• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тұлға 25 Мамыр, 2023

Дәубаба – тарихи тұлға

997 рет
көрсетілді

Жазушы Шерхан Мұртаза «Иірсу – Ақсу-Жабағылы қорығының солтүстік-шығыс қақпасы» деп жазды. Ал Дәубаба болса – осы қорықтың оңтүстік-батыс қақпасы.

Дәубаба – Түлкібас ауданының оң­түс­­тігін алып жатқан Алатаудың бір тармағы, табиғаты ғажап өңір. Бұл ай­мақта болған көптеген саяхатшының, та­биғатты зерттеушілердің, геологтердің, шы­ғыстанушылардың еңбектерінде Дәу­ба­ба аты аталынады, алайда бұл атаудың мән-мағынасы, этимологиясы, шығу те­гі­не қатысты мәлімет айтылмайды...

Шерхан Мұртаза «Қызыл жебе» ро­ма­­нының бірінші кітабының көптеген бе­тінде Ақсу-Жабағылыға, Дәу-Бабаға (Шерағаң осылай жазады) қайта-қай­та­ оралып, сұлу табиғатын төндіре су­рет­­тейді. Бірде «Түн жамылған Дәу-Баба жарықтық жалғыз-жарым адамға қор­қы­нышты-ақ» (132-б.) деп суреттесе, кітап­тың­ келесі бір беттерінде «Дәу-Бабаның төбе­сінен бір жұлдыз аққан бойда ағып­ отырып күншығыс-терістіктегі Құлан­ның үстіне барып құлады» (163-б.) деп си­пат­тайды. Жазушы Дәу-Баба деп сы­зық­­ша қойып әдейі бөліп жазады, неге дей­сіз бе? Дәу-Бабаның тарихи тұлға, әулие кісі­ екенін анық білгендіктен айыра бөле жа­з­­ып отыр. Әулие кісі болғандықтан ба­ба аталып, атауға айналып, тарихи санамыз бен жадымызда сақталып қалған атау екенін жазушы интуициясы қатесіз сезеді, сондықтан Дәу-Баба жарықтық деп те баяндайды, бұл кездейсоқ емес қой?

Дәубабаға байланысты ел ішінде әулие, киелі кісі болған екен деген аңыз күні бүгінге дейін айтылады. Ел-жұрт киелі бабамыз деп Дәубаба тауының шатқалында жатқан әулиенің басына барып, зиярат етіп отырады. Алайда Дәубабаның, шын мәнінде, кім болғаны, қай ғасырда ғұмыр кешкені жөнінде бұрын нақты мәлімет болмағандықтан бізге белгісіз болып келгені мәлім.

Дәубабаға байланысты тарихшылар, тарихи деректер не дейді?

Түлкібас, Майлыкент өңіріндегі Талас Алатауы сілемдерінің бірін жер­гілікті халық Дәубаба тауы деп атайды. Осы Дәубаба тауының шатқалында ұлы бабамыздың көне зираты сақталынып қалған, басында бүгінде Орынтай деген шырақшысы бар.

Жер-су атаулары, сөз жоқ, бір заманда сол жерде өмір сүріп мекен еткен тайпа, ұлыстардың тарихымен де байланысты болып келеді, солардан қалған топонимика болуы да ықтимал. Біз осы атауға қатысты Қытай жазба деректеріне тоқталайық.

«Тарихи жазбалар. Дауан шежі­ре­сіндегі Жаң Чиан былай дейді: «һун­дер­ден естуімізге қарағанда, үйсіндердің ха­ны­ «Күнму» (Күнби) деп аталады екен. Күн­мудың әкесі (Нәнді би) һұндардың ба­тыс жағындағы шағын елді билеген. Осы­ кезде һұндар оларға шабуыл жасап,­ Күнмудың (Елжау бидің) әкесін өлтіреді».

