Дохадағы әлем чемпионаты аяқталғаннан кейін дзюдошылардың әлемдік рейтингі қайта жаңартылды. Өкінішке қарай, сол жарыста Қазақстан құрамасы сәтсіз өнер көрсетіп, сенім артқан серкелеріміз өз жанкүйерлерін жерге қаратты. Соның салдарынан рейтингтегі нәтижеміз де төмендеді. Қазіргі кезде отандастарымыздың арасынан тек Әбиба Әбужақынова ғана ТОП-10-дыққа еніп отыр. Ал қалған балуандар қалың топтың қатарында жүр.
Жігерсіз жігіттер, нашар нәтижелер
Әңгімемізді ерлерден бастайық. Осыған дейінгі Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) рейтингіне зер салсақ, ТОП-10 балуанның қатарынан еліміздің кемінде бір-екі балуанын кезіктіретінбіз. Әлем чемпионатындағы сәтсіздіктен кейін жағдайымыз күрт нашарлады. Қазіргі кезде жерлестеріміздің арасында ең үздік нәтиже Данияр Шамшаевқа тиесілі. 73 кило салмақ дәрежесінде күш сынасып жүрген 21 жастағы қазақ дзюдошысы рейтингте 14-орынды иеленді. Жалпы, білікті бапкерлерден бастап, қатардағы қарапайым жанкүйерлерге дейін бұл жігіттің болашағына зор үмітпен қарап отыр.
Былтыр Астанада өткен Азия чемпионатында Данияр төрт кездесудің барлығында жеңіске жетіп, бас жүлдені олжалағаны есімізде. Сол жарыста ол үндістандық Суреш Сингхты 42, тәжікстандық Бехруз Ходжазоданы 42, қырғызстандық Шыңғысхан Сағыналиевті 31, өзбекстандық Муроджон Юлдошевты 34 секундте таза ұтып, сан мың көрерменнің ыстық ықыласына бөленген еді. Сонда Шамшаевқа Азия чемпионы атану үшін бар-жоғы 149 секунд жеткілікті болды!
Биыл қандасымыз Париждегі Гранд Слэм турнирінде қола алса, Тбилисиде күміспен күптелді. Өкінішке қарай, Данияр Дохадағы әлемдік додада даралана алмады. Ол екінші кезеңде әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы, италиялық Мануэл Ломбардоға жол берді. Шамшаевпен бір салмақта өнер көрсететін тәжірибелі Жансай Смағұлов 21-орынға жайғасты. Ол да Парсы шығанағында сәтсіздікке ұшырады.
60 кило салмақ дәрежесінде бес бірдей балуанымыз ТОП-50-ліктің санатында. Солардың арасынан Мағжан Шамшадиннің көші ілгері. Сыр бойының саңлағы 16-орында тұр. Атағы алысқа жайылған Елдос Сметов 21-сатыға жайғасты. Соңғы кездері өрелі өнерімен көзге түсіп жүрген Нұрқанат Серікбаев 26-орынды еншіледі. Ал Бауыржан Нарбаев 35-ші, ал Шерзод Давлатов 47-сатыға табан тіреді.
Өзге салмақ дәрежелерінде жерлестеріміз мынадай сатыларға жайғасты: Абылайхан Жұбаназар (81 кило) – 20, Нұрлыхан Шархан (100 кило) – 21, Ғұсман Қырғызбаев (66 кило) – 22, Дидар Хамза (90 кило) – 24, Ғалымжан Қырықбай (+100 кило) – 39, Әділ Оразбаев (+100 кило) – 41 және Есет Қуанов (66 кило) – 50-орын.
Қазіргі кезде Грузия дзюдошыларының дәуірі жүріп тұр. Ерлер арасында жеті салмақ дәрежесі болса, соның төртеуінде Қап тауының қырандары әлемдік рейтингте көш бастап келеді. Олар – Лаша Шавдатуашвили (70 кило), Тато Григалашвили (81 кило), Лука Майсурадзе (90 кило) және Илья Суламанидзе (100 кило). Бір кереметі, 90 кило салмақта үш грузин жігіті үздік бестіктің санатына еркін еніп отыр. Дәл осындай табысымен жер-жаһандағы бірде-бір мемелекет мақтана алмайды. Қалған салмақ дәрежелерінде испаниялық Франсиско Гарригос (60 кило), молдовалық Денис Виеру (66 кило) және тәжікстандық Темур Рахимовтың (+100 кило) алдын орайтын ешкім табылар емес.
