• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Мамыр, 2023

Конструктор-көлік заңдастырылады

467 рет
көрсетілді

2023 жылдың 22 мамырынан бастап елімізде конструктор-автокөліктерді заңдастыру басталды. Бұған дейін Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ел аумағына кіргізілген шетелдік тіркеудегі көліктерді заңдас­тыруға (арзан бағамен) рұқсат етілген еді. Ал бұған дейін елге қосалқы бөлшектер ретінде әкелінген көлік иелері ресми тіркеу құжаттарының жоқтығынан қиындықтарға тап болып келген.

Үкімет бұл мәселені ш­ешу үшін азаматтарға конс­труктор-автокөліктерді заң­­дастыруға және бастапқы тір­кеуді жүзе­ге асыруға мүмкіндік беретін тиіс­ті ережелерге өзгерістер енгіз­ді. Мұндай көлік құралдарын бастапқы тіркеу үшін алым мөлшерлемесі 200 мың теңгені құрайды.

Автокөліктерді заңдастыру үшін өтінімдерді «Egov» қыз­мет­тері және екінші деңгей­лі банктердің мобильді қосым­шалары арқылы беруге болады.

Айта кету керек, елімізге қосалқы бөлшектер түрімен әкелінген және кедендік тазартудан өтпеген автокөлікті тіркеу куәлігінде меншік құ­қы­ғын өзгертуге тыйым салу және тек Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат беру туралы жазба көрсетіледі.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, акция бастал­ғалы рес­публика бойынша 107 мыңнан аса көлік заңдас­тырылған. Сонымен қатар 14 мың­ға жуық конструктор-авто­көлік анықталған.

Тіркеу үшін көлік иелері өтінім, ішкі істер органының өкілетті қыз­мет­кері берген транспорт құра­лын тексеріп-қарау актісін және техни­калық тек­серіп-қараудың диагнос­тика­лық картасын ұсынуы қажет.

Конструктор-автокөлікті заңдас­тыру үшін келесідей қадамдарды рет-ретімен орындау керек. Алдымен он­лайн-өтінім беріліп, сосын оның электронды тіркеуі жасалады. Бұл ретте конструкторлық автокөліктердің барлық иелеріне автоматты түрде бас тарту және қолда бар құжаттарды процессингтік орталықтың (ПО) қызметкеріне арнайы ХҚКО-да ұсыну қажеттілігі туралы хабарлама жіберілетіні түсіндірілді.

Екіншіден, ПО қызметкері транспорт құрылғысына тиесілі құжаттың дұрыстығын тексереді. Егер ол конструктор-автокөліктің талаптарына сай болса оны электронды мақұлдау парағына қосады.

Үшінші қадам – өтінім беруші тағы да онлайн-өтінім береді және электронды мақұлдау парағы бойынша алдын ала тексеруден өтеді. Содан кейін тексеру бекетіне бағытталады. Бұл кезеңде оның автокөлігін эксперт-криминалистер салыстырып тексеруден өткізеді.

Салыстырып тексеруден сәтті өткеннен кейін өтінім беру­ші ХҚКО-ға барлық қажетті құжат­тарды ұсынады. Оның ішінде диагнос­тикалық карта болады және 200 мың теңге көлемінде мемлекеттік баж салығы мен алымды төлейді.

Еске салып өтейік, конструктор-автокөлік – бұл міндетті түрде жүріс бөлігі және одан ажыратылған қозғалт­қышы бар жаңа автомобильдің шана­ғын қамтитын құрылым. Әдетте, бұл ша­нақ елге қосалқы бөлшектер де­ген желеумен әкелініп, ескі көлікке орна­тылған. Осылайша, ескі құжат бо­йын­ша «жаңа» көліктер пайда болады.

Заңдастыру шарасы 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады.