• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Мамыр, 2023

Мемлекеттік тіл ортақ құндылыққа айнала ма?

469 рет
көрсетілді

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанына биыл 34 жыл. Қоғамдық саясат институтының былтырғы мәліметін ескерсек, ел тұрғындарының 80,1%-ы мемлекеттік тілді біледі. Тек оның 49,3%-ы күнделікті өмірде қолданады. Зерттеу нәтижесі әр үшінші отандасымыз ақпаратты қазақ және орыс тілінде алатынын көрсеткен.

Соңғы дерекке сүйенсек, халықтың 69,03 пайызы қазақтар. Бұл шамамен 20 миллионға жуық азаматтың 13 мил­лионнан астамы деген сөз. Демек, бүгінде демографиялық ахуал өзгерген тұста, тіл саясатына қатысты көзқарасты да өзгер­тетін уақыт келді. Ендігі жерде «Қазақ тілінің тұтынушылары кімдер?» деген сұраққа жауап іздеуіміз керек.

Ел тұтқасын ұстайтын жаңа шенеунік­тердің шоғыры – Президенттік кадрлық резер­­ві екені анық. Бастамаға алғаш 2019 жы­лы 300 маман іріктелсе, 2021 жылы қата­ры 50 жас маманмен толықты. Бүгін­де олар­дың 75% мемлекеттік органдарға және ква­зи­мемлекеттік секторларға тағайындалған. Бір айта кетерлігі жастардың басым бөлігі – «Болашақ» бағдарламасының түлектері.

2021 жылы Халықаралық бағдарла­малар орталығының сол кездегі президенті Айнұр Кәрбозова: «11 мыңнан астам түлек­тің 50%-дан астамы орта және жо­ғары дең­гей­дегі жетекші қызмет атқа­рады. Яғни тү­лек­­тердің жартысынан көбі – Қазақстан өмірі­­не жана­ма немесе тікелей әсер ететін ма­ңыз­­ды шешім қабылдайтын басшылар. Мың­­нан астам түлек немесе 10%-ы өз кәсіп­о­рын­­дарын ашқан. Яғни олар шағын және орта биз­несті ілгерілетуге белсенді қаты­сып отыр. Жалпы, бұл сандық және сапа­лық мысал­­дар, қарапайым арифметиканы қол­дан­ған­­ның өзінде, салынған қаражаттың ақта­ла­­тынын және түлектердің барлық ұлт­тық, рес­пуб­­ликалық жобаға қатысуы жоба­­ның табысты болғанын көрсетеді», деген еді.

Демек осы жастардың қазақ тілін­де еркін сөйлеуі мемлекеттік тіл­дің мәртебесін айғақтайды. Ал қоғам­дағы «Болашақ» стипендиаттары мен түлектерінің белгілі бір бөлігі мем­лекеттік тілді білгенімен, әдетте орысша сөйлеседі деген пікірді ескерсек, сти­пендияға іріктеу кезіндегі қазақ тілі­нен тест деңгейін күшейту керек. Осы­лайша, қажеттілік туғызу арқы­лы мемлекеттік тіл мәртебесін өз деңге­йін­де сақтауға болады. Сұранысқа ие тіл­де ғана ата-аналар өз балаларын оқу­ға береді. Адамдарды қажеттілік қам­шыласа, тілге жол ашылады.

Елімізде тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжы­рым­­дамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары талқыланып жатыр. Тіпті Мемлекеттік қызмет істері агент­тігі былтырдан бастап Президент жа­нындағы Мемлекеттік басқару академиясына жоғары оқудан кейінгі білім алушы үміткерлерге мемлекеттік тіл­ді орта деңгейден (В1) төмен емес білуі бойынша сертификаттарының болуы туралы талап енгізілген. Ал биыл Пре­зиденттік жастар кадрлық резервіне іріктеу кезінде мемлекеттік тілді білу негізгі талап ретінде бекітілген. Бұған ардагер мемлекеттік қызметші Серік Сапанов былайша салмақты пікірін білдірді.

– Тілді білу бірнеше сатыдан тұ­рады. Бірінші, түсіну. Екінші, сөйлей білу. Үшінші, оқып-түйгенін айта білу. Төртінші, өз ойыңды еркін жаза білу. Біз қазір басқа ұлт өкілдерінің сөй­легеніне мәз болып жүрміз. Мемле­кет­тік тілді білу басқа ұлттар үшін ғана емес, орыс тілді қазақ үшін де мәж­­бүрліктен туындайды. 32 жылдан асты, енді біз қазақтың тілдік тұрғыда тәуелсіз мемлекет болғанын қаласақ, бірінші депутаттыққа және мемлекет­тік қызметшіге үміткерлер қазақ тілін толық меңгеруі қажет. Тек түсініп сөй­леп қана қоймай, оқып-жаза білуі мін­детті болу керек, – деді ол.

– Негізі бұл жерде үлкен коммуни­кациялық проблеманың шегі шығады. Біздің мемлекеттегі қазір болып жат­қан көптеген коммуникациялық дағ­дарыстың, кейбір ситуациялардың аста­рында тілдік проблема жатқанын мо­­йындау қажет. Мәселен, зауыт, фаб­рика­ларда қазақша сөйлемейтін топ-менеджерлер бар. Олардың көпші­лігі өз деңгейінде жұ­мыс­­шылар тілімен сөйлесе алмайды. Өйткені басшылық орысша, қатар­дағы қарапайым жұ­мыс­шылар қазақ­ша сөйлейді. Бұдан екі ортада комму­никациялық дағдарыс туындап жатады. Басшылық өзінің ті­лін­де сөйлемеген соң, жұмысшыларда кіш­кене араздық, ренжу пайда болады. Осындай үлкен коммуникациялық ­проблема бары жасырын емес. Сон­дай-ақ бұл жерде тілдік фактордың болуы көптеген топ-менеджерді немесе мемлекеттік қызметкердің қазақ тілін білмеуі басты проблема екенін, шешу­ші факторлардың бірі екенін мойындау керек, – деді журналист Жайнагүл Төлеміс.

