Парламент депутаттарының жазғы каникулға шығар алдында Мәжіліс депутаты Талғат ЕРҒАЛИЕВТІ әңгімеге тартып, сессияның қалай аяқталғандығы жөнінде сұраған едік.
– Мен Парламенттің бесінші шақырылымының үшінші сессиясы табысты аяқталды деп санаймын. Осы сессияда 154 заң жобасы қаралып, 104 заң қабылданды. Бұл – үлкен жұмыс. Бұлардың бәрі де еліміздің экономикасын нығайтып, халықтың әл-ауқатын арттыратын, мемлекетіміздің іргесін нықтай түсетін заңдар.
– Заң жобаларының негізгі бөлігін Үкімет дайындайды. Ал бұл істегі депутаттардың үлес салмағы қандай?
– Әрине, қаралған заң жобаларының 134-і Үкіметтен түсті. Бұл – табиғи жайт. Өйткені, заң жобаларын әзірлеуге негізінен Үкімет бастамашы болады. Өзінің күнделікті жұмысын тиімді жүргізуге ықпал ететін, экономиканы дамытуға негіз болатын заң жобаларын дайындауға олар мүдделі. Дегенмен, бұл істе депутаттар да белсенділік танытып жүр. Осы сессияда қаралған 11 заң жобасының әзірленуіне депутаттар бастамашы болды. Сондай-ақ, депутаттар халықтың, елдің шешілмей жатқан өзекті проблемаларын көтеріп, орталық атқарушы органдарға 444 депутаттық сауал жолдады. Бұлардың бәрі де тезірек шешілуді күтіп жатқан кезек күттірмес мәселелер екендігі даусыз. Соның ішінде өзім де бірнеше депутаттық сауал жолдадым.
– Қабылданған заңдардың арасында халыққа тиімділігі тұрғысынан өзіңіздің есіңізде қалғандары қаншалықты?
– Ондайлар көп. Әсіресе, менің есімде елдегі кәсіпкерлікті дамытуға игі әсер ететін рұқсат беру жүйесін жетілдіру жөніндегі заң жобасы қалды. Еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, мемлекеттік кірістің сүбелі бөлігі осы саладан түсетін салықтар болуы керектігін Елбасы да өзінің талаптарында үнемі айтып отырады. Алайда, кәсіпкерлікті дамытуға қолбайлау болып жүрген кедергілер көп. Соның ең бастыларының бірі – рұқсат беру жүйесінің тым күрделілігі. Кәсіппен айналысқысы келетін адамның аяғынан алып, тұсау болатын толып жатқан талаптар оны әбден қажытатын. Осының өзі сыбайлас жемқорлыққа да жол ашып, шенеуніктердің кәсіпкерді теспей соруына жағдай жасайтын.
Енді рұқсат беру жүйесін барынша мөлдір және көптеген орынсыз талаптарды қысқартатын заң қабылдадық. Соның нәтижесінде бұрынғы 1436 талаптың 699-ы қысқарды. Былайша айтқанда, жаңа заң арқылы кәсіпкерге қолбайлау болатын талаптарды екі есеге жуық қысқарттық. Бұл жеке кәсіппен айналысатын жандарға біршама жеңілдік беріп отыр. Меніңше, кедергілерді әлі де қысқарту керек, сонда біздегі кәсіпкерлік те тез дамитын болады. Оны енді жаңа заң жобасында қарастыру керек шығар.
– Жоғарыдағы сөзіңізде депутаттық сауалдар туралы әңгіме қозғап қалдыңыз. Енді осы мәселеге тоқталып өтсеңіз. Сессия барысында қанша сауал жасадыңыз?
– Депутаттың белсенділігін көрсететін бір критерий осы сауал жолдау деп білемін. Елде, аймақтарда, өзіміз сайланған өңірлерде орталық биліктің араласуын тілеп жүздеген проблемалар жатады. Соны тиісті органдар мен мекемелердің назарына негізінен депутаттар жеткізеді. Ал депутаттың сауалына орталық атқарушы билік міндетті түрде жауап беруі керек. Әрине, елдегі қордаланған проблемаларды журналистер де көтереді. Алайда, БАҚ туралы жаңа заң бойынша орталық билік онда көтерілген проблемаларға жауап беруі міндетті емес. Ал депутаттың көтерген мәселесі аяқсыз қалмауы заңда қарастырылған. Сондықтан біз депутаттық сауал арқылы елдің кейбір проблемаларының оң шешілуіне ықпал етеміз.
Жоғарыда айтқанымдай, біз осы сессияда 444 депутаттық сауал жолдаған екенбіз, соның бәрі де өзекті мәселелер. Мен өз басым сессия бойына 30 шақты депутаттық сауалды қолдап, қол қойдым. Соның ішінде қазақстандық шенеуніктерге отандық тауар өндірушіні қолдау мақсатымен елімізде құрастырылған автомобильдерді алу қажеттігі жөніндегі сауалды қолдадым. Сондай-ақ Премьер-Министрге әскери қызметтің беделін көтеру шараларын жасауды ұсынған депутаттық сауалды да қолдаушының бірі болдым. Экономикалық аймақтардың қазіргі жағдайына бақылау жасау қажеттігі туралы да мәселе көтердік. Бұлардан басқа да көптеген өзекті мәселелерді Үкімет басшысы және министрліктер мен ведомстволар басшыларының қарастыруына ұсындық. Алайда, сауалдарға келіп жатқан жауаптарға қанағаттана бермейсің. Тиісті органдар көбінесе жалтарма жауаппен құтыла салады.
«Егемен Қазақстан» газетінің бетіне шыққан Қорғалжын мемлекеттік қорығының жағдайы және оған апаратын жолды еліміздегі туризмді дамыту бағдарламасы шеңберінде күрделі жөндеуден өткізу жөнінде жазылған мақаланы өте орынды деп тауып, осы мәселені қолдап депутаттық сауал жолдадық. Оны ақмолалық әріптесіміз Жексенбай Дүйсебаев пленарлық отырыста оқып берді. Соған осы өңірден сайланған барлық депутаттар қолдап, қол қойдық. Шынында, Қорғалжынға апаратын жол ешқандай сын көтермейді. Соған қарамай жыл сайын келіп жататын мыңдаған шетелдік эко-туристерден қатты ұяламыз. Жолдарды ауыр салмақты жүк машиналары бұзады, біздің жазығымыз жоқ деп жол жөндеушілер айтылған сынға ден қоймайды. Шетелдік тас жолдарда «КамАЗ»-дардан бірнеше есе ауыр жүк көліктері жүрсе де жолдар бұзылмайды, біздердікі не қылған «тез бұзылғыш» жол екенін түсінбейсің...
Біз өз сауалымызда Қорғалжынның Астанадан 135 шақырым ғана екенін ескертіп, оның инфрақұрылымын ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге дайындық шеңберінде қайта жаңғырту керек екенін айттық. ЭКСПО-ға 5 млн.-дай адам келеді деп күтудеміз. Оларға жалғыз көрмені ғана емес, экологиялық ахуалымызды көрсететін де жер керек қой. Бурабай біршама алыс, ал Қорғалжын нағыз қолайлы жер. Оның үстіне Қорғалжынның қызыл қоқиқазы шетелдіктерді қатты қызықтырады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».