Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) елордадағы Тұңғыш Президент мұражайында алдағы футбол маусымына арналған әртүрлі деңгейдегі ұлттық құрамалардың жаңа ойын жейдесін таныстырды. Футболшылардың спорттық жейдесін Италияның әйгілі «Errea Sport» компаниясы ұсынып отыр.
Іргетасы 1988 жылы қаланған «Errea Sport» брендімен былтыр УЕФА келісімшартқа отырып, ұлттық құрамалардың жаңа жейдесін дайындауға уағдаласқан еді. Сол келісім аясында аталған компания бүгінге дейін Кипр, Беларусь, Люксембург, Лихтенштейн, Мальта, Андорра, Фарер аралдары және Сан-Марино сияқты ұлттық құрамаларға жаңа жейде дайындап берген болатын.
ҚФФ мен УЕФА ұлттық құрамалардың жаңа футбол жейдесін дайындау мен қамтамасыз ету жөніндегі келісім бойынша енді «Errea Sport» Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа серіктесі атанып отыр. Бұған дейін біздің ұлттық құрама футболшылары жасыл алаңда «Adidas» бренді ұсынған жейдемен өнер көрсетіп келген-ді.
Бір айта кетерлігі, бұған дейін Қазақстан футбол федерациясы жейде жеткізумен айналысатын спорттық ұйымдардың тек өздері ұсынған өнімін ғана пайдаланып келген болса, «Errea Sport» компаниясына ұлттық құраманың жаңа жейдесінің дизайнын дайындауда отандық «Creon» компаниясы көмектесіп, жейденің қазақы нақышта жасалуына септігін тигізген. Яғни жейде мотивтерінен қазақы ою-өрнектерді кездестіруге болады. «Errea Sport» компаниясы ұлттық құрамаға үш ойын жейдесін ұсынды. Олар: үйдегі (сары түс), қонақтағы (көк) және қосымша (қара).
Қазақстан ұлттық құрамасы жаңа жейдемен алғашқы ойындарын маусым айында Сан-Марино және Солтүстік Ирландиямен өткізеді.