Журналист сөзінің жаны бар. Себе­бі мемлекеттік тіл мемлекеттік қыз­­мет­ші­лерге заң жүзінде міндеттелмеген. Мем­ле­кеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2017 жылғы 21 ақпандағы №40 бұйрығына сәйкес мем­лекеттік әкімшілік лауазымына орна­­ласуға арналған конкурсты өткізу қағи­дасында «Қазақстан Республика­сы­ның мемлекеттік тілін білуге арналған тестілеуден өту үшін мән белгіленбейді» деп жазылған. Демек бұл мемлекеттік қызметке өту барысындағы тапсырылатын тестілеуде қазақ тілінің қажет­ті­лігі жоқ екенін білдіреді. Бірақ мем­ле­кет­тік қызметке өткен азаматқа «Үміт­­кер Қазақстан Республикасының мем­лекеттік тілі мен заңнамаларын білу­ге арналған тестілеуден сәтті өтті» деп беріледі. Бұл – таза мемлекеттік дең­гейдегі парадокс. Яғни мемлекеттік қызметші мен халық, жұмыс беруші мен қатардағы жұмысшы арасында коммуникациялық проблема бар деген сөз.

– Өйткені мемлекеттік қызметші­лер күнделікті халықты қабылдайды, олармен тілдеседі. Ал қазақ тілін біл­мейтіндер олармен қалай сөйлеседі? Сәйкесінше, өзара диалог болмағаннан кейін ортада үлкен проблема туындайды. Сондықтан қазақ тілін база­лық деңгейде емес, өте терең деңгейде білу қажет. Өйткені кейбір сөздердің бірнеше мағынасы болуы мүмкін. Яғни мемлекеттік қызметке азаматтарды аларда тілдік деңгейі 0 балл емес, шын мәнінде тілдік деңгейі көрінуі қажет. Себебі халықпен сөйлесетін бірінші кезекте «А» немесе «Б» корпусына өтетін азаматтар. Яғни қазақ тілін білу үлкен корпоративті мәдениеттің үлгісіне айналуы қажет. Корпоративті мәдениет дегеніміз не? Бұл ұжымның өзара диалог орната алуы, түсінісуі және ұжымның құндылықтарын, басшылықтың мынау қарапайым жұмысшыларға түсіндіре бі­луі. Басшылық орысша сөйлегендік­тен, ұжымның құндылықтарын қатарда­ғы азаматтар түсінбейді. Салдарынан ол жерде тағы да кикілжіңдер болып жатады. Негізінде, тілді білу ұжымдық мәдениеттің үлгісі болуы қажет, – деді Ж.Төлеміс.

Қоғам тарапынан мемлекеттік ор­ган­дардың қызмет көрсетуіне қатысты көңіл толмаушылықтың бары жасы­­рын емес. Яғни кадрлық әлеуетке сапалы тұрғыдан өзгеріс керек. Мемле­кет­тік тілді дамытуда, халықтың қазақ тілін еркін және тегін меңгеруіне бар­лық жағдай жасалғандай көрінеді. Бюд­жеттен бөлінетін миллиардтар солай дегізбей қоймайды. Кезінде мекемелерде қазақ тілін үйрету кабинет­тері ашылып, елдің бәрі тіл үйренуге кіріскен-ді. Одан нәтижесі шықпады ма, әйтеуір кейін әлгі кабинеттер ұшты-күйлі жоғалды. Ендеше, мемлекеттік қызметкерге мем­ле­кеттік тілді үйрету үшін не істеген дұрыс?

Негізінде мемлекеттік тіл мәселесінің бір шешімі саяси ерік-жігерде жатыр. Егер билiкте мемлекеттiк тiлдi жақсы қарқынмен дамытамыз деген шын ниет болса, бiр ғана заңның өзi де жеткілікті. Ал мемлекеттік қызметке 30 жыл ғұмы­рын арнаған Серік Сапанов Ата заңға өзгерістер енгізілуі керек дейді.

– Конституцияның 7-бабының 2 жә­не 3-тармақтарын алып тастауды де­пу­таттар талқылауына ұсынамын. Себеп БҰҰ-ның ережесінде жергілікті мем­лекет құрушы ұлт ел халқының 2\3-нен, яғни 66 пайызынан асса, ол бір ұлтты (моноұлтты) мемлекет болып есептеледі. Барлық елде де басқа ұлыс­тан отандастары жеткілікті. Бірақ олар жергілікті мемлекет құрушы ұлт­пен ар­тықшылыққа таласпайды, таласса аза­мат­тықтан айырылуы мүмкін. Талас мақсат, талапты заңмен айқындамаудан туындайды. Мұны Ата заңмен айқын­дау біз сияқты орыс отарынан шыққан елдерге аса маңызды. Өйткені осы­ның кесірінен біз әлі мемлекет негізін айқындамай кейбір жерлестеріміздің ауа жайылуына жол ашып отырмыз, – деді ардагер.

Бұл тәжірибені Қырғызстан мен Өзбекстан елдері жүзеге асыруға кіріс­ті. Олар мемлекеттік қызметшілер­ге мемле­кеттік тілді міндеттеп үлгерді. Біз де осыған келуіміз керек. Егер бі­лімді, көкірегі ояу, еңбекқор жастар – еліміздің тұрақты дамуының басты индикаторы десек, бұл салаға іріктеле­тін жас қызметкерлерге мемлекеттік тілді жо­ғары деңгейде білуін міндеттеу қажет.