Ашық НҚА порталында жарияланған Қаржы министрінің бұйрығының жобасына сәйкес, Қазақстанда Tax free пилоттық жобасының географиялық ауқымын кеңейту жоспарлануда, деп хабарлайды Egemen.kz.
Атап айтқанда, бұл пилоттық жобаға Алматы, Астана, Түркістан қалаларымен қатар Шымкент қаласы да қосылады. Бұл өзгеріс Шымкент қаласында шетелдік және ішкі туристер санын көбейту мақсатында енгізілгелі отыр.
Сонымен қатар 2023 жылғы 1 шілдеде аяқталуы тиіс пилоттық жоба мерзімі енді 2024 жылдың соңына дейін ұзартылды.
Tax free пилоттық жобасы 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін енгізіліп, кейін бір жыл мерзімге ұзартылған болатын. Оның аясында жобаға қатысатын қалаларға келген шетелдік турист сомасы 20 айлық есептік көрсеткіштен кем емес тауарды сатып алып, ЕАЭО аумағынан тыс жерге әкеткен жағдайда, оның қосымша құн салығы өтеледі. Өтемақыны алу үшін турист кедендік бекеттке Tax free чегін көрсетуі тиіс.
Құжат жобасын жария талқылау мерзімі – 8 маусымға дейін.