Астана қаласындағы Юнус Эмре атындағы Түрік мәдени орталығы өткен жылдары елорда төрінде «Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтары қарым-қатынас құжаттары» атты көрме ұйымдастырды. Осында 1703 жылдан 1730 жылға дейін Османлы империясына билік жүргізген ІІІ Ахмет сұлтанға жолданған қазақ ханы Қайыптың хаттары қойылды.
Содан бері аталған жәдігер – хатқа қатысты әртүрлі дереккөздерінен іздеу салып көрдік. Аңғарғанымыз, бұл хат сол дәуірде мұсылман түркі тұқымдас тұлғалардың өзара байланысын әйгілейтін құжат екені анық. ІІІ Ахмет өз заманында отаршыл Ресейдің ортаазиялықтарға ықпалын азайтуды көздеген тұлға болса, қазақ ханы Қайып билікке келген жылдары (1715) шығыстан ойрат, оңтүстіктен хиуа-қоқан, солтүстіктен ресейлік басқыншылар жерімізге көз алартқан қиын заман-тын.
Осындай алмағайып жылдары Қайып хан түрік сұлтанына 1711 және 1713 жылы екі хат жазыпты. Бірінші хатты зерттеуші-шығыстанушы И.В.Ерофеева Түркия мұрағатынан (Архив Османской империи. Топкапы Сарайи. Name-I Humayun 251. T. 12.) алып, осман-түрік тілінің маманы Т.Бейсембиеваның қатысуымен орысшалаған көрінеді.
Ал хаттың қазақша мәтіні мынадай: «Екі қасиетті қаланың (Мекке мен Медина) қызметшісі, жер мен теңіз қаһаны, қаһандардың қаһаны Ахмет хан сұлтанды билік пен ерлік, өрлік пен әділеттілік, даңқ пен қайырымдылық нұрландырады, дініміздің шынайы сәруары – ұлы билеуші орданың және даңқты әрі жоғары Осман-хан әулетінің лайықты әрі мақтаулы ізбасарының даңқын татулық пен келісім, ақ көңілділік пен ынтымақтастық айшықтайды. Сіздің мәртебелі ойыңыз алдында шынайы досыңыз Ташкенттегі Афрасиаф тағында отырғанына осы айтылғандар ашық айқындық берсін. Өзіміздің құзырымыздағы және иелігіміздегі: Түркістан, Әндіжан, Сайрам, Қарақалпақия және басқа да халықтар шариғаттың жасыл байрағын асқақтату үшін таңертең де, кешке де шынайы ізгілікпен дұға жасаймыз. Сіздің мәртебелі ғұзырыңыз алдында, біздің мемлекетіміз бен Мәскеу мемлекетінің арасында «Ака Аштак» деп аталатын иелік бар екенін мәлімдейміз. Оның тұрғындары, барлығы сүнниттер. Бұрын бұл иелік талан-таражға түскенде Мәскеу оны күшпен бағындырды. Содан бері олар – Мәскеу құзырында және оған баж-салық төлейді. Енді, міне, осы халық бүкіл әскерімен және туы астына жиналғандармен Мәскеуден қорыққандықтан мұсылман дініне шексіз беріліп бізге көшті. Егер сіз бізге қолұшын беретін болсаңыз, біз дінсіздерден (кәпірлерден) осы иеліктің сегіз қаласын тартып алар едік. Егер біз бірлесе қимылдасақ Мәскеу иелігіне айықпас кесір келтіреміз. Осы оймен біз сізге ең әуелі достық мақсатпен Цаййикули чухра-агаси-биді Ұлы айлаққа (орысшасында – порт) жібермек болған едік, алайда біздің құлағымызға соғыс туралы және кәпірлердің жеңіліс тапқаны туралы хабар жетті. Айналамыз қуанышқа толды. Осы оқиға туралы хабар бізге жетісімен біз өзімізге шынайы берілген және мәртебелі Құрбан бек көкілташ арқылы сіздің сарайыңызға осы хатты жолдадық. Сіздің үкіміңіз қандай болатындығы туралы хабарды жылдам жіберсеңіз, біз оны асыға күтеміз. Сіздің ізгілікке толы салтанатты сарайыңыздан айтылғанның бәрін біз жоғары дәрежеде орындауға дайынбыз», делінген.
Қазақ ханы Қайып хатында осылай депті. Біздің мақсат өз оқырмандарымызға тарихи хаттың мәтінін ұсыну. Оған әрі қарай талдау жасауды мамандарға қалдырдық. Десек те, И.В. Ерофеева ханым хатта айтылған «Ака Аштак» иелігін «Жайық – Орал алқабы» дей отырып, «ака» сөзін «өзен» деп тәпсірлейді. Осындағы «Цаййикули чухра-агаси» атауы Әбілқайыр ханның Орынбор губернаторына жазған хатында тағы да кездесетіндіктен, бұл сөз – мәртебесі биік адамға берілетін лауазым болар депті.