ҚР ҰҒА құрметті мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, білікті ұстаз, Ашаршылық тақырыбының көрнекті зерттеушісі, марқұм Талас Омарбеков туралы өткен шақпен естелік мақала жазуға тура келіп тұр.
Ғалымның есімін алғаш рет 1990 жылдан бастап газет-журналдарда жарияланған мақалалары арқылы біле бастадық. 1991 жылы ол біздің университетке, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың КСРО тарихы кафедрасына доцент болып орналасты.
Көп уақыт өтпей Тәкеңмен жақын танысудың сәті түсті. Үзіліс кезінде факультеттің бір топ ұстазы фойеде Алаш тақырыбында пікір алысып тұрғанда жанымызға Тәкең де келіп қосылды. Сол кезде мен де Алаш атауына қатысты өз ойларымды ортаға салған едім. Әңгімеден соң Тәкең мені топтан оңаша алып шықты да, өзін таныстыра келіп, «Ақиқат» деген журналда тарих бөлімін басқаратынын жеткізді, іле жаңағы топта айтқан ойымды мақала түрінде әкеліп берсем, мақала өзіне ұнаса, онда оның бір сөзін де өзгертпей журналға шығарып беруге уәде етті. 1993-1994 жылдары 4-5 мақалам Тәкеңнің қолдауымен «Ақиқат» журналында жарық көрді. Арамызда жақсы сыйластық қатынас қалыптасты.
2001 жылы Талас Омарбеков Тарих факультетіндегі Ежелгі және ортағасырлар тарихы кафедрасына меңгеруші болып келді. Енді бір кафедрада жұмыс істейтіндіктен жақын бола түстік.
Оның қаламынан туған ғылыми, ғылыми-көпшілік, оқулық және оқу-әдістемелік еңбектердің жалпы саны 800-ден асады. Оның ішінде 30 монография мен 20 оқулық бар. Сонымен бірге профессор Т.Омарбековтің ғылыми жетекшілігімен 35 ғылым кандидаты, 7 ғылым докторы, 3 PhD (философия) докторы диссертацияларын қорғады.
Тәкеңнің негізгі зерттеу тақырыбы XX ғасырдың 20-30-жылдарындағы Қазақстандағы аграрлық өзгерістер, қазақ байларын тәркілеу, шаруаларды күштеп ұжымдастыру саясаты, осы саясатқа қарсы елде болған көтерілістер мен халық толқулары болатын. Ол тарихқа жаңаша көзқарасты қалыптастырушылардың бірі ретінде тыңға түрен салғандай, күрделі мәселені ұлттық тұрғыда қарастырды, одан оң нәтиже шығарып, қаншама мақала жазып ондаған шәкірт даярлап, ғылымдағы соқпағын даңғылға айналдыра білді. Т.Омарбеков – өз тақырыбы шеңберінде ғана емес, отандық тарих ғылымының ежелгі дәуірінен бүгінгі XXI ғасырдың алғашқы ширегіне дейінгі аралықтағы мәселелер бойынша да ой айтып, пікір білдірген ғалым. Оның ғылыми жұмыстарында ежелгі скифтер мен сақтар, ғұндар мен үйсіндер, көне түріктер, түргештер мен қарлұқтар, оғыздар мен қыпшақтар, Жошы ұлысы мен Шағатай ұлысы, Алтын Орда мен Ақ Орда, Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары, Әмір Темір мен Тоқтамыс хан, Едіге би мен сол замандағы Ұлы дала билеушілері, Қазақ хандығы мен қазақ хандары, XVII-XVIII ғасырлардағы қазақ батырлары мен билері, қазақ жүздері, қазақ шежіресі, қазақ халқының ру-тайпалары, олардың ұрандары мен таңбалары, Ресейдің Қазақстандағы отарлау саясаты мен оған қарсы көтерілістер, XIX ғасыр соңы мен XX ғасыр басындағы қоғамдық саяси өмір, XX ғасырдың бірінші жартысындағы мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қызметтері сияқты өзекті тақырыптар қамтылды. Сонымен қатар профессор Т.Омарбеков – тарих ғылымының құрамдас бөлігі саналатын тарихнама мен деректану салалары бойынша да нәтижелі ғылыми ізденістер жүргізіп, мақалалар жариялаған, шәкірттер даярлаған ұстаз-ғалым.
