• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Шілде, 2014

Екінші кезеңді жеңіспен бастады

293 рет
көрсетілді

Осы күндері Еуропаның көк майса алаңдарында Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінің ойындары өтуде. Бұл сынға еліміздің былтырғы чемпионы «Ақтөбе», Алматының «Қайрат», Қарағандының «Шахтер» және «Астана» клубтары қатысуда. Сәрсенбі күні «Ақтөбе» Чем­пиондар лигасындағы жарысын екінші кезеңнен бастап, сырт алаңда Грузияның «Динамо» (Тбилиси) командасын 1:0 есебімен ұтты.  Жеребе кешегі Кеңес Одағы кезінде атағы дүркіреген Тбилисидің «Динамосымен» түйістіргенде «Ақтөбенің» жеңетініне біраз күмәнданған болатынбыз. Өйткені, ел чемпионатында ақтө­беліктер «Қайраттан» 1:7 есебімен ұтылып, оның үстіне командаға жаңа жаттықтырушы келген болатын.  Бірақ, бекер күмәнданған екенбіз. «Ақтөбе» сырт алаңда шынымен де жақсы ойын өрнегін көрсетті. Бұл кездесуде қазақстандық команда қорғанысқа баса мән беріп, дұрыс тактиканы ұстанды. Соның нәтижесінде ойын бойы болған аз ғана мүмкіндіктің біреуін ұтымды пайдаланып, жеңіске жетті. Матчтағы жалғыз допты екінші таймда бразилиялық легионер Данило Неко соқты. «Ақтөбе» сырт алаңда маңызды үш ұпайды әкетті. Енді келесі кездесу 23 шілде күні Ақтөбеде өтеді. Егер осы ойында «Динамодан» өтсе, үшінші кезеңде «Ақтөбе» Румынияның «Стяуа» командасымен кездеседі. Бейсенбі күні «Астана», «Қайрат» және «Шахтер» клубтары Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчтарын өткізді. Естеріңізде болса, бірінші електік  кезеңде «Астана» Арменияның «Пюник», «Шахтер» Арменияның «Ширак», «Қайрат» Албанияның «Кукес» командаларын ұтып, келесі айналымға шыққан болатын. Бұл жолы біздің клубтар ішінде «Астана» ғана алғашқы матчын сәтті өткізді. «Астана» өз алаңындағы ойынын жеңіспен бастап, Израильдің «Хапоэль» клубын 3:0 есебімен ұтты. Бұл кездесуде «Астананың» сапында Каньяс пенальтиден бірінші болып есеп ашса, соңын ала Таңат Нөсербаев пен Абзал Бейсебеков бір-бір голдың авторы атанды. Осылардың ішінде жанкүйерлерге Таңаттың екінші таймда соққан голы ұнағанын айту керек. Осыдан кейін «Астананың» сапында Абзал Бейсебеков те әдемі гол соқты. Енді келесі матч 24 шілде күні Израильдегі саяси жағдайға байланыс­ты Кипрде өтеді делінуде. Ал «Қайрат» Еуропа лигасының екінші іріктеу сатысындағы алғашқы матчында Даниялық «Эсбьерг» клубымен 1:1 есебімен тең түсті. Даниялық команда   осал емес екен. «Қайрат» осы жолы да  өз алаңында жеңуге тырысып еді, бірақ оған тәжірибелі ойыншылары бар «Эсбьерг» көнген жоқ.  Тіпті, керісінше, даттар Алматыға тек жеңіс үшін ғана келгендерін көрсетіп, бірнеше қауіпті жағдайлар жасап отырды. Бірінші таймды осылай қарсыластар есеп аша алмай аяқтады. Ал екінші таймның басында Бауыржан Исламханның тепкен добы дат қорғаушысының қолына тиіп, төреші пенальти берді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Йосип Кнежевич 11 метрлік пенальтиден доп соқты.  Бұдан кейін «Эсбьерг» шаб­уылын күшейтіп, ойын соңында өз дегендеріне жетті. Кездесудің негізгі уақыты бітіп, қосымша берілген  минуттарда есепті теңестіріп кетті. Енді «Қайратқа» сырт алаңда оңай болмайды. «Шахтер» клубы да Еуропа лигасының екінші електік сатысындағы бірінші матчында тең түсті. Бірақ олар өз алаңында емес, Литвада «Атлантас» командасымен кездесіп,  0:0 есебімен тең тарқасты. Бұл ойында «Шахтер» басымдық танытты. Алаң иелерінің де гол соғуға мүмкіндіктері болды. Соның бірі Қарағанды клубының қақпасының бағанасына тиіп, кері қайтты.  Осыдан кейін «Шахтер» тізгінді алуға тырысып, көп шабуылдап, қақпаға қарай көп соққы бағыттады. Соның бірінде қарағандылықтардың бір соққысы да қақпа бағанынан қайтты. Енді «Шахтер» келесі матчын 24 шілде күні өз алаңында өткізеді. Осы кездесуде отандастарымыз жеңеді деп үміттенеміз. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан».