• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Құқық 26 Мамыр, 2023

Прокурордың міндеті – айыптау емес

479 рет
көрсетілді

Бас прокуратурада мемлекеттік айыптаушылар форумы ашылды. Іс-шараға Бас прокурор Берік Асылов, Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Ержан Жиенбаев, Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев, Конституциялық сот, республикалық адвокаттар алқасының өкілдері, заңгер ғалымдар және аймақтардағы прокуратура қызметкерлері қатысты.

Форумды ашқан Бас прокурор Берік Асылов Мемлекет басшысының прокуратура органдарына қылмыстық про­цестегі заңдылықты қамта­масыз етуде ерекше жауап­кершілік жүктелетіні туралы тапсырмасын атап өтті. Сон­дай-ақ бұл іс-шара сот про­цесінде мемлекет мүддесінің функциясын тиімді жүзеге асыратын, жоғары білік­ті, тәжірибелі прокурорларды дайындаудың тетіктерін әзір­леуге арналып отырғанын айтты.

– Бүгінде мемлекеттік айып­таушылардың азаматтардың құқын қорғаушы ретіндегі рөліне ерекше назар аударылып келеді. Прокурорлар тек айыптау ұстанымында болмауы қажет. Олардың негізгі мақсаты – сотқа күдіктінің кінәлі немесе кінәсіз екендігін анықтауға көмек беру. Мем­лекеттік айыптаушы сотта әділ, объективті және бейтарап болуға міндетті, – деді ол.

Президент Әкімшілігі жете­кшісінің орынбасары Ер­жан Жиенбаев, Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерға­лиев және басқа да форум­ға қатысушылар сөз алып, көтеріліп отырған тақырып аясында өз пікірлерін ортаға салды.

– Мемлекеттік айыптау – қылмыстық сот ісін жүргізуде заң үстемдігін қамтамасыз ету­дің бір элементі. Мем­лекет басшысы тапсырмасына сәйкес, әділдік мен бәсе­ке­лестікті қамтамасыз ететін қылмыстық сот ісін жүргізудің оңтайлы моделін айқындау бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп келеді. Соның арқасында соңғы жылдары бұл салада елеулі өзгерістер бар. Қылмыстық процестің үш буын­ды моделі енгізіліп жатыр. Соған сәйкес барлық негізгі процессуалдық шешімдер прокурорлық сүзгі арқылы өтеді, – деді Ержан Жиенбаев.

Қылмыстық процестегі тараптардың бәсекеге қабілет­тілігін арттыру проблемалары, алқа билер соты институтын кеңейту және қылмыстық сот өндірісіндегі өзекті мәселелер бойынша соттар, адвокаттар, заңгерлер және прокурор­лар баяндама жасады. Форум қоры­тындысы бойынша мем­лекеттік айыптаудың сапасын және тиімділігін арттырудың ұсыныстары дайындалды.

Іс-шараның екінші күні Құқық қорғау органдары академиясында арнайы шақы­рылған қонақтар үшін тренингтер мен дәрістер өтеді.