ТОП-10 дзюдошылардың санатына Грузия мен Жапонияның – 9, Әзербайжанның – 7, Моңғолия мен Өзбекстанның – 5, Канаданың – 4, Оңтүстік Корея, Франция, Бразилия, Нидерландтың – 3, Бельгия, Израиль, Италия, Кубаның – 2, Испания, Тайпей, Молдова, Украина, Швейцария, Аустрия, Түркия, Мажарстан, Португалия, Ресей және Тәжікстанның 1 өкілі енді. Сол серкелердің қатарынан еліміздің бірде-бір өренін көре алмағанымыз өкінішті. Бұл жағдай Мәдениет және спорт министрлігі мен республикалық дзюдо федерациясының басшыларына ой салуға тиіс. Өйткені алда Париж Олимпиадасы менмұндалап тұр. Егер жағдайды түзеу үшін дереу арада шұғыл шешім қабылданбаса, дәл осы қарқынмен төртжылдықтың басты додасынан құралақан қайтатынымыз анық.
Ерлер арасындағы
ТОП-5 дзюдошы
60 кило: 1. Франсиско Гарригос (Испания), 2. Ян Юнвэй (Тайпей), 3. Ли Ха Рим (Оңтүстік Корея), 4. Балабай Агаев (Әзербайжан), 5. Георгий Сардалашвили (Грузия).
66 кило: 1. Денис Виеру (Молдова), 2. Хифуми Абе (Жапония), 3. Ёндонпэрэнлэйн Басху (Моңғолия), 4. Дзёсиро Маруяма (Жапония), 5. Важа Маргвелашвили (Грузия).
73 кило: 1. Лаша Шавдатуашвили (Грузия), 2. Хидаят Гейдаров (Әзербайжан), 3. Цэнд-Очирын Цогтбаатар (Моңғолия), 4. Нильс Штумп (Швейцария), 5. Даниел Карнин (Бразилия).
81 кило: 1. Тато Григалашвили (Грузия), 2. Маттиас Кассе (Бельгия), 3. Саид Моллаей (Әзербайжан), 4. Таканори Нагасе (Жапония), 5. Ли Жон Хван (Оңтүстік Корея).
90 кило: 1. Лука Майсурадзе (Грузия), 2. Санширо Мурао (Жапония), 3. Давлат Бабонов (Өзбекстан), 4. Бека Гвиниашвили (Грузия), 5. Лаша Бекаури (Грузия).
100 кило: 1. Илья Суламанидзе (Грузия), 2. Зелим Коцоев (Әзербайжан), 3. Майкл Коррел (Нидерланд), 4. Кайл Рейес (Канада), 5. Шади Эльнахас (Канада).
+100 кило: 1. Темур Рахимов (Тәжікстан), 2. Әлішер Юсупов (Өзбекстан), 3. Татсури Сайто (Жапония), 4. Одхуугийн Цэцэнсенгэл (Моңғолия), 5. Тедди Ринер (Франция).
Жалғыз үмітіміз – Әбиба
Әйелдер арасындағы жарыстарда Әбиба Әбужақынова ғана айшықты өнерімен көзге түсіп жүр. 25 жастағы спортшы былтыр қазақ қыздары арасынан алғашқы болып әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілді. Ташкентте өткен жарыста Әбиба небір атақты балуандардан басым түсіп, қола медальды мойнына ілгенде, барша Алаш жұрты бөріктерін аспанға атып қуанған еді. Жерлесіміз бұл нәтижемен шектеліп қалған жоқ. Кейінгі екі жыл аралығында ол Ұланбатыр, Әбу-Даби, Париж және Тбилисиде ұйымдастырылған Град-Слэм турнирлерінде жүлдегерлер санатына қосылды. Былтыр Астанадағы Азия чемпионатында ақтық сынға дейін алқынбай жетіп, шешуші тұста ғана ұтылса, биыл Португалияның Алмада қаласында шымылдығы түрілген Гран-при сайысында алтыннан алқа тақты. Пиреней түбегінде жалауы желбірген жарыстың финалында ол өзінің командалық әріптесі Ғалия Тынбаевадан басым түсті.
