• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 22 Мамыр, 2023

Халима Якоб: Қазақстанмен берік достығымыз – терең сенімнің көрінісі

551 рет
көрсетілді

Қазақстан мен Сингапур арасындағы дипломатиялық қатынас­тар­дың орнағанына 30 жыл толды. Осы уақыт ішінде өзара тиімді саяси, экономикалық ын­тымақтастық және Қазақстан мен Сингапур халықтары арасындағы достық байланыстың берік негізі қалыптасты.

Бүгінде Сингапур – Қазақстан­ның маңызды сауда серіктес­те­рі­нің бірі. 2022 жылы өзара сау­да көлемі 1,9 млрд долларды құрады. Өткен жылы Сингапурдан Қазақстанға бағытталған тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 310 млн долларға жеткен. Ал 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына құйылған қаржы – 1,4 млрд доллар. Жалпы, елімізде сингапурлық компаниялардың қатысуымен 144 кәсіпорын жұмыс істейді.

Екі ел арасындағы қарым-қаты­­настардың жаңа бағыты бүгін елімізге келген Сингапур Пре­­зиденті Халима Якобтың мем­ле­кеттік сапары аясында тағы айқындала түспек. Мәртебелі мейманды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдайды. Қазақстанға мемлекеттік сапарына орай Сингапур Президенті Халима Якоб ханым «Egemen Qazaqstan» газетінің сұрақтарына жауап берді. Оқырман назарына осы сұхбатты ұсынамыз.

– Мәртебелі Президент ханым, биыл Қазақстан мен Син­га­пур арасындағы дипло­ма­тия­лық қатынастардың орна­­ғанына 30 жыл толады. Соңғы үш онжылдықтағы өзара әрекет­тесуіміздің сипатын қалай баға­лар едіңіз? Болашаққа көз жү­гір­те отырып, екі ел арасын­да­ғы ынтымақтастықты қалай ны­­ғайта аламыз?

– 30 жыл – атаулы мерейтой. Осы маңызды екіжақты кезеңді атап өту үшін Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келген Сингапурдың Президенті бол­ғаныма қуаныштымын. Син­гапур көптеген жыл бойы сенім­нің, адал қарым-қатынастың және өзара сыйластықтың берік ірге­тасына негізделіп келе жат­қан Қазақстанмен жылы және бұрыннан келе жатқан досты­ғы­мызды бағалайды. Екі ел арасында тұрақты сапарлар болды. 2017 жылы «Astana Expo» көрмесінің ашылу салтанатына қатысу үшін Парламент спикері ретінде Астанаға барып, сол кезде Сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевпен кез­дес­тім. Біз сондай-ақ бір жыл бұрын Қазақстан Президенті Сингапурда сапармен болған кезде кездестік.

Қазақстан – Сингапурдың Орталық Азиядағы жақсы серіктесі және ынтымақтастығымыз мем­ле­­кеттік басқарудан бастап, ақыл­ды қалалық жоспарлауға дейін­гі көптеген салада кеңейді. Син­гапур және Қазақстан көп­жақ­ты форумдар шеңберінде де тығыз ынтымақтасады, өйткені біз бейбітшілік пен тұрақ­ты­лық­ты қолдауда, заң үстем­дігін ілгерілетуде және көп­жақты жү­йе­ні қорғауда ортақ мүд­де­лер­мен бөлісеміз. Үкімет­те­ріміз, кә­сіп­орындарымыз және халықтар ара­сын­дағы өзара іс-қимыл жылдар бойы тұрақты түрде кеңейіп келе жатқанына қуа­ныш­тымын және COVID-19 пан­де­миясы кезеңінен кейін өзара іс-қимыл динамикасы белсенді болып қала береді.

Білім беру – ынтымақтас­тық­­тың негізгі бағыттарының бірі. Сингапур ұлттық уни­вер­си­тетінің Ли Куан Ю мем­ле­кет­тік саясат мектебі Назар­баев университетінің Мем­лекеттік саясаттың жоғары мектебімен бұрыннан серіктестік қарым-қа­ты­наста. Көптеген қа­зақ­стандық студенттің білім беру бағдарламасы аясында Син­га­пурда болғанына қуа­ныш­тымын. Мұндай алмасулар ел­де­рі­міз бен халықтарымыз ара­сын­дағы өзара түсіністікті те­рең­­детуге және дос­тық­ты нығай­ту­ға ықпал етеді.

Сингапур-Қазақстан қа­рым-қатынастарының одан да жоғары деңгейге көтерілетініне сенім­дімін. Көлемінің айқын айырмашылығына қарамастан, қос мемлекет – көреген саясаты, адам капиталын да­мы­ту­ға және тұрақты дамуға бе­рік міндеттемесі бар елдер. Біз, сондай-ақ, тиісті аймақтарымызда стра­тегиялық орналасуымыздың ар­тық­шы­лық­тарын пайдалануға ты­рысамыз. Алдағы жылдары ел­де­ріміз бен өңірлеріміз ара­сын­дағы тығыз байланысты одан әрі нығайтуды асыға күтемін.

