалардың жұмысында айтарлықтай қиындықтар туғызып отыр. Енді олар текше метрі үшін 700 теңгеден жоғары төлеуге мәжбүр болса, облыстың көрші аудандары суды арзанырақ, текше метрін 285 теңгеден алып жатыр. Нақтылап келгенде суды әр түрлі жеткізушілер әр түрлі бағамен шаруаларға сатып отыр.
Осыған байланысты депутат министрлер кабинетінен жоғарыда аталған аудандардың шаруа қожалықтары үшін тарифті төмендету мәселелерін қарастыруды, сондай-ақ «ҚазСуШарға» тиесілі ішкі арналарды «Тұран-су» коммуналдық кәсіпорнының балансына беруді сұрады.