Таразда парақор әскери полицей ұсталды. Жамбыл облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне С. деген азаматтан арыз түсіпті. Ол Ішкі істер министрлігінің №5513 әскери бөлімі әскери полиция бөлімшесінің аға анықтаушысы, полиция капитаны Р. деген азаматтың өзін қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін ақша талап еткенін айтқан. Ақша берсе, істі болудан құтқарамын деген әскери полицей қызметі үшін алатын ақшасының да көлемін нақты айтып, екі жақ 50 мың теңгеге келісіпті.
Бірақ, істі болушы қаржының барлығын бірден бере алмайтынын жеткізген. Алдын ала жүргізілген жедел-іздестіру шаралары кезінде қаржы полициясының қызметкерлері әскери полицейдің 20 мың теңге ақша алған сәтін тіркеген. Ертеңіне қалған 30 мың теңгені алып жатқан кезінде өзі де қолға түсті. Кінәсін бірден мойындағандықтан, сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу өндірісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жамбыл облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басқарма басшысы Камал Қалыбековтің айтуына қарағанда, күдіктінің үстінен Қылмыстық кодекстің 311-бабы, 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.