Түркістан облысында биыл 40 мыңнан аса бала жазғы сауықтыру лагерлерінде демалады. Оның ішінде әлеуметтік жағдайына байланысты 23 мыңнан аса оқушы бюджет есебінен, 3 390 бала «Қазақстан халқына» қоры есебінен жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады. Ал 1 050 бала республикалық оқу-сауықтыру лагерлеріне барады.
Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының мәліметінше, қала сыртындағы лагерлер маусым айының бірінші онкүндігінде ашылып, жаз бойы 6-8 ауысымда қызмет көрсетеді. Сондай-ақ мектеп жанындағы бір мезгіл тамақпен қамтитын 330 лагерь ашылады. Оқушыларды еңбекке баулу мақсатында жаз мезгілінде 110 мыңға жуық бала көркейту, көгалдандыру, құрылыс бригадалары мен мектеп орманшылығының жұмысына қатысады. Өңірде 17 жазғы сауықтыру лагерлері қызмет көрсетеді деп жоспарлануда. Кейінгі 10 жылдан астам уақыт жөндеу жұмыстарынан өткізілмеген мемлекеттік жазғы сауықтыру лагерлері де баршылық. Талапқа сай келмейтін демалыс аймақтарын ретке келтіруге облыстық бюджет есебінен тиісті қаржы қаралмақ. Таулы аймақтарда орналасқан мемлекет меншігіндегі жазғы сауықтыру орталықтарын ретке келтіру де – күн тәртібіндегі мәселе. Бұл орайда облыс әкімі тиісті мекемелерге мемлекеттік және жекеменшік жазғы сауықтыру лагерлерінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуді, санитарлық талапқа сәйкес келтіруді және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын қатаң бақылауға алуды жүктеді.
«Жазғы сауықтыру лагерлерінде спорт алаңдарын, балаларды дамыту орталықтарын жабдықтау, сондай-ақ мәдени іс-шараларды ұйымдастыру бойынша шараларды арттыру керек. Әлеуметтік осал топтардан шыққан балаларды сауықтырумен, жазғы демалыспен барынша қамтуды қамтамасыз ету қажет. Бұл жұмысқа ірі кәсіпорындарды, бизнес өкілдерін тартқан жөн. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Осыған орай барлық лагерге полиция қызметкерлерін бекітіп, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырып, қауіпсіздік шараларын қатаң жүргізуді тапсырамын. Мемлекеттік және жекеменшік жазғы сауықтыру лагерлерінде қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етіліп, жазғы сауықтыру лагерлерін санитарлық талапқа сәйкес келтіру қажет», деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаевтың мәлімдеуінше, оқушыларды тасымалдайтын автобустар міндетті түрде патрульдік полицияның арнайы автокөліктерімен ілесе жүреді. Балаларды полициясыз тасымалдауға тыйым салынады. Балалардың жазғы демалу кезеңінде полиция қызметкерлері лагерлерге бекітіліп, қауіпсіздік шараларын қабылдау үшін лагерь аумағында тәулік бойы кезекшілікке түседі.
Сондай-ақ өңірде жазғы шомылу маусымында өзен-көлдер мен су айдындарында, бассейндерде қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, жыл басынан бері облыс аумағында 20 адам суға кеткен. Оның 15-і – ата-ана қарауынсыз қалған жас балалар. Облыста жалпы 4 334 су нысаны: 42 су қоймасы, 149 ірі және кіші өзендер, 25 көл, 2 870 канал және 1 248 қашыртқы бар. Осыған байланысты су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоспары бекітіліп, бақылауға алынған. Қазіргі таңда өңірде 11 коммуналдық жағажай ашу орындары белгіленген, 111 шомылуға қауіпті учаске тіркеліп, онда 370 дана шомылуға тыйым салу белгілері орнатылған. Мамандар арнайы шомылатын орындары жоқ аудандарда модульді-каркасты бассейндер орналастырылып, балалардың тегін және қауіпсіз шомылуына мүмкіндіктер жасалуы да судағы қайғылы жағдайларды төмендетуге септігін тигізгенін айтуда. Жалпы, 12 млн теңгеден астам қаржыға 43 каркасты бассейн сатып алынған. Облыстағы 85 бассейннің 33-і жекеменшік. Былтыр бассейні бар кәсіпкерлермен меморандум түзіліп, әлеуметтік тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан 5 мыңға жуық бала ақысыз шомылған. Судағы қауіпсіздік бойынша үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысы