Ай-жұлдыз жасырынған қап-қараңғы түн. Қоржын тамға кіргені сол еді, помещиктің келіні шыға келді. Шошынған ол шыңғырмақ болып аузын ашты, бірақ даусы шықпады. Демі ішіне түсіп кетті-ау. Бір қарғып барды да, зіл темір жұдырықпен кеудеден солқ еткізіп соққанда, қабырғаға жабысып, талды да қалды. Алақ-жұлақ айналаға қарады, сұлық жатқан келін денесін жасыра қоятын жер жоқ. Ойланбастан екі бүктеді де, баяу жанған ошаққа тықты да жіберді. Етжеңді екен, дәу қара қазан қозғалып кетті.
Бір сәтке кідіріп, қонақтар дабырлап, қызыл кеңірдек болып жатқан үй жаққа құлақ тосты, дауыстары бәсеңдемеген. Демек ештеңеден сезіктенбеген. Қарсы бөлмедегі қара құлыпқа сом темірді салды да тартып қалды, опырылып түсті. Есікті ашты. Қараңғыдан түк көрінбейді. Келін алып шыққан майшамға көзі тіреліп, соны алды.
Айқасқа кең бөлменің төрінде байлауда тұр. Жануар мұны танығандай оқыранып қалды. «Тыс-с!» деген бұл барды да, арқанды ағытты, жай жетелеп есікке келді. «Адамнан есті жануар» дегені рас-ау... Айқасқа жағдайды ұққандай мұның ыңғайына көніп, жетегіне жүрді. Ауыз бөлмеге қайта түсті. Ошақтағы келіннің киімі бықсып, көк түтін қаптаған. Көзі шоқтай жанған жануар түтін иісіне шошынып дірілдей бастады. Далаға шықты да ат тұмсығын басқан алақанын алып, жүген салды. Осы кезде ғана тықыршыған Айқасқа бар даусымен кісінеп жіберді. Бұл сәтте бір-ақ қарғыған ол аттың үстінде еді. Дарбаза ашық. Бір ытырынып, заулады да жөнелді. Әудем жер ұзағанда артынан бес-алты рет мылтық атылды. Қара жолдың топырағын бұрқыратып қара түнді қақ жарып ұшып барады. Екі жылда бойы биіктеп, тұрқы ұзарып, жон арқасы жалпайып, кеудесі кеңіп қалған шұбар аттың жалаңаш үстінде жалға жармасып әрең отыр. «Нағыз тұлпар атқа айналыпты», деді.
Айсыз түнде Айқасқаны ұрлап, сол күннен бастап қарақшы атанған Қаракөсенің Болтай атасынан шыққан 19 жастағы Сақ еді. Екі жыл бұрын нақақтан жала жабылып, Бекабаттың тас зынданына түскенде бозбала еді. Әзір зіңгіттей жігіт. Нағыз түйе қабырғалы Қаракөсенің нақ өзі. Ұзынша бойы атты кісіні иектейді, екі иығына екі кісі мінгендей кеуделі, жауырыны қақпақтай. Қарасұр түр-әлпеті кім-кімді де ықтырғандай ызғарлы. Жалпақтау беттегі үлкендеу көздері зілдене қараса, жерге тығып жіберердей тым сұсты. Әйтсе де, балуанға шақ келісті дене бітімі көрген жанды «Паһ, шіркін!» дегізетіндей.
* * *
«Әттең дүние, біреуге кең, біреуге тар!». Бұрнағы жылы Болтай жылқысы Иван помещиктің картоп салған жерін жиектеп, қамауға алынған. Сот пен ауыл ақсақалдары ырғаса келіп, егінге ерні де тимеген, зиян да шектірмеген жылқының бес-алтауын айыпқа кескен. Қосақта шұбар құнан да кетті. Ақсақалдар көп дәлелмен қанша айтса да патша заңы помещик уәжін дұрысқа шығарды. Бұған өкпелі Сақ дәм сызбай жатып қалған. Бала беті бері қарамауға айналған соң әкесі Садықбай екі жылқы жетелеп барып, «айыпты» шұбар құнанға айырбастамақ болды. Оған Иван помещик көнбеді. Ақымақ емес қой. Мал тани біледі. Шұбар құнан екі-үш жылда бір үйір қылқұйрыққа да айырбастамайтын алапат тұлпарға айналарын жалмауыз жүрегі сезіп тұр.
* * *
...Сақ әлі күнге шұбар құнанға ер салмаған. Дөнен шыққанда бір-ақ ерттемек еді. Негізі Айқасқа жаңа туғанда қап-қара құлын болатын. Өсе келе құнан шығарда басы мен мойыны, төрт аяғы жуан санға дейін шымқай қара күйінде қалды да ұлы денесі шұбарланып кетті.
...Тұрқы бөлек Айқасқаны қолына қалай түсірерін білмей көз қадап жүрген Иван помещик Болтай жылқысының бір бөлігі картопты алқапқа жапырылып бара жатқанын көргенде алақан ысқылап, «О-о, Исус, арманымды алдыма айдап әкелдің!» деп қуанған. Дереу шоқынып, құдайына тәу еткен.
Егін етегінде Айқасқа мойнын аққудай иіп, ойнақтап билегенін көргенде Иван құдайына солай сыйынбаса да болмас еді. Таң жарығында күн шуағына малынып, жал-құйрығы төгіліп, төрт тұяғын маң-маң тастап, маңғаз ғана билеп жүрген Айқасқа көрер көзге сұлу еді. Помещик қатты қуанғаннан жирен сақалды иегі кемсеңдеп, шағыр көзіне жас тығылды. Бырт-бырт етіп бір-екі тамшысы ытқып та шықты.
Кенет есін жиып, айғайға басты. Төрт-бес жалшыны атқа қондырып, мән-жайды түсіндірді. Үш жүзге жуық жылқыны қай қораға сыйдырсын. Он бес шақтысын кіргізіп, қалғанын айдатып тастады. Қорадағы жылқы арасында айқасқа құнан да бар. Көзі жасаураған Иван құнанға қараған сайын құмары қанар емес. Енді бұл асыл текті жануардан өлсе де айырылмас.
Келесі іс тез тындырылуы ләзім. Жалшыны саба қарын стражникке жұмсады. Болған жайды бұрмалап, протоколды өзі толтырып, қосымша хаттамаға «пәленбай гектар жердің картобы жылқы тұяғына жанышталып, шеккен шығыным – 15-20 сом орыс ақшасы», деп өзі жазып берді. Ал саба қарын стражник бір бөшке самогоннан мелдектете ішіп, танауы тершіп отырған.
«Ваня, сот өкілдері тексерсе, өтірігім шықпай ма? Мал тұяғы картопқа жетпегенін қызметшің маған айтты», деді ол Иванға тіке қарап.
Помещик саспады. Стражниктің қалтасына бір уыс пұл салып: «Сот та пенде. Оның да аузы бар», деп миығына кекесін іліп күлді.
Тиісті мекемені паралап, қулығы мен сұмдығын асырған помещик сотта болтайлықтарды жеңді. Патша заңын өз керегіне пайдалана алатынын көрсеткен кеудемсоқ орыстар қазақтарға өктем сөйледі. «Сауатсыз сасық қазақтар, әкелеріңді таныттық па?» деді. «Күні бойы самогон ішіп, езуінен махорка түспейтін, үнемі сасып, бықсып жүретін сорлы күнінде бір рет бетін шаяды ма, жоқ па? Сөйте тұра бес мезгіл намазы бар кәміл мұсылманды сасық дегені несі!» деп кейіді ауыл молдасы.
Шенеунікке пара беріп, өз керегіне пайдаланудың арам әдісі алғаш рет біздің елге осы помещиктермен келді.
* * *
Тұлпар тұрпатты құнаннан қапыда айырылған Сақ тағаттан да айырылды. Күндіз-түні помещик үйін торуылдап, жаздың бір күні Айқасқаны Жайма көлге апарған атшы жігітті ұрып жығып, құнанды мініп қашқан. Көл жағалай шауып отырып, жыңғыл мен тораңғыл қаптаған үлкен сайды өрлеп, адам аяғы сирек баратын қу далаға кеткен. Үш-төрт күн жасырынып жан бақты, азығы қат болғанда, көрші ауылдағы нағашыға тартқан. Балалық қой.
Бұл кезде ауылды шулатқан помещик пен стражниктер Садықбай мен туыстарға қоқан-лоқы көрсетті. Бірақ түк шығара алмады. Құнанның орнына екі жылқы ұсынып еді, Иван оған қарамады да. Әйтсе де ел ішінен бір сатқын тапқан. Сөйтіп, екі ауылды кірпік қақпай күзетті. Әккі стражниктер құрған қақпанға бала өзі келіп түсті. Түн жарымда нағашы ауылына таяп қалғанда он шақты стражник қаумалап, тұтқындапты. Мойынға қыл бұрау лақтырып, қылқындырып ұстаған көрінеді.
Нешеме күннен бері ашынған помещик тұтқынды бірден Бекабатқа айдатты. «Ұры-қарақшыны» зынданда шірітпек. Қажетті құжат-хаттаманы қаттап қойған. Ол хаттама бойынша, Сақ жылқы ұрлап қана қоймай, жалшыны аямай соққыға жығып, өлтірмекші болған. Көзін шығарып, басын жарған, аяғын сындырып, мүгедек қылған. Қазір атшы Сашаның ақыл-есі кіресілі-шығасылы-мыс.
Әлі бозөкпе баланың шын жасын жасырып, «жасы 20-да, нақ қаскөй қарақшы» деп көрсеткен. Оқиға басында Саша мен Сақтан басқа ешкім болмады. Атшының таяққа қалай жығылғанын ешкім көрмеген, білмеген. Бірақ стражник бастығы қолдан екі-үш куәгер жасап, олардың оқиға туралы баянын қағазға түсіртіп, бармағын бастыртып алды. Осымен Сақ зынданға нақ түсіп, келмеске кетері хақ болды.
Анығында, Саша шұбардан айырылып, ойбайға салып үйге барған. Қожайыны жынданып кете жаздап, қатты ақырды. Ақыры көзіне қан толып, бұзаутіс қазақы қамшымен тартып-тартып жіберген. Ауыр соққылар көз шығарып, басты жарған. Тағы құлаштай ұрып, тізесін талқандады. Енді осының бәрін бейкүнә бозбалаға жала қылып жапсырмақ.
Сақтың іздеушілері артынан жетіп барғанша қауіпті қылмыскер ретінде тез соттап, зынданға тастап үлгеріпті. Әкесі әкелген марқа етін де бергізбеді. Жазған хатты мың тексеріп, әйтеуір алып қалды. «Бала жас, мейірімді боларсыз!» деп берілген бір жылқының ақшасын зындан бастығы қуана, қулана қалтасына басты. Әкесі көп өкінішке көміліп серіктерімен елге қайтты. Күзде тағы бармақшы.
Арада екі ай өткенде тілдей қағаз келді. Дуана іспетті жұпыны адам Садықбайға хатты ұстатты да жөніне кетті. Онда: «Әке, маған келмеңіз, өзім барамын» деп жазылған. Содан жеті ай дегенде стражниктер ауылды қайта тінте бастады. Көрші ауылдарды да сүзіп шыққан. Ауызы бос біреуі, зынданнан он шақты қылмыскер қашып, құтылып кеткенін айтыпты. Қашқан қылмыскерлер қатарында Сақ та бар.
* * *
Сақтың кейінгі өмірі туралы әңгімелер аңыз-ертегіге бергісіз. Жасаған жақсы ісін жарияламайды. Мақтанды, кердеңді, кербезді жаны жек көреді.
Он шақты өзбек-тәжікпен бірге кеткен Сақ Памир тауларына жол шеккен. Сол жақта қаруды ұстау мен атудың, сондай-ақ қолма-қол соғыстың неше тәсілін меңгеріп, екі жыл жаттыққан. Ол жөнінде өзі тіс жармайды. Елге келіп, ауыл жігіттерін серік еткенде, таулы жұртқа жол түскенде, өрендері тәжік достардан там-тұмдап естіген әңгімелер бұл.
* * *
Сақ зынданнан қашқалы помещик үрей мен қорқынышқа ұрынып, атты үй қасындағы қоржын тамда ұстайды. Терезесін тас қып бекітіп, есікке дәу құлып салған. Ауыз үйде қазан-ошақ, ал қарсы бөлмеде ас әзірленеді.
...Айқасқаны ұрлауға келген Сақ үй қоршауына қарғып шықты. Сол-ақ екен, Қап тауының құбыжық іспетті тайыншадай екі сабалақ төбеті ырсылдап лезде жетті. Сескеніп қалды. Үрмесін деп ұйыққан қаншықтың ұнтақталған тезегін шашып жіберді. Қорған ішінде қамақта жүрген екі арлан төбет ұйыққан қаншық тезегіне мауығып, ұзақ ұйлығатынын біледі. Қоршаудан түсіп, қонақтар дуылдасып жатқан үйді айналып, қоржын тамға барды...
* * *
Сақ соққысынан талып түскен келіншектің жамбасы отқа шыжғырыла күйіпті. Әйтеуір жаны аман. Ауыз үйге кейін кірген көмекші әйел шыңғырып, айғайға басқан. Аттың шұрқырай кісінеген үнінен секем алған помещик пен қонақтар апыл-ғұпыл далаға шыққан, әйелдің шыңғырық даусы бәрін шошытты. Артынан мылтық атылды. Таң атқанша ығы-жығы, айғай-шу болды. Атты адам әкетті ме, албасты әкетті ме, беймәлім!
Сақ сол кеткеннен тағы да мол кетті. Қайда барды, не істеді, кіммен бірге жүрді, немен тіршілік етті – ешкім білмейді. Әр кез, әр жерден шыққан қауесетке қарағанда көрші өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмен елдерін кезіп жүретін көрінеді. Алтыатар шолақ мылтығы бар. Көргенін көздемей ататын қолмерген. Дыбыс шыққан жаққа мылтық кезеп, шүріппені басса, тысыр еткен жер жастанады. Соңына түскен талай полицияның мойнын бұрап, алтыатарға іліккеннің миын шашып, о дүниеге аттандырса керек.
Көрші елдердегі қарапайым адамдар арасында қайырымды қарақшы атанған деседі. Жетімдер мен жесірлердің жетіліп кетуіне сеп болған. Қысқы соғымға, жазғы сауынға мұқтаж жандарға мал таратқан. Қолы ашық бай-бағландар мен қайырымды жандарға тимеген. Құлқын құлына айналған қара жүрек қызғаншақ байларға жаза кескен. Құдайдың ізгі қағидаларынан қашқан қорқаулардың мал-дүниесін үптеп әкетіп, әлсіздерге үлестірген. Осындай аңыз-ертегіге бергісіз, қызығы қым-қиғаш уақиға-әңгіме көп.
* * *
«Орда бұзар отызда» Сақ елге оралады. Бұл кезде тынышы кетіп, жыл сайын егіні жанышталып, малы түгел барымтаға түскен Иван помещик елден көшіп, мүлде жоғалып, құрыған.
Ал полиция оны көрсе де көрмеген, білсе де білмеген болды. Өзі келіп ұрынбаса тиіспейік деген сияқты. Сақ енді қалаулы қалыңдығын құшып, от басы, ошақ қасында бейбіт өмір сүре бастаған. Бірақ он жылда екі айналып соққан «Доңыз жұты» мен «Қой жұты» оны тағы да тыныш жатқызбады.
Біздің ел тіршілік кешкен жер қанша мырза дегенмен, тегі шөл емес пе? Ұлы жұт келгенде жұқарып, жағдайы қиындап кететіні рас-ты. Мал баққан ел жұтта жүген-құрық ұстап қалғанда, Сақ қайтадан ат жалына қол артып, үзеңгіге аяқ салған. Еті тірі, білегі мықты өрен қасына ерген. Өрендер әңгіме айтқанда мұқым қауым көз жұмып, мол қызыққа бататын. Әттең-айы, бәрін тәптіштеп, таратып айтуға Сақтан тыйым бар.
Тау-тасты кезген, көрші елдердің бәрін көрген. Әйтеуір мал тауып әкеліп, елге таратып жіберетін. Қарашаға соқтықпай, қайырымы жоқ байдың малын айдап әкететін. «Бұл жануарды малданам деп ойламаңдар. Із кесіп іздеушісі келуі ықтимал. Сойып алып, азық қылыңдар. Ай жарымда тағы айналып соғармыз», деп жөнелетін.
* * *
Әуелде ішерге асы жоқ деген үйге бір мал әкелетін. Жұт күшейгенде көп адам ас-ауқатсыз қалды. Енді қасына серік ертіп бай, помещиктердің мал-дүниесіне тие бастады. Он-он бес үйге «ортақтасып жайғап алыңдар», деп үш-төрт ірі мал байлайтын. Бұл әдіс-амалды полиция аңғармай қалмады. Өз әлі жетпейтін еді. Сырдариядан көмек шақыртқан. Сөйтіп, отыз шақты полиция жасағы Болтайды торуылдауға көшкен. Әрине, ауыл адамдарына сездірмеді.
Бұл жолы Жызақ жаққа жортуылдаған Сақ түн жарымда екі серігіне екі-екіден жылқы жетелетіп келді. Ауылға топырлап бармас үшін екі мініс атты алып қалды. Төрт сойыс жылқысымен ауылға жаяу жіберді. Полиция Жайма көлді жағалап өте берген екінің бірі Сақ деп ойлап, қоршауға алған.
Екі атты тұсап, Айқасқаны бос қойған Сақ қара жерге енді жамбастап, аяқ созған. Көл жақта мылтық атылды. Аты да бас көтеріп сол жаққа қадалып тұр. Бір пәленің болғанын білді. Асықпай ат жүгенін қайта салды, тартпаны мықтады. Ауылға барар жолды айналып, қалың қарағашты қапталдай шауып, тұтқындарды әкеле жатқан жасақтың дәл қарсы алдынан шықты.
Олжалы полиция жайбарақат. Жай жүрген Сақ жақындағанда ғана бір тебініп, алтыатарды көздемей-ақ атып-атып жіберді. Қараңғы түнді осқылаған оқтың бірі де зая кеткен жоқ. Төрт полицияның басын паршалап, жер жастандырды. Жөпелдемеде сасып қалған жасақ шегінген бойы бейберекет қашып барады. Екі өренге қайта соққан Сақ, төрт жылқыны ауылға апаруды бұйырды. Сөйтті де ес жиып оқ ата бастаған жасаққа қарай тура шапты. Шошайған бір-екі басты, дыбыс шығарған екі-үшеуін тағы да атып түсірген бойы заулап өте шықты. Жасақ атқан он шақты оқтың бірі де дарымады. Ұзап барды да мылтықты ер қасына ілді, бір домалап аттан түсіп қалды. Шабысын тежемеген Айқасқа әрі қарайғы жөнін өзі біледі. Адамнан есті жануар.
Қарағаштарды қалқалап жаяу жүгірді. Тағы айналып ауыл жаққа өтті. Бұл жолы мылтығы жоқ. Есесіне екі қанжар, екі пышағы бар. Пышағы үлкен. Қажет болса балта орнына пайдаланады, жалпақ қайқы. Атқаны мүлт кетпес Сақтан жүрегі шайлыққан жасақ, «көзсіз ер қай тұстан шауып келер» деп тырс еткен дыбыс шығармайды. Жасақ жасырынған жерге таяғанда аяқ ұшымен жүрелей жүріп, айналаға бажайлай қарайды. Бұл даланың әрбір дөңесі мен еңісін, бұтасы мен діңін бес саусақтай біледі. Қараңғыға қадалған қос жанары бәрін жарық күндегідей көретін сияқты.
Аяқ ұшымен жүріп тағы екеуін бауыздап салды. Тыпырлап шыққан дыбыс жаққа оқ жаудырып жүгірген полиция жасағы Сақтың қайыра ауыл жақ бетке өткенін ұқты. Өзі зым-зия жоғалған. Енді алға бір адым жүрсе өлтіре беретінін сезді. Таң сібірлей топталған жасақ он бір мәйітті арбаға тиеп Сырдағы қосына қарай кетті.
* * *
«Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын осылай көптің қаны төгілген еді» депті мерген бұл оқиға туралы өзіне Алладан жаза тілеп бет сипағанда. Ол кездегі өрен Мәулен, мергеннің аға досы Анзурдың әңгімесін еске алды.
Памир тауларының қалың жыныс етегінде орналасқан тәжік қышлақтарын торуылдап, қарапайым жұрттан нәпақа айыратын жолтосар қарақшылар болыпты. Бірде ұзатылып бара жатқан Анзур қызының керуенін Дариус атты қарақшының тобы шауып, қыз амандығына ақылға сыймас құн сұрапты. Бұл өңірдегі Анзурдың құдіретін білмейтін, ауған жақтан келген қарақшы екен. Әйтсе де артына ілескен қанқұйлылар қырық шақты көрінеді.
Осы қиын сәтте жортуылдан жолаушы соққан Сақ аға досқа көмек қолын созыпты. Шолақ алтыатарды жалаңаш жауырын ортасынан белге қарай бешпент астына, екі қанжар мен екі пышақты саптамаға тығып Дариусқа жалғыз барыпты. Астына кесек, үстіне күміс ақша салған қоржынды аттан түспей Дариустың алдына лақтырған. Айқасқаға көз қадаған қарақшы «Сен кімсің!» деп сыздана сұрағанда, «Мен қазақпын» деп жайбарақат әңгіме бастапты. Ондағы ойы – қарақшының бәрін ашыққа шығару. «Астыңдағы ат та құнға кіреді» деп Дариус қоржынға еңкейді. Алтыатар мен қанжарды қатар суырып, қанжарды жауырынның жүрек тұсына лақтырып, бір мезетте биікте мылтық кезеген қарақшыны атып түсірді. Айқасқа ытырынғанша Дариустың қасындағы қарақшы қылыш шауып үлгерді. Қара сандағы ойық тыртық – сол.
Бұл кезде мысық табандап келген Анзурдың адамдары қарақшыларды қоршап алып, атқылай бастаған. Қан саулаған жараға қарамай оңаша отырған Дилором қызды қағып алып қашты. Алдынан шыққанның бәрін атып түсірді. Оқ таусылғанда атты бос жіберіп, шатқалға жасырынды. Осы кезде етегін көтерген Дилором астыңғы көйлектен бір құлаш мата жыртып, қара санның жалбыраған етін жұлып, таудың емдік шөптері мен майлы топырағын жараға таңған. Өстіп жаны аман қалды. Қарақшының бес-алтауы құтылып, қалғаны өлім құшыпты. Анзурдың адамдарынан да шығын бар.
Ал ауыл жолының бойында полиция бастығы да қаза тапқан екен. Екінші бастық тағайындалғанда Сақ түн жамылып, үйіне түсіп, келісім жасаған. «Иван помещиктің жайын айттым. Жым болды. Ешкімге тимейді. Бірақ мен бірер жыл елде болмаймын» деп тағы да жалғыз жортуылдап кетті. Бұл кезде көкек шақырып, жер түлеген. Төрт түліктің аузы көкке жетті. Енді екі-үш аптада пышаққа ілініп қалар.
* * *
Тағы бір аңыз Сақтың көз ілгенін ешкім көрмегенін айтады. Осыны қасына ерген өрендерден сұрағанда, көзін біздер де көрген Мәулен ақсақал: «Осы сұрақты жеңгеме мен де қойдым. Мергеннің кірпігі айқасқанын ол кісі де көрмей өтіпті», дейді екен.