Ал «Хан патшалығы тарихы. Жаң Чиан өмірбаяны» тарауында былай делінеді: «... Менің һұндардан естуімше, үйсіндердің ханы «Күнму» деп аталады екен. Күнмудың әкесі Нәнді би тегінде Чилан мен Дүнхуаң аралығындағы ұлы иозылармен қанаттас отырған кіші мемлекеттің билеушісі екен. Ұлы иозылар Нәнді биді өлтіріп, олардың жерін тартып алған, халқы босып һұн еліне барып паналаған... Жаңа туған нәресте бала Күнму иен далада қалады. Бұл баланы құстар ет тасып беріп, көкбөрі емізіп асырайды». Қытай жылнамасындағы Нәнді бидің өлтірілуіне байланысты екі түрлі пікір қайшылығына қатысты қытай елін­дегі қазақ тарихшылары Нәнді биді өл­тір­ген һұндар емес, иозылар деген тұ­жы­рым жасайды. Һұн тәңірқұты «Киелі бала» деп асырап алады, ержеткен соң елін жинап әкесінің орнына Күн­би етіп, билігін береді. («Қазақтың көне тарихы» Шыңжан баспасы, 1987; Алматы,­ 1993 64-б.; «Үйсін туралы зерттеу». Ав­то­­ры: Уаң Миңжы, Уаң Биңхуа. Қытай тілі­­нен аударған Н.Мұқаметханұлы. 2014, 13-б).

Қытай жазбаларында хатқа түскен осы дерек Т.Жұртбаевтың «Дулыға» (1-кітап, 1994, 274-300-б.), қытайтанушы профессор Н.Мұхаметханұлының «Үйсін мемлекеті» (Қазақ тарихынан, 2004 ж., 275-300-б.б.), Б.Байқошқарұлы, Қ.Сартқожаұлы «Үйсін хандығы», 2016, 63-64-б.) және 1893 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген, 2001 жылы Бішкекте қайта басылған «Усуни и кыргызы или кара-кыргызы» атты Н.А.Аристовтың еңбектерінде Қытай елшісі Жан Цяньнің императорға үйсіндер туралы жазған мәлімдемесінде баяндалған осы дерекке тоқталады. Үйсіндер жөнінде б.д.д. ІІ ғасырда қытай жазбаларында хатқа түскен ең алғашқы дерек болғандықтан үйсін туралы зерттеген ғалымдар бұл мәліметті айналып өтпеген. Н.А.Аристов болса Күнбиге байланысты, оның әкесі үйсін билеушісіне қатысты қытай елшісінің мәлі­метіне тоқталады, бірақ та Күнбидің де, оның әкесінің де аты-жөнін атап көр­сетпеген, себебі Н.Я.Бичуриннің (Иакинф) «Собрание сведений о наро­дах, обитавших в Средней Азии в древ­ние времена» деген еңбегінде Күн­би­дің (гуньмо) әкесінің, өзінің аты-жө­ні келтірілмеген дейді. Дегенмен Н.А.Аристов Күнбидің әкесі б.д.д. 177 жы­лы өлтірілген деп шамалаймыз деп жаза­ды (11-б.).

Ш.Уәлиханов «Предания и легенды Большой киргиз-кайсацкой орды» деген мақаласында ұлы жүз үйсіндердің түп атасы Төбей, одан Қойылды, Мекрен, Майқы және Қоғам. Қойылдырдан – Қатаған. Қоғам – Қаңлыларды түп атасы... Бәйдібектен – Албан, Суан, Дулат деп таратылатын шежірені келтіреді (Ч.Валиханов. Собрание сочинении в пяти томах. 1985. Т 1, стр. 274).

«Кейбір зерттеушілер: қазақ шежі­ре­сіндегі үйсіннің түп атасы Төбей (Ту­би яки Дуби) ерте замандағы ханзу­­ деректеріндегі үйсін елінің Нән Ду биі­ болуы ықтимал, деп топшылайды» («Қа­зақ­тың көне тарихы». А., 1993, 62-б.).

