Жолаушылардың жағдайын ойлаған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың еншілес кәсіпорыны – «Жолаушылар тасымалы» АҚ өзінің 2010-2020 жылдарға арналған пойыздарды кезең-кезеңмен толық жаңарту бағдарламасын жүзеге асыруды ыждағаттылықпен жалғастырып келеді. Оның айқын бір дәлелі, осы аптаның екінші күні жолға түскен Астана – Мәскеу жаңарған пойызы.
Судай жаңа 11 вагон тіркелген жолаушылар құрамы таңғы сағат 7:30-да 48 сағаттық сапар шегушілерді пойызға шақырып, 8 сағат 10 минутта Мәскеуді бетке алып жүріп кетті.
Пойыздағы орнына ерте бастан келіп жайғасқан жолаушыларды сөзге тартып, жаңа вагондардағы жағдай мен қолайлылық жөнінде сұрадық. Бәрі де бір ауыздан риза көңілдерін білдіріп жатыр. «Өмірлік жолдасым екеуміз, бұйыртса биыл 60 жасқа толғалы отырмыз. Негізі отағасы Ташкенттің теміржол институтын тәмамдаған. Сол студент кезінде Уфа қаласында еңбек тәжірибесінен өткен. Енді жастық шағымызды еске алайық және мына немеремізге бауырлас Башқұртстан елінің астанасын көрсете келейік деп жолға шықтық. Ал жаңарған пойыз туралы айтарым, бұл бізге анау айтқандай таңсық болмай тұр. Себебі, кеше ғана Атырудан елордаға дәл осындай су жаңа вагонда келдік. Тамаша. Айтып тауысуға сөз жетпейді. Шамалы дыбыс пен кейде сәл ғана шайқалғаны болмаса, жолаушыға керектің бәрі бар. Билеттің бағасы да көрсетіліп отырған қызметке әбден лайық деуге аузым барады. Әйткенмен, Ресейден кері қарай билет алғанда баға көтеріңкі екен. Біз елге қарай Мәскеу – Ташкент пойызына алған едік. Бағасының жолаушыларға көрсетілер қызметке қаншалықты лайықты екенін сапардан оралған соң айтармыз», деді Атырау университетінің ұстазы Зәуреш Құрмашова.
Жаңарып, ұзақ жолға түскелі тұрған пойызға сәт-сапар тілеуге саланың бірқатар мамандарын ілестірген Ермек Төлегенов те келіпті. «Бұйыртса осы жылдың соңына дейін 301 жаңа вагон алып, жолаушылар қызметіне ұсынамыз. Ал дәл қазір Астана – Бурабай арасында 3, Астана –Қарағанды арасында жаңарған 2 электрпойыз жүр. Олардың қызметі жолаушыларды толық қанағаттандырып жатыр. Оған қоса, осындай 52 жолаушы вагонын алуды биылға жоспарлағанбыз. Бүгінгі таңда оның 24-і әкелініп, жаңартылар құрамдарға тіркеліп тұр. Енді алдағы тамыз айының соңына дейін Мәскеуге қатынайтын 3 жолаушылар құрамын толығымен жаңарту жоспарда бар.
Бұлармен бірге, биыл тағы төрт бағытқа жаңарған, жылдамдығы жоғары төрт пойыз жібереміз деп отырмыз. Олар: Алматы – Защита, Алматы – Ақтөбе және Астана – Қызылорда мен Астана – Защита жылжымалы құрамдары. Мына жаңа пойызға қайта оралсам, мұнда жолаушыларға мүмкіндігінше жағдай қарастырылған. Әр купе мен плацкард вагондарда да ауа баптағыштар мен телевизорлар бар. Сондай-ақ, бұл вагондардың қызмет көрсету мерзімі бұрынғыларға қарағанда әлдеқайда ұзақ. Нақты айтқанда, 40 жыл бойы үзіліссіз қызмет істеуіне «Тверь вагонқұрылысы зауыты» ААҚ-тың берген кепілдігі бар. Бүгінде олардың арнайы мамандары келіп, жаңа пойызды бізбен бірге шығарып сала тұрып, өз жұмыстарының нәтижесін бақылап та жүр. Салада жасалып жатқан басқа игіліктер де ел назарында. Ал жаңарып, алыс жолға шыққалы отырған мына пойыз бен жолаушыларына ақ жол тілеп, «сапар сәтті болсын делік», деді акционерлік қоғам президенті.
Расында, барлық вагондар заманауи ауа баптау жүйесімен, «Жүгіртпе жол» ақпараттық тақтасымен, бейнемониторлармен, бейне-бақылау жүйесімен жабдықталған, штаб вагонында автоматты көтеру құрылғысы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы купе бар екен. Жаңа корпоративтік талаптарға сәйкес вагондарды қызмет көрсету жабдықтарымен қамту жұмыстары аясында пойыз құрамы жаңа төсек жабдықтарымен, матрастармен, жастықтар, жамылғыштармен, ыдыс-аяқтармен, жолаушылар үшін көрнекі ақпараттармен қамтылыпты. Вагонды аралап көргенде киім үтіктейтін орын мен жолаушыларға жасалған қолайлылықтар көз тартады.
Жолаушылардың жанын жадыратып, көңілін гүлдендірген пойызды тамашалай жүріп, оның басшысымен де таныстық. «Жан қалауымызды дөп басып, тілегімізді орындаған ұлттық компанияның жетекшілеріне алғысымыз мол. Пойызымыздың жаңаруына жағдай жасап, жұрттың қамын ойлаған басшыларға жолаушылардың да айтар алғысы мол болар. Себебі, мен өз купемде отырып-ақ бүкіл пойыз құрамын монитордан бақылаймын. Ал жолсеріктер өз вагонын назардан бір сәтке де таса қалдырмайды. Олар да мониторлы бақылаудың игілігін толық пайдаланады. Ал жолаушыларға жайлы орын, жаңа да жұмсақ төсек. Зеріксе теледидар тамашалап, ыстықтаса ауа баптағышты іске қосады. Жаны қаласа, душқа шомылып, бой сергітуіне де жағдай жасалған.
Жаңа президентіміз ауа баптағыштар жөнінде айтып өтті. Оған қосарым, вагонда автоматты түрде бір қалыпты климат сақталып тұрады. Сондай-ақ, жолсеріктер өзара еркін байланысуына, солармен бірге мен де қалаған вагонымның нөмірін теріп, керекті тапсырма беруіме мүмкіндік тудырылған. Осы жайлы вагондар әкелінгенде Астанаға Тверьдің вагоншылары келіп, бізге бірқатар дәрістер оқыды. Біліктілігімізді арттырдық. Вагондағы электронды ақпаратпен жұмыс істеуді, жолаушыларға жаңаша қызмет көрсету үлгілерін меңгердік. Енді өзім де, қарамағымдағы құрам қызметкерлері де халықаралық пойызда елімізді ұялтпаймыз деп ойлаймын. Заманауи үлгіде жабдықталған пойыздардың саны елімізде бұдан да көбейіп, ел мерейі таси берсін», деді жап-жаңа вагондар тіркелген пойыздың бастығы Гүлмира Марденова.
Астанадан Мәскеуге аттанған пойыз аптаның соңғы күні, жексенбіде елордаға қайта оралады.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».