Марокконың астанасы – Рабатта өтіп жатқан WTA-250 турнирінде Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева үшінші кезеңге шықты.
Жүлде қоры 259 303 АҚШ долларын құрайтын жарыстың тұсаукесер кездесуінде жерлесіміз 17 жасар жергілікті ойыншы Ая әл-Ауниден 6:1, 6:4 есебімен айласын асырды. Келесі кезеңде де жеңіске жету Путинцеваға еш қиындық туғызған жоқ. Әлемдік рейтингте 129-орында тұрған франциялық Леолия Жанжан жерлесімізге жарытып қарсылық көрсете алмады. 1 сағат 14 минутқа созылған бәсеке 6:2, 6:1 есебімен аяқталды. Енді ол Хулио Реарамен сайысқа түседі. Аргентинаның өкілі WTA тізімінде небәрі 552-орынды қанағат тұтқанымен, алғашқы айналымдарда Кристина Младенович (Франция) пен Маяр Шериф (Мысыр) секілді белгілі теннисшілерді ұтып, көпшілік назарын өзіне аударған еді.
Францияның Лион қаласында өтіп жатқан АТР-250 додасында Александр Недовесов пен мексикалық Мигель Анхель Рейес-Варела жұбы ширек финалда сүрінді. Олар АҚШ пен Ұлыбританияның өкілдері Раджив Рам мен Джо Солсбериге 4:6, 6:3, 7:6 есебімен жол берді.