Мемлекет басшысы Жетісуға келген сапарында туризм саласына қатысты мәселелерді тізбектей келіп, Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейіне арнайы тоқталған еді. Ескірген нысанның жөндеу көрмегеніне бірнеше жыл болған. Енді ұлы ғалым атындағы шаңырақ жаңғыртылып, кетеуі кеткен кесенесі жөнделеді.
Біз аталған музейдің жайына былтыр үңіліп, жөндеу жұмыстарын күтіп тұрғанын жазғанбыз. Жетісу облысының бюджеті биыл ғана бекіді. Енді құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 338 млн теңге қарастырылған. Кербұлақ ауданына жұмыс сапарымен барған өңір басшысы Бейбіт Исабаев тұрғындар мен музей қызметкерлеріне ғалымның ғимараты қайта түлейтінін айтып, ақжарма жаңалықпен бөлісті. Сондай-ақ осы нысандардағы жөндеу жұмыстарының қалай жүргізілетіні жөніндегі мәселені мердігер мекеме өкілдерімен талқылады
Көпке аян, қанша жыл өтсе де қазақтың аяулы перзентіне деген елдің құрметі азайған емес. Ежелгі дәуірмен еншілес еңбектерін терең тани түсуге деген құлшыныс қоғамда артпаса, кеміген жоқ. Былтыр ел Президенті Жетісу облысына келген сапарында «Біз Шоқанды әлемдік деңгейде дәріптеуіміз керек» деп, ұлылар жатқан тарихи орындарды ұрпаққа үнемі таныстыру керектігін айтқаны көптің назарын шоқантануға қайта бір мәрте аударды деуге болады. Содан бері мемориалды музейде қарбалас тіршілік басталып, мұражай жанындағы ғылыми-мәдени орталықты жөндеу жұмыстары қолға алынған.
Иә, 90-жылдардың тоқырауында қараусыз қалған ғимарат әбден тозып, қираудың алдында тұрды. Оған дейін Ш.Уәлиханов еңбегін зерделеуге келген ғалымдардың орналасуына мүмкіндік беретін қонақүй, конференция залы, асханасы жұмыс істеген нысанға қайтадан көңіл бөліне бастағанына ауыл тұрғындары дән риза.
Кербұлақ ауданында алдымен Шоқан жерленген жерге тоқтап, ғалымның рухына Құран бағыштаған облыс басшысы осы орынның маңайын, қоршауын ретке келтіру мен музейдің жөнделу жайы, ескерткіш реставрациясының қалай жүргізілетіні туралы «Қазреставрация» РМК мамандармен егжей-тегжейлі талқылады. Ағартушы ғалымның мүсінін реставрациялауда бұрынғы қалпы сақталатын болады және ескерткіш темір ілгектермен мықты етіп отырғызылады. Тас мүсіннің маңайы да жаңғыртылады. Осы орайда облыс басшысы ескерткіш айналасына бұрыннан төселген, әлі күнге сыны кетпеген қымбат әрі төзімді материалдарды бұзғаннан гөрі, солардың өзін тазалап, өңдеп ретке келтіру жағын да қарастыру керектігін ескертті.
Музейдің ішін де заман талабына сай жаңғырту қажет. Осы орайда сенсорлы лед экран қою мүмкіндігі қарастырылып, картиналарды тақырыптық үйлесімде ретке келтіру, жәдігерлерді сақтаудың барлық қажеттіліктерін қамту да ойластырылады. Қазір музейдің шағын кинозалы мәжіліс өткізілетін орын ретінде пайдаланылып отыр. Облыс басшысы бұл залды әрі кинозал, әрі мәжіліс залы ретінде қатар қолдана алатындай етіп жасақтау қажеттігін айтты. Өйткені туристерге Шоқанның өмірі мен еңбегі туралы бейнефильмдер көрсетудің де маңызы зор. Бейбіт Исабаев әсіресе музейдің жылу жүйесін ретке келтіруге баса назар аударуды тапсырды. Музей директорының айтуынша, нысан ішінде қыста температура +12 градустан аспайды.
«Шоқан музейі – әрі тарихи мұрамыз, әрі туристік жағынан тартымды нысан. Жөндеу жұмыстары жүргізілетін болғандықтан, бұл кешенді жан-жақты жаңғыртуға күш салуымыз керек. Қыста музейдің ішінде тұрақты температура болуы қажет, онсыз жәдігерлерді сақтау қиын. Сондықтан жылуды еден арқылы жіберудің мүмкіндігі қалай болады, сол жағын бірлесіп, қарастырып көрейік», деді Б.Исабаев.
Жалпы, музейге 2013 жылы күрделі жөндеу, 2019 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазір музей жанындағы бірнеше жыл қараусыз бос тұрған ғимарат өткен жылдан бері мәдени-ғылыми орталық ретінде қайта жаңғыртудан өткізіліп жатыр. Болашақта бұл нысан осы музейге қарасты ғылыми конференциялар, түрлі мазмұнды басқосулар өтетін рухани орда болады деп күтілуде..
Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Шанханай ауылы арқылы Ш.Уәлиханов кесенесіне дейінгі жолды орташа жөндеуге осы жылы бюджеттен 278 млн 674 мың теңге қаражат бөлініп, мердігер «Жетісужол құрылыс» ЖШС жөндеу жұмыстарын биылғы 15 сәуірде бастап кеткен.
Жетісу облысы