Жапондарда сакура гүлдеген шақ – ұлы той. Мемлекеттік маңызы бар мереке, ұлттық мейрам. Сол үшін саяхатшылар жан-жақтан мыңдап ағылады. Шие талы сакураның бүршік жарғанын, гүлдегенін керемет көріп қызықтайды, ақырында наурыз айының ішіндегі бірер апта арасында сакураның гүлі ұшып жоғалады.
Біздің қазақ даласындағы тобылғы да сондай. Сәуірдің соңында тобылғы бүр жарады. Мұны ескі қазақтар жақсы білген, тіпті ертеректе атап өткен болуы да мүмкін. Себебі тобылғыжарған бізде амал аты. Сәуірдің соңына таман бірер күн суық жел соғып өткен соң, тобылғы бүршік жарады. Қазақ даласында бүр жармақ гүлдің бәріне тобылғы жол ашады. Әйтпесе қазақ амал атын тобылғыжарған қоя ма? Тобылғыжарғаннан соң мамырдың басында тобылғы гүлдейді. Оның қасында сакураң адырам қалсын.
Біз көрген Арқа даласының қойын-қонышына біткен тобылғының ақсары гүлдерінің бояуынан күн нұры тайғанақтап, алтынның буындай шалқиды. Иісі күллі байтақты алып кетеді. Ұйқыдай қалың бітпесе де, шоқы-қыраттың қолтығында, бір беткейінде тұтасып тобылғы өскен жерлер гүлге тұнып, көздің жауын алғаны былай тұрсын, иісі жансарайыңды ашады.
Сіз тобылғының гүлін иіскеп көрдіңіз бе? Иіскемесеңіз, мамырдың алғашқы онкүндігінде далаға барып құмардан шығып қайтыңыз. О бәлкім, рас, жұмақтың лебі ме дерсіз. Тобылғының тастай қатты тәнін жарып өскен гүл алтынның ұсақтарындай қызғылықты ұшқын атып, нұрланып тұрады. Тек қана қазақ даласына тән мұндай құбылысты бірақ өзге түгілі, өзіміздің ел де біле бермейді. Көрсе де мәніне жете қоймайды. Сакураны малданған жапондардай ғибратланбайды. Жапон ақындарының сакура гүлдегенін жазбағаны кемде-кем, ол – анық. Тіпті қазақ ақындарының өзі жырлап кеткен сакураны. Бүгінде қазақ ақындарынан Кеңшіліктен кейін тобылғыны жырлаған ақындардан Ғалым Жайлыбайды білемін.
«Көктем дегенің
көгілдір арман,
Көгертер кез бұл
көңілді қалған.
Сәуірдің айы сәуле шашарда
Тобылғыжарған,
тобылғыжарған...
Қыратқа барсам
жолыма жақын,
Бұлаққа барсам
толып ағатын,
Тобылғыжарған
бүршік жармаса
Тобылғы сынды торығады ақын» деп басталатын өлең арнасы адам өмірі мен табиғаттың етенелігін сипаттап, сезіндіреді. Жырдың тал бойындағы сезімдер ақын болмысына туған топырағынан біткен түйсіктерден оянған сияқты. Тобылғыжарған бүршік жармаса, тобылғыдай торығатынын айта ма, әйтпесе.
Тамам ел білетін тобылғының түсі де тек біздің далаға тән, торы. Қоңырдан соң қазаққа келіңкірейтін бояудың өзгеше түрі. Мұндай түс сосын қазақ жылқысында бар. Қызыл тобылғы болады-ақ, бірақ сирек. Болған күнде шымқай қызыл емес, ойландыратын мұңға бейім, ал тобылғыдай торығу түсінгенге – ауыр сезім. Ол үшін жаңбыр жаумай қойған жылы күзге салым елмен бірге күңіренгендей жапырағынан айырылып, түнеріп кеткен торы тобылғының тұтыққан түрін көру керек... Тобылғыдай торықтырмасын Құдай.
Жапондардың сакурасын білмеймін, тобылғы тек қазақ даласына, сосын біздің Алтайдың арғы бетін мекендейтін моңғол топырағына ғана тән деседі. Мамырдың басында гүлдеп, соңына таманғы құралайда ұшып кетеді гүлі. Жұрттың байқамай да қалатыны содан шығар. Біз ғой керек қылмайтын, жапондар сакура гүлдеген осындай бірер аптада сұлулыққа көз суарып, көкірегін жұпарға толтырып, фестиваль ұйымдастырады. Біздің тобылғы сияқты сакура да аз уақыт гүлдеп, өмірдің өткінші екенін айғақтайды. Жапондардың Ханами дәстүрінің негізгі философиясы да сол – өмірдің өте шығары. Тобылғының да он-ақ күн гүлдегенін елемейтіндіктен, біз өмірдің де сондай өтпелілігіне мән бермейтін шығармыз.
Қазақ тобылғыны қамшыға сап қылады, күбі ыстап, қымызынан жұпарын сіміреді, тобылғының майымен теміретке сынды тері ауруларын емдейді, ет ыстайды, бастысы – тобылғы сапты қамшымен жын үркітеді. Жер бетінде суға батып кететін тастай қатты жалғыз ағаш – осы. Қазақ тегін киелі санамаған. Судың астынан алып шығып, майлы қабығын аршып, кептірмей-ақ тұтатса, жана береді тобылғы. Ұлы қазақ даласынан шетелге сатылатын, яғни алтынға айырбасталатын жалғыз сап та өзі. Ол туралы атақты «Бабырнамада» жазылады. Ат пен қамшының заманы ғой. Соған қарағанда, қамшыға сынбайтын және иілгіш жалғыз сап-ау, сірә. «Тобылғы сапты қамшы алып, тұмар мойын ат мінген» жыраулар жырында көп кездеседі. Осыншама қасиеті бола тұра қазақта тобылғыжарған мейрамы жоқ, есесіне Тобылғыжарған жыры бар. Дұрыс қой, әуелі аян ақынға түсуі керек шығар.
«Ұқтырған ерте туар
айларым –
Алағайларын, бұлағайларын,
Жанымда желген
желдірмелерім –
Мамырда өрген
Құралайларым...
Өтпелі дей ме өмірді жалған,
Көктем көгертер
көңілді қалған.
Толғатқан жанның
толайым күні –
Тобылғыжарған, тобылғыжарған», деп үндеу тастағандай ақын жаны. Тобылғы өскен даланың қасиеттері арқылы ауылда өскен қазақ баласына бәрін айтып тұр ақын. Ал осы шумақтарды өңге тілге аударса қабылдана ма, білмеймін... Ұлттың ерекшелігі, топырақтың құнары ғой жыр деген. Жапондар сакурасын тегін аспандатып отыр дейсіз бе? Қай топырақтың баласы болса, ол соның өскінімен тамырлас. Бір-бірінен жанға қуат алып, сонымен көктеп, өсіп-өркендейтін шығар-ау.
Қазір Арқада тобылғының гүлі ұшып кеткен де шығар...