1967-1971 жылдары аралығында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогика институтының тарих факультетінде оқыған бес жылы Тәкеңді бір жағынан тарих пәнінің мұғалімі етіп шығарса, екінші жағынан болашақ зерттеуші етіп те даярлады. Оның алғашқы мақалалары еңбек жолының екінші жылы-ақ жариялана бастаған екен. 1971 жылы ЖОО-ны аяқтаған ол, өзінің туған өңіріндегі мектептің бірінде мұғалім болып бастаса, келесі оқу жылында республикалық «Қазақстан мектебі» журналында әдістемелік сипаттағы алғашқы мақаласы жарияланады. Ал 1975 жылға дейін Жамбыл облысының Жуалы, Байзақ (бұрынғы Свердлов ауданы) аудандарындағы орта мектептерде тарих пәнінің мұғалімі болып жүрген Талас Омарбековтің «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», «Еңбек туы», «Білім және еңбек», «Село жаңалығы» атты республикалық, облыстық газет-журналдарда ғылыми, ғылыми-танымдық, тәрбиелік, әдістемелік сипаттардағы 20-ға жуық мақаласы жарияланады. Олардың ішінде 1974 жылы «Білім және еңбек» журналында жарияланған «Оқын ба, әлде..» атты мақаласы сол кездегі белгілі археолог, Есік қорғанынан табылған «Алтын адамды» әлемге ғалым Кемал Ақышевтың оң пікірімен жарыққа шығады. Институт бітіріп, орта мектепте мұғалім болғанына 2-3 жыл ғана болған жас маманның 20-ға жуық мақала жариялауы таңқаларлық жағдай еді.
Жарияланып жатқан мақалалары мектеп мұғаліміне абырой әкеліп, қызметі де өседі. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болады. Тіпті сол кездегі аудан басшылығының көзіне ілінеді, болашақ мықты, қажетті кадр болады деген үмітпен олар Тәкеңді аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы етіп жұмысқа алады. Сол кезде оның жасы 27-де болатын. Егер Тәкең осы «сара жолмен» жүре бергенде 10 жылдың о жақ, бұ жағында аудан, тағы он жылдан кейін облыс не оқу министрлігінің басшысы болар ма еді. Бірақ Тәкең осындай даңғыл жолдан бас тартып, өмір жолының бағытын кенеттен басқа жаққа бұрады. Бұл туралы Тәкеңнің өзі оңаша бір әңгімесінде былай деп айтып еді: «Мен аз ғана уақыт ішінде аудандық партия комитетінің басшылық жүйесінде жүріп, көп нәрсені ішінен танып-біле бастадым. Ақ пен қараны қалай айыруды, шындық пен жалғанды қалай айтуды, қулық пен небір сұмдықты көрдім де, бәрінен бас тарттым. Ғылыммен айналысу керек деген ой мазалай берді де, бірнеше жыл бойы аспирантураға келе бердім. Ақыры, 1977 жылы жолым болып, Абай атындағы ҚазПИ-дің аспирантурасына қабылдандым».
Талас Омарбековтің санасындағы күрт өзгерістерге 1985 жылы басталған қайта құру саясаты, жариялылыққа, демократияға бет бұру, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі, одан кейінгі КСРО-да болған өзгерістер қатты әсер етеді.
1989 жылы Қазақстан КП ОК жанындағы Партия тарихы институты сол тұстағы уақыт талабына сай өз саласының білгір маманы ретінде тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Талас Омарбековті аға ғылыми қызметкер етіп жұмысқа шақырады. Ол бұл мекемеде 1991 жылдың тамызына дейін, яғни партия тарихы институты жабылғанға дейін қызмет атқарады.
Осында жүріп аға ғылыми қызметкері Талас Омарбеков 1990 жылы 3 мамырда «Ана тілі» газетінде «Жүз тілдің планетасы ма, әлде...» атты мақала жариялап, алғаш рет Қазақстанның солтүстігіндегі бес облыстағы ауылдық және селолық советтердің орысша атауларын келтіре отырып, тың игерудің Қазақ еліне тигізген кері рухани ықпалы туралы айтады. Мақала соңын былайша аяқтайды: «Тың Қазақстанды орыстандыратын болды», дегені үшін Батыс ғалымдарына тістене жұдырық көрсетіп, оларды «әшкерелейтін» монографиялар мен диссертациялар жаздық. Енді, міне, қайта құру әкелген шындық пен жариялылық өзімізді әшкереледі. Болған жайды болды деп, бұрынғыдай бүркелемей, жариялап айтайық шындықты, тарихшы ағайындар. «Айтылмаса сөз өледі». Қазір айтылмаған сөз ешқашан айтылмас».
1990 жылы 9 тамызда Тәкең «Лениншіл жас» газетінде «Голощекин Қазақстанда» атты атышулы көлемді мақаласын жариялайды. Бұл мақаланың коммунистік партия мен оның басшылығына тигізер соққысы қандай ауыр болса, шындықты сүйер халық үшін тигізер пайдасы аса зор болды. Бұл мақалаға дейін Ф.И.Голощекин Қазақстанның партия және ірі мемлекет қайраткері ретінде бағаланып келсе, Талас Омарбеков оның Қазақстанда билік құрған жылдарын «қанды із» деп атап, қазақ халқына қарсы жасаған қылмыстарын жеке-жеке талдап көрсетеді. Оны автор саяси тоңмойын, сөзіне ісі кереғар, «сөзі олақ, ісі шолақ» деп бағалап, қазақ халқын аштыққа ұшыратып, 1 миллион 700 мыңдай адамның, яғни қазақ халқының 42 пайызының аштан өлуіне тікелей кінәлі деп есептейді. Сөйтіп, ол Голощекин туралы мынадай қорытынды жасайды: И.Ф.Голощекин «партиялық жұмыста күштеуге сүйенген әкімшіл-әміршіл әдістерді бірінші орынға қойды; Голощекиннің саяси қылмысы халық алдында өте ауыр; Голощекин ...Қазақстанда шаруаларға деген лениндік саясатты дөрекілікпен бұрмалағаны және соның салдарынан жазықсыз қара халықты жаппай қырғынға ұшыратқаны үшін КОКП қатарынан шығарылуы тиіс. Мұндай жендет тұлғаның коммунистік партия қатарында қалуы партия беделіне нұқсан келтіреді, оның тарихына көлеңке түсіреді».
Мақаланың жарыққа шыққан уақыты – 1990 жылдың тамыз айы. Коммунистік партияның биліктен айырылуына әлі бір жылдан аса уақыт бар. Орталықта партия билігі қатты шайқалып жатқанымен, Қазақстанда ол шайқалу қатты емес еді. Егер уақыт 1960-1980 жылдар аралығы болса, мұндай ойлары мен тұжырымдары үшін Т.Омарбековті Е.Бекмаханов секілді 25 жылға бас бостандығынан айырып жіберер еді. «Жыланды қанша кессең де кесірткелік күші бар» дегендей, компартия билігі әлі күшті болатын. Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институтының басшылығы Т.Омарбековке Голощекинге таққан тарихи айыбы мен артқан кінәсіне бейқам қарамайды. «Голощекин Қазақстанда» атты мақаласы үшін аға ғылыми қызметкер, коммунист Талас Омарбековті Партия тарихы институтының басшылығы мен институттағы бастауыш партия ұйымы партия жиналысына салып, жазалауды қолға алады. Біз ол жиналыс пен ондағы қаралған мәселелер туралы Тәкеңнің 70 жылдығына орай жарық көрген мақаламызда былай деп жазған едік: «Кезекті бір жарияланған мақалам үшін партия тарихы институтының партия ұйымының жиналысында менің мәселем арнайы қаралды. Шығып сөйлеушілер жан-жақтан мені сынға алып, мен туралы айтпаған сөздері қалмады. Мен үнсіз тыңдап қана отырдым. Соңында маған сөз беріп, олар менен «кешіріңдер, қателесіппін, екіншілей ондай саяси қателіктер жасалмайды» деген сияқты жауап күтті. Ал мен болсам, кешіріңдер, құрметті жолдастар. Мен жазып жүрген тарих – халықтың нағыз шынайы тарихы. Тарихты мен басқаша жаза алмаймын. Сендер мен туралы не десеңдер о деңдер, мен шындықты жазудан бас тартпаймын. Болашақта да дәл осылай жаза беремін!» деп жауап қаттым» деп еді. Сол кез үшін бұл жауап нағыз ерлікпен пара-пар болатын. Мұндай тұжырымы үшін ресми билік пен партияның аға буын өкілдері, тіпті тарихшылардың бір бөлігі, оның ішінде өзге ұлттың өкілдері мен аға буын тарихшылар Тәкеңді ұната қоймады.
Т.Омарбеков сөзінде тұрып, Отан тарихындағы «ақтаңдақ» тақырыптарды идеологиялық шаң-тозаңдардан тазалауға құлшына кірісіп, ғылыми зерттеу жұмыстарын одан әрі еселей түседі. 1990-1993 жылдардағы ғалымның газет-журнал беттеріндегі мақалаларына қарап, екі құбылысты аңғаруға болады. Бірі – тарихты жазудағы ескі теориялық ұстанымнан бас тартып, жаңаша көзқарастар мен таптық емес ұстанымды қолданысқа енгізу болса, екіншісі – Отан тарихын жаңаша көзқарас ұлттық мүдде тұрғысынан қарастыру. Тәкең мынадай мақалаларды жариялады: «Қазақтар шыбындай қырылып жатыр...», «Қателескен Ленин бе, жоқ әлде қазақ зиялылары ма?», «Голощекиннің Сталинге хаты», т.б.
Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғалымның өткен ғасырдың 20-30-жылдарындағы қазақ халқының қасіреті мен қайғысын ашып көрсеткен мақалалары барлық газеттерде жариялана бастады. «Қазақты «жаппай жазалау» да жалмады», «Қазақтар неге шыбындай қырылды?», «Отызыншы жылдардағы ойран» атты мақалаларындағы ащы шындықтар оқыған елдің көз жасына ерік бергізді, жас ұрпақ алдында коммунизмнің қандай жалмауыз екенін көрсетті деуге болады.
Жарияланған мақалаларының негізінде оның М.Қойгелдиевпен бірігіп жазған «Тарих тағылымы не дейді?», «Зобалаң» (күштеп ұжымдастыруға қарсылық, 1929-1931 жылдары болған халық наразылығы), «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті» атты монографиялары шығып, олар бірден халықтың іздеп жүріп оқитын кітаптарына айналды.
Талас Омарбековтің бұл мақалалары мен монографиялары, біріншіден, бұрынғы бұрмаланған тарихты шынайы түрде жазуға бетбұрыс болып, шынайы білімді қалыптастырса, екіншіден, отандық тарихқа деген жаңаша көзқарасты, жаңа теориялық ұстанымды үстем етеді. Зиялы қауым ғалымға «Қуғын мен аштық көрген миллиондаған қазақтың жоқтаушысы...» деп баға берді. Бұл Талас Омарбековке берілген халықтың жоғары бағасы дер едік.
Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында ғалым өз проблематикасы бойынша алдыңғы орындағы тарихшылардың біріне айналса, екінші онжылдықта ол позициясын сақтай отыра, яғни осы бағыттағы зерттеу жұмыстарын жүргізуді жалғастырды. Жаңа зерттеуі «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» атты ғылыми жоба еді. Әрі ауқымды, әрі күрделі ғылыми жобаны жүзеге асыру үшін демеушілер көмегіне сүйеніп, 2003 жылы «Алаш» тарихи зерттеу ғылыми орталығын ұйымдастырды да, оған өзі жетекшілік етті. Сол кезде біз де Тәкеңнің қасынан табылып, негізінен Отан тарихының ежелгі және ортағасырлардағы өзекті мәселелерін тарихымыздың асыл маржандарын түптері шексіз тұңғиық тереңдерден іздеуге кірістік. XX ғасыр басындағы Алаш зиялысы әрі қайраткері Мұхаметжан Тынышбаевтың «Қазақ халқының шығу тегін білу үшін оның құрамына енген әр ру-тайпаның тарихын зерттеу қажет» деген пікірін ту етіп ұстап, методологиялық негіз еттік. Алғашқы кезде ол жұмыстың қандай қиындық тудырғанын сөзбен айтып жеткізу қиын. Үздіксіз ізденістер ақыры нәтиже беріп, бұл жобаны да жүзеге асыра бастадық.
