Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен Астана қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары қызметіне полиция полковнигі Салтанат Бегасылова тағайындалды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz Telegram арнасына сілтеме жасап.
Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев оны жеке құрамға таныстырды.
Салтанат Бегасылова 1972 жылы 29 тамызда Алматы облысы Қаратал ауданы Үштөбе қаласында дүниеге келген. Ішкі істер органдарында 25 жыл түрлі лауазымдарда қызмет еткен. Соңғы 3 жылда ҚР ІІМ Ақпараттандыру және байланыс департаменті бастығының орынбасары, Перспективалы технологиялар басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарған.
Жаңа орынбасар елордада құқық қорғау жүйесінің жұмысын жетілдіру үшін маңызды болып табылатын цифрландыру мен ақпараттандыруды дамыту жөніндегі мәселелерге жетекшілік етеді.