– 2022 жылы Қазақстан мен Сингапур арасындағы өзара сауда көлемі айтарлықтай өсім көрсетіп, 1,9 миллиард долларды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық артық. Мұндай серпінді өсуге қандай факторлар ықпал етті және біздің елдеріміздің сауда-экономикалық ынты­мақ­тастықты кеңейту жө­нін­де­гі ұзақ­мерзімді мақсат­та­ры қан­дай?

– Біз Сингапурдың Орталық Азия­дағы ең ірі сауда серіктесі болып табылатын Қазақстанмен жақсы экономикалық байланыс­­тамыз. Қазақстанда көлік және логис­тика, білім беру, тамақ өнім­дері мен сусындар өндірісінен бас­тап цифрлық технологияларға дейін әртүрлі секторларда жұмыс істейтін бірқатар сингапурлық компания бар. Сондай-ақ осы жылдар ішінде Сингапурда қазақстандық компаниялардың саны өскеніне қуаныштымын. Еуразиялық эко­но­микалық одақ пен Сингапур арасындағы Еркін сауда туралы келісім шеңберінде Қызметтер көрсету және инвестициялар саудасы туралы келісімге қол қою – менің Қазақстанға сапарымның басты нәтижелерінің бірі. Аталған Келісім реттеуші тетіктерді әлсірету және біздің елдеріміздің нарықтарына кіру үшін кедергілерді азайту есебі­нен, экономикалық өзара іс-қимылымызды кеңейту және екі елдің бизнесі үшін не­ғұр­лым қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі күш-жігерге жәр­дем­де­сетін болады. Ол сондай-ақ келісімшарт бойынша қызмет көрсетушілерге қол жеткізуді қам­та­масыз етеді, жаһандық ауқым­да біздің таланттарымызды тануды кеңейтеді және инвести­ция­ларды қорғау ережелерін енгізу арқылы инвес­торларымыз үшін тұрақтылық пен болжамды қамтамасыз етеді. Мұның бәрі – біздің үкіметтеріміз, кәсіп­орын­дарымыз және халық­та­ры­мыздың арасындағы терең сенім­нің көрінісі.

Сингапур мен Қазақстанның стратегиялық орналасуы, біздің жеткізу тізбегіміз бен көлік мар­шрут­тарымыздың тұрақты­лы­ғын арттыру үшін пайдалана ала­тын басты артықшылыққа ай­на­­­лады. Бірнеше сингапурлық компанияның Қазақстанда құрғақ порттар мен логистика сияқты аса маңызды инфрақұрылымды дамыту бойынша ірі жобаларды іске асыруға қатысып жатқанына немесе қызығушылық білдіргеніне қуаныштымын. Біз Сингапурда және Оңтүстік-Шығыс Азияда қазақстандық компаниялардың көбірек қатысуын қолдаймыз және сол сияқты сингапурлық ком­па­ния­­ларды Қазақстан мен Ор­та­лық Азияда мүмкіндіктер іздеу­ге ынталандыратын боламыз.

– Өткен жылғы Азиядағы Өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) саммиті барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар Азия елдеріне елеулі әсер еткен климаттың өзгеруіне қарсы күреске өзінің берік бейілдігін білдірді. Осы саладағы бірлескен күш-жігерді нығайту үшін Қазақстан 2024 жылы Астанада АӨСШК елдеріндегі экология мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі конференцияны өткізуді ұсынады. Сингапурдың бұл бастамаға және климаттың өзгеруіне қарсы күрестің және оның Қазақстанмен екіжақты қатынастардағы салдарына бейім­­делудің маңыздылығына көз­қарасы қандай?

– Сингапур климаттың өзгеруін шұғыл ұжымдық әрекеттерді қажет ететін маңызды жаһандық проб­лема ретінде қарастырады. Теңіз деңгейінің көтерілуі және ауа райының күрт өзгеруі кли­мат­қа әсерін тигізіп отыр. Әсіресе осал шағын аралдық мемлекет ретінде біз жаһандық және аймақтық күш-жігерді қолдауды және ин­новациялық шешімдерге инвес­тиция салуды қоса алғанда, бұл мәселені шешуге бекем бел будық. Біз сындарлы диалог арқылы экологиялық проблемаларды шешу және орнықты дамуға жәрдемдесу бойынша Қазақстанның белсенді күш-жігерін құптаймыз.

Экология мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі конференция АӨСШК-ге мүше елдердің ықтимал шешімдер мен проблемаларды талқылау үшін бірігуі үшін маңызды платформа болатынына сенімдімін. Сингапур АӨСШК үдерісіне қатысушы болмаса да, Сингапур мен Қа­зақстан арасында климаттың өзгеруіне қарсы күресте білім және тәжірибемен алмасу саласында неғұрлым тығыз ынтымақтастық үшін әлеует бар. Климаттың өзгеруінің жаһандық сипаты халық­аралық қауымдастықтың тығыз ынтымақтастығын талап етеді және біздің елдеріміздің осы саладағы өзара іс-қимылы әлемдегі маңызды оң күшке айналатыны сөзсіз.

– Сингапур әлемдегі ең тиімді мемлекеттік басқару жүйесі бар ел ретінде әлемге кеңінен танылды. Қазіргі уақытта Қазақстанда мемлекеттік басқарудың тиім­ді­­лігін арттыруға, сыбай­лас жемқорлықты жоюға және нарық пен мемлекет ара­сын­дағы тепе-теңдікті орнатуға бағыт­талған жаңғырту бо­йынша ауқымды күш-жігер жұмса­лып келеді. Осы тұрғыда Қа­зақ­стан Сингапурдың тәжіри­бе­сінен қалай пайда көре алады?

– Сингапур бүкіл әлемдегі достарымызға қатысты болуы мүмкін салаларда өз тәжірибесімен бөлісуге әрқашан қуанышты. Сингапурдың мемлекеттік қыз­меті парасаттылық, қызмет көр­се­ту және жетілдіру сияқты бас­ты құндылықтарға негізделген. Табиғи ресурстары жоқ шағын ел болғандықтан, Сингапур бәсекеге қабілетті және шетелдік инвесторлар үшін тартымды болу үшін өзекті болуға және ерекшеленуге ұмтылуы керек. Тиімді басқару – біздің стратегиямыздың негізгі компоненттерінің бірі. Сәуір айын­да жарияланған 2023 жылғы Чандлердің жақсы мемлекеттік басқару индексінде (Chandler Good Governance Index, CGI) Сингапур 2022 жылғы үшінші орыннан көтеріліп, бірінші орынды иеленді. Әрине, мұндай халықаралық рейтингтердің болғаны жақсы. Бұл ретте, менің ойымша, Үкіметтің өз халқының сенімін сақтау қабілеті әлдеқайда маңызды критерий болып табылады. Сингапурда халық сенімі COVID-19 пандемиясы кезінде айқын көрінді. Бұл Сингапур бәрін дұрыс жасады дегенді білдірмейді, бірақ Сингапур үкіметінің әрекеттеріне халықтың сенімі жоғары болды және біз бұл қиындықты халқымызбен бірге жеңе алдық. Дегенмен Қазақстан мен Сингапурдың алдында тұрған мән-жайлардың белгілі бір айырмашылықтары бар екенін де есте ұстауымыз керек. Қазақстан – әлемдегі ең ірі тоғызыншы ел, ал Сингапур – Ас­танамен бірдей көлемдегі ша­ғын қала-мемлекет. Осылайша, біздің елдеріміздегі мемлекеттік бас­қарудың қажеттіліктері мен күр­делілігі әртүрлі.

Сингапурлық ынтымақтастық бағдарлама (Singapore Cooperation Programme, SCP) өткен жылы өзінің 30 жылдық мерейто­йын атап өтті. SCP – басқа елдермен мем­­лекеттік басқару, аза­мат­тық авиация және тұрақты даму­ды қоса алғанда, әртүрлі сала­­­да­ғы тәжірибемізбен бөлісу үшін Син­гапурдың негізгі тех­ни­­ка­лық көмек бағдарламасы. Біз қазақстандық ше­неу­­ніктерді тәжірибемізді қа­былдау үшін, соның ішінде мем­ле­кеттік басқару үдерісінде сақтануға қажет сын-қатерлермен танысу үшін сингапурлық ынты­мақ­тас­тық бағдарламасына қаты­су­ға шақырамыз.

– Сингапур бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша жетекші ел­дердің қатарына кіреді. Біз мұны елдің табысты дамуының ма­ңызды рецепті ретінде қа­растыра аламыз ба және біздің эко­номикаларымыз қандай жа­ғынан ұқсас болуы мүмкін?

– Табысты дамудың бірыңғай мәзірі жоқ және көп нәрсе әр елдің ерекше жағдайына байланысты. Сингапурға келетін болсақ, біздің шағын көлеміміз және табиғи ресурстардың же­тіс­пеушілігі бізге шетелдік биз­нес пен инвестицияларды тарту арқылы экономикамызды әр­тараптандыруға үлкен серпін берді. Сондықтан Сингапур үшін жергілікті және шетелдік биз­нес­тің өркендеуі үшін ашық, тұрақты және қонақжай орта құру өте маңызды. Сингапурдың Үкіметі ұзақмерзімді жоспарлауға және өз саясатындағы кез келген өзгерістерді мұқият қарастыруға баса назар аударады. Сонымен қатар біз сингапурлықтарды бо­­­ла­шақта жұмысқа даярлау үшін адам капиталын дамытуға қо­мақ­ты қаражат саламыз. Тех­­но­логияның тез өзгеруіне байланыс­ты қазіргі міндет – халық­тың өмір бойы білім алуына және кадр­лардың біліктілігін арт­тыруға ық­пал ету. Уақыт өте келе жұмыс орындарының ерек­шелігі өзгереді және біздің қыз­мет­керлер жаңа білім алуға және жаңа дағдыларды игеруге дайын болулары қажет.

 

Әңгімелескен

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»