Т.Омарбековтің ғылыми басшылығымен 2003-2009 жылдары «Алаш» тарихи зерттеулер орталығының тарихшылары «Қазақ ру-тайпаларының тарихы» жобасын жүзеге асыру барысында 26 томнан тұратын еңбекті жарыққа шығарды. «Алашта» жұмыс істеу барысында Тәкең бір жағынан, барлық жұмысқа жауапты болса, екінші жағынан, әр тайпаның ежелгі дәуірдегі және ерте түрік кезеңіндегі тарихына қатысты мәселелерге жауапты болды, ол бөлімге өзі басшылық жасады. Бұл ең күрделі, күрмеуі мен түйіндері көп кезең болатын. Тәкең оны да шешудің көзін тауып, дұрыс жолға қоя білді. Көп ізденістердің нәтижесінде осы ғылыми орталықта бүгінгі күні қазақтың белгілі тайпалары – «Арғын», «Найман», «Дулат», «Жалайыр», «Тама», «Табын», «Қаңлы», «Қаракесек» тайпалық одағына енген алты тайпаның, т.б. тайпалардың тарихы монографиялық еңбектер түрінде жарық көріп, оқырман қолына жетті.
Тәкең, кезінде өзі айтқандай, 1990 жылға дейін қанша мақала жазса да еш қанағаттанбаған екен, өйткені ол жұмыстардағы теория мен ұстаным басқаша болатын. Ең бастысы, ол кезде жазылатын тарих шынайы емес-ті. Ал керісінше, өткен ғасырдың 90-жылдарындағы жұмыстардың әрқайсысынан ерекше ләззат алатын. Өйткені ол – тарих, Тәкеңше айтқанда, халықтың нағыз шынайы тарихы. Ғалымның арман еткен, ойындағы нағыз бақыты осы еді. Халықтың сүйіспеншілігін өзіне деген рухани қолдау ретінде сезініп, ол бар күшін осы қолдауды, сенімді ақтауға кіріседі.
Өткен ғасырдың 90-жылдары газет-журнал беттерінде жарық көрген Талас Омарбековтің әр мақаласының орны бар. Дегенмен оның ішінде бірнешеуінің орны ерекше. Алғашқысы – 1990 жылы жарық көрген «Голощекин Қазақстанда» атты мақаласы, келесісі – 1991 жылғы «Қазақтар шыбындай қырылып жатыр...» атты мақаласы мен оның жалғасы іспетті «Қазақстандағы 1929-1933 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалыстар» атты еңбегі. Бірінші мақалада Қазақстанды басқарған тұлғаның жауыз екенін дәлелдеп көрсетсе, екіншісінде 1929-1931 жылдары елімізде сталинизмге, күштеп ұжымдастыруға қарсы халық наразылықтарды терең талдайды. Осылайша, алпыс жыл бойы айтылмаған ақиқатты алғаш рет ғалым Талас Омарбеков айтты. Үшінші мақаласында әр өлкедегі халық наразылықтарының барысын, ондағы басшылар мен қосшылардың атын атап, түсін түстеп көрсеткенде, бүкіл Қазақстаннан, тіпті басқа республикалардан Тәкеңе деген құрметі артты. Оның есімін көтеріліске қатысқандардың ұрпақтары ерекше бағалады.
Өкінішке қарай, ғалым бүкіл әлемді жайлаған пандемиядан көз жұмды. Оның орны дәл бүгін ойсырап тұр. Біздің парыз – миллиондардың жоғын жоқтаған тұлға рухына лайықты құрмет көрсету. Т.Омарбековті халық жадында мәңгі сақтаудың бір жолы – оның есімін өзі бітірген және еңбек жолын бастаған Жамбыл облысының аудандарындағы орта мектептің біріне, сондай-ақ ғылыми мекемеге беру, Алматы қаласындағы өзі тұрған үйдің қабырғасына естелік-тақта орнату, қаладағы бір көшені тарихшы Т.Омарбековтің есімімен атау. Ғалым мұрасы ұлтпен бірге жасай береді.
Берекет КӘРІБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің профессоры,
ҰҒА академигі