Дұрысы Нән Ду би емес, Дәу би болуға тиіс деп санаймыз. Сонда Дәу бидің (Нәнді би) Қытай жазбасында­ дәл­ қай жерде өлтірілгендігі анық ай­тыл­майды, жылнамадағы дерек һұн­дар­­дан естіген әңгіме деп баяндалады.­ Ал­ үйсіндердің жайлаған аумағы Қы­тай­ дерегінде баяндалған ауқымнан гео­графиялық аумағы әлдеқалай кең, Же­тісу жерін алып жатыр.

Сонда Дәу (Нәнді) би шамамен 177 жылы қайтыс болған. Ал оның қай жерде өлтірілгендігі жөнінде қытай елшісінің жазбасында нақты айтылмайды. Керісінше Елсау (қытай тарихшылары Елжау би деп жазады) биге қатысты деректер баршылық, себебі әкесінің орнына тақ мұрагері болып отырған Елсау би үйсін елін қуатты, айбарлы мемлекетке айналдырды, сондықтан Үйсін күнбиі ретінде оның қызметіне қатысты деректер жақсы хатталған. Ол Үйсін мемлекетін құрып күшейтті, өркендетті, Ұлы Күнби атанды. Күнби Күннен жаралған, құдіретті деген мағынаны білдіреді, рәміздік мәні бар титул.

Деректерде Үйсін мемлекетінің астанасы Ыстықкөлдің шығысындағы Шығу қаласы аталады. Белгілі археолог К.Ақышев қазба жұмыстары кезінде табылған археологиялық материалдық заттарды, жәдігерлерді зерттеп, б.д.д. V-VI ғасырлардан біздің жыл санауымыздың III-IV ғасырларына дейін Жетісу, Іле бойында сақ, үйсін тайпалары өмір сүріп, тіршілік еткенін дәлелдеп жазды.

Дәубаба көне атаулардың бірі әрі оның тарихы біздің жыл санауымызға дейінгі ғасырлар қойнауына қарай жетелей жөнеледі. Сонымен Дәубабаға қатысты дерек 1993 жылы «Жалын» баспасынан шыққан Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітабында келтірілген екен. Матай шежіресін негізге алған Қазыбек бек шежірені былайша тарқатады: «Қадыр, Қалша; Қадырдан – Алаш, одан Жайыл, одан Қазақ, одан Жұман, Тұман; Жұманнан – Арыс (Анарыс), Сабыр; Арыстан – Ақ, Пан, Жан, Бол, Бек, Бал; Ақтан – Кейкі, одан Төбей, одан Бақтияр, одан Қотан, Қора, Болат, Алшын; Қотаннан – Үйсін, Байсын, Исін; Үйсіннен – Бай, Нақ; Байдан – Шора, Ырза; Шорадан – Қарнақ, Алым; Қарнақтан – Есен, Жарбол; Есеннен – Асау, Берік; Асаудан – Жүз, Дүз, Еркіл, Көркіл, Төрен; Жүзден – Дәу, Жантай (б.д.д. 300 жылдары туған); Дәуден – Елсау. Елсау бабамыз Арыстың 13-ұрпағы; Елсаудан – Нулы, Дулы, Ерте, Кек, Бер, Көнбіс, Шор, Келте, Дүр, Көлби; Нулыдан Абыл тарайды. Ал Дәу бабамыз Арыстың 12-ұрпағы. Ал Бәйдібек би Арыстың 40-ұрпағы. Ал Абылдың Бәйдібек би Қарашаұлы 25-ұрпағы болып табылады. Әр ұрпақтың арасы шамамен 25-30 жыл деп есептейтін болсақ, арасы 625 жылдай болмақ. Дәу Арыстың 13-ұрпағы саналады, сонда Арыс пен Дәудің аралығында 325 жыл жатыр. Бәйдібек Қарашаұлы 609 жылы туған. Онда ол Арыстың 40-ұрпағы болады. Арыс пен Бәйдібек бидің арасы 1000 жыл немесе Х ғасыр. Бәйдібек би Дәудің 28-ұрпағы, аралығында орта есеппен 700 жыл жатыр.

Академик Ә.Марғұлан: «Жетісу тай­­­па­ларындағы жазба әдебиет дәстүрі ер­те,­ VII ғасырда көріне бастады, жұрт қо­лында әрқашан бірнеше дана тарихи­ жаз­балар болды, нақыл кітаптарын қал­дырып отырды, сөйтіп, әдеби білім үз­дік­сіз жалғаса берді» деп жазады. Бұл жаз­балар үйсін жазуымен жазылған болатын. Т.Досанов «Этюды по памятникам письменности древних усуней» (2002) деген еңбегінде ғылымда белгілі Талас, сондай-ақ 1969 жылы Есік қорғанынан табылған «Алтын киімді адамның» мәйітінің жанынан табылған күміс тостағандағы жазуды оқып, түркологтердің жіберген қателіктерін дәлелдеп, бұл жазу біздің заманымызға дейінгі V ғасырдағы үйсін жазуы деген қорытынды жасайды. Оны теріске шығарған ешкім болмады. Үйсін Арыс бабамыздың 6-ұрпағы деп есептелінеді. Үйсін де кезінде ел билеп, мемлекет құрған тарихи тұлға. Дәу де үйсін еліне билік жүргізген, көршілес елдермен, әсіресе, қытаймен қарым-қатынас жасап, қыз алып, қыз беріскен, елінің іргесін нығайтуда сыртқы саясатты мықтап жүргізген қаған. Сонымен Дәу Ата шежірелік дерек бойынша ел басқарған тұлға. Ал оның өмір сүрген кезеңі б.д.д. ІІІ ғасырының шамасы болады дедік.

Дәудің азан шақырып қойған аты Азан екен, денесі өте ірі, алпамса тұлғалы болғандықтан Дәу (Нән ) аталыпты. Дәу жастайынан ел билеген, үйсін елінің белгілі, беделді билеушісі ретінде танылған. Билікке таласудың салдарынан ағайын арасы ала болып, жат жұрт емес, тұтқиылдан шабуыл жасаған өз туыстарының қоршауын бұзып, сарбаздарымен қаша ұрыс салып Дәу бабамыз шегіне-шегіне қазіргі Түркістан облысы, Түлкібас ауданында жатқан Талас Алатауының шатқалды аңғарына дейін жетеді. Қасындағы бірге шайқасқан жасақтары да көп дұшпанның оғына ұшады, Дәу де ауыр жарақаттанып қаза табады, сүйегі тау аңғарына, таудың етегіне қойылады. Дәу үйсін елінің билеушісі болғандықтан би де болған, әділ билік жүргізген. Ол жөнінде ғалым Н.Төреқұл «Билер сөзі – ақылдың көзі» деген кітабында: «Елсау би туралы баяндай келе, оның әкесі Нәнди би болған» деп жазады (7-б.). Қазақ «Іштен шыққан жау жаман» деген. Іштен шыққан жаудың құрбаны болған кісі осы Дәу би бабамыз. Ол әрі билеуші, әрі батыр, әрі би болған: б.д.д. ІІІ ғасырлар шамасында өмір сүрген кісі. Ол кісіні жұрт әулие кісі, әулие баба, оның сүйегі жатқан аймақ киелі аймақ аталып кеткен. Біртіндеп Алатаудың, яғни Шымбас тауының бір сілемі осы кісінің атымен Дәубаба тауы, өзені – Дәубаба өзені, ал өңірді – Дәубаба өңірі, Дәубаба елді мекені деп аталып, географиялық атауға айналды.

Дәудің (Нәнди) ұлы Елсау (Елжау), қытай жазбаларында Күнби аталған. Әкесінен жастай жетім қалған Елсау ер жетіп, еліне қайта ие болады. Бұл кезде де ел арасындағы бүліншіліктен Бақтиярдың екі-үш ауылы Иранға өтіп, сол жақта қалып қояды. Бұл кезеңде Елсау бидің елі Іленің бойын, Көкше теңіз (Балқаш), Лабасының (Алатау) етегін, ұлан-байтақ жерді иеленіп, жайлап жатады. Елсаудың бәйбішесі Ұмай ана болатын. Ол қасиетті ана атанған, он үш құрсақ көтерген. Елсау бес әйелінен 23 бала көріпті. Ең үлкенінің аты – Нулы. Одан кейін ел билеген баласы – Дулы болады. Түрік қағанатын билеген Естемі қаған осы Дулының ұрпағы. Дулы ұрпақтары тарихта аса зор рөл атқарған, Болғария мемлекетін құрған Дулы хан Аспарух болатын. Дулылар кейін дулаттармен араласып, дулат болып кеткен.

Нулы 22 жасында ерте дүние салады. Одан Абыл, Албан (арғы албан), Азық, Санжар атты төрт бала қалған. Елсау ұзақ жасап, жасы сексенге таяп барып қайтыс болыпты. Елсау би заманында Арқас (Тянь-Шань) тау жүйесінің бір тізбегі Алатау жергілікті жерлерде Шымбас (Шымкент), Талас, Лабас (Іле басы), Арқас, Шуас, Теріскес, Күнгес тау­лары деп аталынған, бүгіндегі Жоңғар Алатауы деген ұғым да жоқ еді.

Нулының мәйіті Есік қорымынан 1969 жылы табылды. «Алтын киімді адам» аталынған ханзада алтын әшекейлермен жерленген, оның мәйітінен «жануарлар стилінде» жасалған түрлі алтын бұйымдармен қатар, жазу жазылған күміс тостаған табылған. Ол Дәудің немересі еді. «Алтын адам» дү­ние жү­зін­де ең сирек кездесетін архео­ло­гия­лық­ құндылық. Мәйіттің жанынан та­был­ған күміс тостағандағы жазуды фи­лология ғылымдарының докторы А.Аманжолов, ақын О.Сүлейменов, түр­колог А.Махмұдов, Т.Досанов, т.б. ғалымдар зерттеп, талдап оқыды. Үйсін­де­рдің жерлеу ғұрыптарына байланысты Қы­тай археолог ғалымдарының зерттеу жұ­мыстарынан деректер келтіре кетейік.

«Моңғүлкүре ауданындағы Мұзат тауы аузынан (Шаты деп те аталады) 60-жылдардың басында біз ілгерінді-кейінді екі жыл ішінде үйсін қабірінен недәуір үлкен біреуін аштық... Бұл қабірдің үйінді топырағы дөңгелек төмпешік іспетті, алыстан қарағанда, шынында төбе тәрізденіп көрінеді. Түбінің айналмасы 200 метрден артық, биіктігі 10 метр, қабір төмпешігінің айналасын қоршаған таяз арық (мор) бар. Мөлшерлеп есептеуімізше, үйілген топырақтың көлемі 10 мың текше метр келеді. Оның үстіне, үйілген топырақ тегінде шетінен шыңдалып түйілген. Осындай алып үймені қазу, тасу, үю, бірте-бірте түйіп шығу секілді еңбек барысына талдау жасасақ, оған 30 мың шамасында жұмыс күні кетеді екен... Дәу төбе боп топырақ үйілген ұраның ортасында тік төрт бұрыш ақым бар, ақымның ұзындығы – 6 метр, ені – 4 метр, тереңдігі – 4 метр, көлемі 100 текше метрге жуық. Осындай ақым шығару үшін топырақ қазуға 200-ден артық жұмыс күні кетеді (мұндай ордан топырақ шығару қиын болғандықтан оған көп күш жұмсалады). Ақымның төрт қабырғасы диаметрі 20-30 см келетін қарағайлардан қиюластырып қаланған. Төбесі 3-4 қабат ағашпен жабылған. Долбарлап көргенде оған 50 текше метр ағаш қолданылған. Осындай көп ағашты кесіп, тасып әкелу жұмысын жүздеген жұмыс күнінсіз жасау мүмкін емес». Уаң Биңхуа мен Уаң Миңжы «Үйсін туралы зерттеуінен» (37-б.)­ үйсіндердің жерлеу әдет-ғұрып­тары туралы осындай аса құнды деректеріне тоқталған Т.Жұртбаевтың осы арада Кемел Ақышевтың Есік қорғанынан қазған «Алтын киімді ханзадасы» Ұлы Күнбидің (Елжау бидің) ұлы емес пе деген ой ұшығы қалт ете қалады» (292-б)­ деп жазуының тарихи логикалық қисыны бар. Ханзаданың жас мөлшері де, жерлену салтанаты да, ғұрпы да­­ айрықша. Одан әрі Т.Жұртбаев: «Демек біздің «Алтын киімді адамды» Күнбидің сүйікті баласы ретінде елестетуіміз онша «қиялилық» емес екен» деп ойын жалғастырып тұжырымдайды. «Дулыға» 80-жылдары жазылып, қолжазбасы бас­пада жатып қалып, 1994 жылы «Жалын» баспасынан жарық көрген.

Сонымен қытай елшісі Чжан Цяньның жазбасында аты айтылатын Нәнді бидің Дәубиге, бабаға тікелей қатыстылығы деректік тұрғыдан да, кезеңдік тұрғыдан да сәйкестілігі қайшылық туғызбайды. Дәубаба ІІІ ғасырда өмір сүрген тұлға болып шығады.

Қытайдың жазба мұраларында ай­ты­­­латын Елсау бидің әкесі қытай дерегіндегі Нәнді би деп аталған кісі – Дәубабаның нақ өзі, мәліметтер осыған меңзейді. Дәу (Нән) аты қытайша Нәнді би болып кеткен. Дәубаба тарихта болған үйсін елінің билеушісі, әрі баты­ры, әрі әулиесі саналған ұлы тарихи тұлға ретінде қаралуға тиіс. Сөз жоқ, Дәубаба – тарихи тұлға.

Тасада қалмас тарихи тұлға, киелі жердің бірі – бүгінгі Түркістан облысы, Түлкібас ауданы аумағындағы жатқан б.д.д. ІІІ ғасырда өмір сүрген Дәубаба қаған әрі әулие кісінің есімі және де ол кісінің атымен аталып ғасырлар бойы ел есінде сақталып келді. Дәубаба есімі еліміздің киелі жерлер тізіміне енсе, тарихымызды бірнеше ғасырға апарып, толықтыра түсері сөзсіз.

Сайрам-Өгем мемле­кет­тік табиғи паркі (бағы) Дәубаба аң­ға­рында жатқан мәйітінің үстіне 1992 жылы Жомарт Төреұлы есімді ин­же­нер­-құрылысшы кесене тұрғызып, қорым­ды айналдыра темір шарбақпен қор­ша­тыпты. Зиярат етіп келушілер үшін дем­ алып отыратын шағын үйді де осы азамат салған екен.

Түркістан облысының әкімдігі Дәу­бабаны киелі жерлер тізіміне енгізу мәселесін нақты шешкені жөн. Себе­бі болашақта Дәубаба – туристік ай­мақ­қа айналатын бірегей өңір.

P.S. Патшалық Ресей Оңтүстік Қазақ­станды жаулап алғаннан кейін, байырғы ел­ді мекендер, жер, су атаулары жаппай­ өзгерт­іп, отаршылдық топонимика­ қап­­тады. Ежелгі Дәубаба атауы да Сес­ла­вино болып өзгеріске ұшырады. Күні бү­гінге дейін бұл отарлық атау өзгермей келеді. Президентіміз тапсырған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Дәубабаның байырғы атауын қалпына келтіру туралы тұрғындар пікірін аяқсыз қалдырмайды деп сенеміз. Тұрғындардың ұсынысы – Сеславино деген отаршылдық атауын жойып, ежелгі Дәубаба тарихи атауын қалпына келтіру.

 

Мұхтар ҚАЗЫБЕК,

жазушы