Биыл Дохада да Әбужақынованың жеңіс тұғырына көтерілуіне жақсы мүмкіндігі болды. Бастапқы бәсекелерде израильдік Тамар Малка, моңғолиялық Баасанху Бавудорж, сербиялық Милица Николичтен айласын асырған ол жартылай финалда Еуропаның екі дүркін чемпионы, әлемдік рейтингте көш бастап тұрған франциялық Ширин Буклиге есе жіберді. Ал қола медаль үшін тартыста италиялық Ассунта Скуттоға Әбибаның әлі жетпеді. Десек те қазіргі кезде еліміздің татами шеберлері арасындағы ең үздік көрсеткіш дәп осы Әбиба Әбужақыноваға тиесілі.
Аса ауыр салмақта күш сынасатын Кәмила Берліқаштың да өнерін «қанағаттандырарлық» деп бағалауға болады. Ол қырып-жоймаса да, түрлі турнирлерде тәуір нәтижеге қол жеткізіп келеді. 23 жастағы қазақ балуаны былтыр Ұланбатырда және биыл Бакуде үздік үштікті түйіндеді. Тбилиси, Алмада, Ташкентте бесінші орынға табан тіреді. Егер өзге бұрымдылардың алғашқы айналымдардан аса алмай жүргенін ескерсек, бұны да тәуір көрсеткіш деп бағалаған жөн. Өкіншке қарай, өзге қыздардан ондай қарқын байқалмайды.
ТОП-50-ліктің қатарына енген өзге жерлестеріміздің нәтижелері мынадай: Аруна Жанкелдина (70 кило) – 31, Назгүл Маратова (+78 кило) – 34-орын Ғалия Тынбаева (48 кило) – 35, Севара Нышанбаева (57 кило) – 39 және Толғанай Әбеуова (52 кило) – 49-орын. Ал 63 пен 70 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүрген отандық татами шеберлерінің бірде-біреуі бұл межеге жете алар емес.
Әлемдік рейтингте Жапонияның екі дзюдошысы көш бастап тұр. Қалған мемлекеттердің бір-бір балуаны ғана алдыңғы лекте. Олар – жапониялық Нацуми Цунода (48 кило) мен Саки Ниизоэ (70 кило), косоволық Дистрия Красничи (52 кило), канадалық Криста Дегучи (57 кило), ұлыбританиялық Люси Реншалл (63 кило), италиялық Элис Белланди (78 кило) және израильдік Раз Гершко (+78 кило).
ТОП-10 дзюдошының тізіміне Францияның 12 өкілі еніп отыр. Бұл – қыздар арасындағы ең жақсы нәтиже. Одан кейінгі орындарда мына командалар: Жапония – 9, Израиль мен Германия – 5, Бразилия – 4, Италия мен Канада – 3, Моңғолия, Испания, Косово, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Хорватия, Нидерланд, Қытай – 2, Сербия, Қазақстан, Португалия, Өзбекстан, Мажарстан, Грузия, Польша, Аустралия, Словения, Венесуэла, Аустрия, Грекия және Түркия – 1.
Әйелдер арасындағы
ТОП-5 дзюдошы
48 кило: 1. Нацуми Цунода (Жапония), 2. Ширин Букли (Франция), 3. Бландин Пон (Франция), 4. Ассунто Скутто (Италия), 5. Вакана Кога (Жапония).
52 кило: 1. Дистрия Красничи (Косово), 2. Челси Джайлс (Ұлыбритания), 3. Диёра Келдиёрова (Өзбекстан), 4. Ута Абэ (Жапония), 5. Река Пууп (Мажарстан).
57 кило: 1. Криста Дегучи (Канада), 2. Харука Фунакубо (Жапония), 3. Джессика Климкайт (Канада), 4. Рафаэла Силва (Бразилия), 5. Ху Мими (Оңтүстік Корея).
63 кило: 1. Люси Реншалл (Ұлыбритания), 2. Катерин Бошемен-Пинар (Канада), 3. Мегуми Хорикава (Жапония), 4. Кларисс Агбеньену (Франция), 5. Ангелика Шиманская (Польша).
70 кило: 1. Саки Ниизоэ (Жапония), 2. Барбара Матич (Хорватия), 3. Михаэла Поллерес (Аустрия), 4. Санне Ван Дейк (Нидерланд), 5. Лара Цветко (Хорватия).
78 кило: 1. Элис Белланди (Италия), 2. Одри Чёмео (Франция), 3. Инбар Ланир (Израиль), 4. Майра Агияр (Бразилия), 5. Анна-Мария Вагнер (Германия),
+78 кило: 1. Раз Гершко (Израиль), 2. Романа Дикко (Франция), 3. Джулия Толофуа (Франция), 4. Акира Сонэ (Жапония), 5. Ким Хаюн (Оңтүстік Корея).